12 Ақпан 12:57

Шешенсінген Ассамблея тірі ме?

Фото:

Алатаудың баурайындағы ауылда болған, ел ішін алатайдай бүлдірген қантөгістен дүрліккен жұрт әншейінде көсемсіп, шешенсіп, «татулық пен келісім» туралы мантраны езулері көпіргенше қайталайтын Қазақстан халқы Ассамблеясы дейтін шалажансар ұйымның мүшелерін іздей бастады.

Ассамблея туралы сөз болғанда әйгілі актриса Фаина Раневская айтқан қанатты сөз есіме түсті.

Бірде Раневскаяға таныстарының бірі: «Сіз «жо...а» деген сөзді жиі қолданасыз. Орыс тілінде ондай сөз жоқ» деп ескерту жасапты. Сонда Раневская: «Қызық екен, өзі – бар, сөзі – жоқ!», – деп жауап берген көрінеді.

25 жыл бұрын құрылған бұл ұйым заңды мәртебесіне тек 2008 жылы ие болған. Ассамблеяның сайтындағы дерекке сенсек, оның құрамы 509 этникалық топтың өкілінен тұратын көрінеді! Соншама этникалық ұлт өкілдерін қайдан тауып алғаны өздеріне ғана мәлім.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңның  1-бабында бұл ұйымның құқықтық мәртебесі туралы былай делінген: «Қазақстан халқы Ассамблеясы (бұдан әрі – Ассамблея) – заңды тұлға түрінде құрылмайтын, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме».

Осы жерде «заңды тұлға түрінде құрылмайтын» дегенге түсінік бере кетейік. Мұндай тіркеудің артықшылықтары мынада: қоғамдық бірлестік құруға жеке тұлғалардың басын қосу жеткілікті, заңды тұлға ретіне әділет органдарында тіркеуден өтудің қажеті жоқ, салық есебін беруге міндетті емес.

Есесіне, ешқандай мемлекеттік, заңды тұлға ретінде жауапкершілігі жоқ Ассамблея заңды жолмен: 1) мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасауға; 2) Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға араласа алады.

Заңды мәртебесінің дүдәмалдығы ұйым басшылары мен мүшелеріне Президент әкімшілігімен қоян-қолтық жұмыс істеуге, онымен бірге бір ғимаратты бөлісуіне еш кедергі келтірмейді. Олай болса, Қордайдағы жанжалда арағайындыққа бірінші кезекте Ассамблеяның  қоғамдық келісім Кеңесінің мүшелері баруы тиіс еді. Ресми сайттағы дерекке сенсек, республика бойынша осындай 2 786 қоғамдық келісім Кеңесі жұмыс істейді екен. Онда жұмыс істейтіндердің саны – 25 093 адам. Бұл кеңестердің басым бөлігі, дәлірек айтқанда 2 426-сы ауылдық елдімекендерде орналасқан деп көрсетілген. Қордайдағы кеңес мүшелерінің қалай әрекет еткені туралы білетіндер айта жатар. Әзірге олардың жанқиярлық еңбектерін көрген-білген адамды кезіктірмедік.

Жалпы Ассамблеяның әкімшілік-басқару жүйесінде қанша адам істейтіні туралы ақпарат таппадық. Есесіне, «Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз етуге» республикалық бюджеттен  биыл 861 млн 410 мың теңге бөлінгенін білдік. Бұдан бөлек бюджеттік қосымша бағдарламалар аясында 2020 жылға тағы 857 млн 063 мың теңге қарастырылыпты. Оның сыртында әр облыс бюджет есебінен Ассамблеяның қызметіне деп тағы қаржы жұмсайды. Мысалы Павлодар облысы 196 млн 535 мың теңге бөлсе, Қостанай облысының әкімдігі 2020 жылға Ассамблея мұқтажына 105 млн 065 мың теңге қарастырған, Алматы облысының мәслихат депутаттары Ассамблея үшін  бюджеттің 186 млн 919 мың теңгесін қиған. Өзге облыстар бойынша деректер көзге түспеді, бірақ ол жақтағы қаржы да осыған жетеқабыл екеніне шүбә келтірмейміз. Тіпті 17 өңір бойынша орташа 100 млн теңгеден есептегеннің өзінде Ассамблеяның қоржынына өңірлерден жыл сайын 1,7 млрд теңге түседі екен! Мұның бәрін ашық дерек көздерінен алып отырмыз.

Биыл Ассамблеяның 25 жылдығы Конституция мен хакім Абайдың мерейтойларымен бір деңгейде, яғни мемлекеттік ауқымда тойланбақ. 2020 жылдың сәуірінде Ассамблея тойының құрметіне ұйымдастырылатын мерекелік концертке республикалық бюджеттен 225,3 млн теңге бөлу қарастырылыпты.  Оның сыртында:

– ҚХА жыл сайынғы сессиясының дайындығы мен өткізуіне – 67 миллион 913 мың теңге;

– ҚХА сессиясына арналған концертке – 71 миллион теңге;

– Қазақстандық этнос өкілдерінің кітаптарын шығаруға  –  69 миллион 300 мың теңге

– Қазақстанның ұлттық (этникалық) театрларының республикалық фестивалін өткізуге – 119 миллион теңге;

– «Қазақстанға сүйіспеншілікпен» шарасын өткізуге  – 19 миллион 600 мың теңге;

– ҚХА журналистер Клубының қызметіне – 7 миллион 600 мың теңге;

– ҚХА Кеңесінің жиналысын өткізуге – 7 миллион 800 мың теңге;

Тізім мұнымен бітпейді және бұдан бөлек жергілікті бюджет пен кәсіпкерлердің иығына артылатын қаржылай шығындары да аз емес. Мәселен, «Қазпошта» АҚ өз қалтасынан Ассамблеяның 25-жылдығына арнап мерейтойлық марка шығаруға міндеттеме алған. Ал Ұлттық банк бюджеттен тыс ақшаның есебінен мерейтойлық монета шығаруы тиіс.

Міне осылай. Заң бойынша «қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға» міндетті ұйымның жұмысын Қордайдағы жағдай әшкерелеп берді.

Бір көрпенің астында жатса да, әлі күнге әр ұлты мен ұлысы әртүрлі түс көретін елдегі мынандай абыройсыз жағдайдан кейін «өзі – бар, сөзі – жоқ» ұйымға арнап, аста-төк той жасаған жөн бе?

Тегтер: