24 Маусым 16:14

Шенділердің қайда емделетіні НЕГЕ құпия?

Фото:

Қазір жұрт «оқшаулану» деген сөзге үрке қарайтын жағдайға жетті. Ал «оқша айналу» дегеннің не екенін білесіз бе? Індетке сенбейтіндерге биліктің қандай қатысы бар? Қазақ шенділерінің қайда емделгені НЕГЕ құпия?

Біз бүгін коронавирустың зардабы туралы емес, оның қарапайым халық пен билік өкілдеріне әсері және емделу жолындағы елеусіз айырмашылықтар тұрғысынан ғана сөз қозғаймыз.

Білесіз, алапат індет қарапайым жұртты былай қойғанда, белді шенеуніктерді де алып жығып жатыр. Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың өзі оқшаулануға мәжбүр болды. Күні кеше Алматы облысының әкімі А.Баталовтың да қашықтан жұмыс істеуге көшкені хабарланды. Бұл қатарда Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов т.с.с. тұлғалар бар. Біз атаған шенділердің кейбірі жанына дәру тауып, жұмысына қайта кірісіп кетуі де мүмкін. Бірақ мәселе онда емес.

Бастысы, қазақ шенділерінің қай жерде ем қабылдап жатқаны айтылмайды. Емделудің екі жолы бар екенін қазір білмейтін кісі жоқ. Симптомсыз түрі болса – оқшауланады, ашық түріне шалдықса – ауруханаға түседі. Жоғарыда аталған азаматтардың ішінде Бекболат Тілеухан өзінің ауруханада жатқанын айтты. Тіпті Ерлан Әукенов: «Бүгін менің тестім оң нәтиже көрсетті. Жағдайым мәз емес... Екі күн бойы вагондап жүк түсіргендеймін...» деді өз жағдайы туралы. Бірақ екеуінің де қай ауруханада жатқаны (немесе жатып шыққаны) белгісіз. Қайда емделгені айтылған жалғыз шенді – Елжан Біртанов. Министр ел астанасындағы жұқпалы аурулар ауруханасында жатқаны хабарланды. Бірақ Нұр-Сұлтанда жұқпалы аурулар ауруханасы жалғыз емес қой.

Осы тұста біз туралы біреулер «Кімнің қайда емделгенінде «Nege-нің» не шатағы бар?» дейтінін де сеземіз. Мұның бірнеше себебі бар. Тілшілеріміз COVID тақырыбын көп көтергендіктен, көпшіліктің назарына іліне бермейтін біраз дүниеге қанық. Өкінішке қарай, ел арасында қарапайым халық түгілі билік өкілдерінің де сырқаттанғанына сенбейтіндер әлі де кездеседі. Сенетіндерінің өзі «Е, олар Қазақстанның ауруханасын менсінуші ме еді? Шетелдің клиникасына кеткен шығар, болмаса бір аурухананың бас дәрігерін қасына алып, үйінде шалқайып жатқан шығар» деп ойлайды. Оқшауланғандар туралы да жұрттың ойы – осы. Неге бұлай ойлайтындарын сәл кейінге қалдырып, келесі мәселеге көшейік.

Қауіпті вирус жағасынан алған шенділер жалғыз Қазақстанда емес. Барлық мемлекеттің билік өкілдері де сырқаттар санатына жиі қосылады.  

Мәселен сәуір айында Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон сыр берді. Ол алдымен Сент-Томас ауруханасының жансақтау бөлімінде емделіп, кейін жалпы бөлімге ауыстырылды. Бұл туралы ешкім ештеңе жасырған жоқ. Индонезияның Көлік министрі Буди Кария Сумади Джакартадағы әскери госпитальде емделді. Бұл туралы жергілікті БАҚ жиі ақпарат беріп тұрды. 8 мамыр күні коронавирус жұқтырған Ресейдің Құрылыс және ТКШ министрі Владимир Якушев Мәскеудің 52-ауруханасынан ем алып шықты. Бұл туралы министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап бірнеше БАҚ хабарлады. Тағы сол Ресейде, Хабаровскі мэрі Сергей Кравчук те сырқат жұқтырған. Оның  №10 жұқпалы аурулар ауруханасына түскені және сырқатынан айығып шыққаны туралы ақпараттар көп. Күні кеше Украина президентінің әйелі Елена Зеленская да төсекке таңылды. Оның нақты қай ауруханаға түскені айтылмағанымен, Киевте емделіп жатқаны хабарланды. Украина жиі тербелетін ел ғой, отарлаушы мемлекетпен бітіспес майданы тағы бар. Сондықтан Зеленская туралы мәліметтің мазмұнындағы кемдікті түсінуге болады.

Ал Қазақстанда ше? Індет жұқтырған шенділердің бәрі президенттің әйелі немесе президенттің өзі емес қой. Ендеше жоғары билік өкілдерінің қайда ем алғанын ашық айтқанда тұрған не бар?

Енді жоғарыдағы уәдемізге оралайық. Халық неге шенді-шекпенділердің көппен шамалас ем қабылдайтынына сенбейді? Өйткені қазір ауруханалардың аузы-мұрны бітіп жатыр. Жағдай күннен-күнге ушығып барады. Осылай күрделене берсе, ұзын-сонар кезек пен халық нөпірі аурухана мен емхананы емдеу орындары емес, індет ошағына айналдырып жіберуі мүмкін. Ал жұрт жоғары биліктегілер туралы «өздері жатпағаннан кейін, шынайы жағдайды білмейді. Сондықтан жағдай ушығып барады» деп ойлайды. Расымен, қай шендінің қай ауруханаға түскені айтылса, оның пайдасы көп болар еді. Ал санамалап көрейік: «Бұл жерде біз тұрмақ министр мен облыс әкімі де емделген» деген ой қарашаның сол емдеу мекемесіне деген сенімін күшейтеді. Көпшілік айтып жүргендей, жұрт арасында жатқан билік өкілі жағдайдың шынайы көрінісін байқайды. Дәрігерлердің де жанкешті еңбегіне куә болады. Ірі қызметте болған соң, өзі көріп-түйсінген түрлі мәселеге байланысты тиісті орындарға ұсыныс-пікір жолдайды. Әрине, егер ниеті болса. Ірі басшының көпшілік ауруханада жатқаны – «вирус жоқ» деп жүргендердің аузына құм құяды. Әлі де сенбей жүргендердің саны азаяды. Ең бастысы, жұрттың шенді-шекпенділер туралы пікірі өзгереді. Билікке деген құрметі артады. Бұл енді аз ба?

Күні кеше бірнеше ауруханаға барып, репортаж әзірлеген тілшімізге бір науқастың айтқан мынадай қызық сөзі бар:

– Ауруханаға жатайын десең, орын жоқ. Басқа барар жер, кірер қуысың тағы жоқ. Үйге барып, сау бала-шағаға қауіп төндіргеннен басқа амалың қайсы?

– Бұл енді көпке ортақ індет болып тұр ғой. Жұртты былай қойғанда, ел басқарғандар да осы күнді басынан кешіп жатқан жоқ па.

– Еее, қарағым, оларға оңай ғой – оқшаулана салады, мұнда бізді айтсаңшы, жанымыз безектеп оқша айнала береміз, оқша айнала береміз.

Ашынған адам не айтпайды деуіңіз мүмкін, бірақ осы сөзде ақиқат жоқ деп кім айта алады? «Біз біргеміз» демекші, індет басталғанда бірге едік қой, енді індет жұқтырып, онымен күрескенде де НЕГЕ бірге болмаймыз?

Тегтер: