8 Қыркүйек 09:29

«Самұрық-Қазына» 11 мың кәсіпорынды қолдады

Фото:

Биыл рекордтық көлемдегі келісімшарт жасалды.

Осы жылдың маусым айында «Самұрық-Қазына» АҚ мен «ПРОММАШ.KZ» ЖШС арасында теміржолға арналған төсемсіз бағыттауыштардың жаңа түрлерін жеткізуге қатысты рекордтық көлемдегі, нақты айтқанда 42 млрд теңгеге оффтейк келісімшартқа қол қойылды. Нәтижесінде 305 жұмыс орны сақталып, жаңадан шамамен 120 жұмыс орны ашылмақ.

Одан бөлек, қос тарап арасындағы келісімнің негізінде мемлекеттік қазынаға 5,5 млрд теңге көлемінде салық түсіп, инвестиция көлемі 2,4 млрд теңгеге көбейеді.

Кәсіпорынның бағыттауыштардың жаңа түрлерін жасауға, оларды сатылымға шығаруға рұқсат беретін СТ-KZ, сәйкестендіру және индустриялық сертификаттары бар. Сонымен қатар, «ПРОММАШ.KZ» ЖШС «Самұрық-Қазына» АҚ тауар өндірушілерінің тізіміне енген.

Бұдан бөлек, Қор сатып алулар санаттары бойынша басқару механизмі аясында да отандық бизнесті қолдап келеді. Мәселен, «Жүк көліктері мен арнайы техника» санаты бойынша 10 өндіруші компаниямен стратегиялық келісімшарттар жасалып, 4,2 млрд теңгеге 93 арнайы техника сатып алынды.

Жалпы, «Самұрық-Қазына» АҚ құрамына кіретін компаниялар тобы биыл 11 мыңға жуық қазақстандық кәсіпорынның өнімдеріне тапсырыс берді. Сол арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдап, импортты алмастыру бағдарламасы аясында ауқымды іс атқарылып келеді.

Бұл жұмыстар Қазақстанда бұрын-соңды болмаған өндіріс орындарын ашуға, ұзақмерзімді оффтейк келісімшарттарын жасауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жаңа өндіріс түрлерін іске қосуға 220 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылды. Соның есебінен 2000-ға жуық жұмыс орны құрылды.

Импортты алмастыруды көздейтін, 627 тауар түрінен құрылған арнайы тізім де бекітілді. Мұнда қамтылған өнімдердің құны 121 млрд теңгеден асады.

Сонымен қатар, 76,4 млрд теңгеге 139 оффтейк келісімшарт (2021 жылы 55 келісімшарт, жалпы сомасы - 49,8 млрд теңге) жасалды.

Тегтер: