28 Қаңтар 07:22

Сағынтаев «Сергектің» санын екі есеге арттырмақ

Фото:

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Сергек» бақылау камераларының «дәмін» әбден алғанға ұқсайды. Қала көшелеріндегі «Сергектердің» саны биыл екі есеге көбейетін болды.

Сағынтаевтың сөзіне қарағанда, камералар іске қосылғаннан кейінгі 22 күнде «Сергек» 4,5 мың ереже бұзу дерегін түсіріп алған. Әкімге сенсек, осы аралықта жол апаты 12 пайызға төмендеп, қылмыс 38 пайызға азайған.

«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары, соның ішінде жолдар мен халық көп жиналатын жерлерде видеомониторинг жүйесін кеңінен қолдану жалғасады. Биыл қосымша 360-тан астам «Сергек» камераларын орнатуды жоспарлап отырмыз. Мұндай жүйенің санын жыл сайын көбейтіп отырамыз» деді Сағынтаев.

Қазір Алматыда 400 камера жұмыс істеп тұр. Бұған дейін жазғанымыздай, алғашқы сегіз күн ішінде «Сергек» 42 миллион теңге жинаған. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Сергектің» қаншалықты қырағы екенін, қалаға тағы қанша «көз» қойылатынын айтқанымен, осы уақытқа дейін қала бюджетіне қанша қаржы түсіргенін айтпады. «Сергек» сегіз күнде 42 миллион теңге тапса, бір айда қанша «пайда» тапқанын шамалап есептей беріңіз. Ал енді Сағынтаев биыл тағы 400-ге жуық камера қойса, қаладағы шағын және орта бизнесті салықтан босатса да болады екен ғой...

Айтпақшы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінде жүр. Кеше Абу Дабидің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед Бен Заид Әл Нахаянмен кездесті. Бүгін Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мақтыммен кездеседі. Мұндағы айтпағымыз не? Бәлкім, Мемлекет басшысы Дубайды гүлдендіріп, әлемдегі ең биік ғимарат Бурдж Халифаны салдырған Мұхаммед бен Рашид Әл Мақтыммен кездескен соң Алматының әкіміне жағдайды дұрыстап ұғындыратын шығар. Әйтпесе, Сағынтаев «қала бюджетін толтырудың жолы – «Сергек» қана» деп түсінетін сияқты.   

Тегтер: