14 Маусым 16:19

Ресейдің саяси технологтары Нұр-Сұлтанды НЕГЕ торуылдап жүр?

Фото:

Елорда соңғы кездері ресейлік саяси технологтар ат басын жиі бұратын шаҺарға айналып кетті. Есілдің сол жағында орналасқан қымбат мейрамханаларда билік тізгінін ұстаған қазақтың марқасқалары мен ресейлік саясат жауырыншыларының арқа-жарқа болып отырғандарын жұрт жиі көретін болды. Әсіресе, Қап тауы мен Орталық Азияны зерттеп жүрген Алексей Власов аса белсенді.

Сонымен, Алексей Власов деген кім? Бұл тұлға елімізге тұңғыш рет аяқ басып отырған жоқ. Ол – Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі. Аталған оқу орнының Посткеңестің елдер кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, профессор болып қызмет атқарған. Орталық Азия мен Қапқаз бағыты бойынша сарапшы маман. Ресей-Қазақстан сарапшылар форумының тең төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясының жанындағы сарапшы кеңесінің мүшесі.

Бір сөзбен айтқанда, Алексей Власов – қазақ елін бес саусағындай білетін маман. Қазақстанға қатысты қандай да бір саясат ұстанар алдында, Кремльдің өзі оның сөзіне құлақ түрері анық.

Әйтеуір, қанша жерден ұнатса да, Власовтың Елорда мейрамханаларының кешкі асына бола келмегені анық. Әдетте, шіркей төмен ұшса, жаңбыр жауады деп болжап жатады. Ал ресейлік саясаттанушылар астанада көп төбе көрсетіп кетсе, бұл – елімізде қандай да бір саяси науқанның не ірі өзгерістің құлағы қылтиып тұр деген сөз. Саясаттанушы Максим Казначеев осы пікірге тоқталып отыр. 

М.Казначеев.

«Ресей саяси технологтары жиі ат басын бұрып жатса, бізде жақында аудан, ауыл әкімдерін сайламақ. Ресей – федерациялық ел. Әр аймағында осындай деңгейлерде сайлау өтіп жатады. Қазақстанда бұл алғаш рет қолға алынып жатыр. Әкімдерді сайлауда Ресейдің саяси тәжірибесі бізге қарағанда молырақ. Сондықтан тәжірибе алмасу мақсатымен шақырылуы әбден мүмкін», – дейді саясаттанушы.  

Саяси технологтардың негізгі жұмысы – белгілі бір көзқарасты қалыптастыру. Саясаткер Дос Көшімнің пікірінше, ресейлік сарапшылар Ресейге деген жақсы көзқарасты қалыптастыру немесе Ресейдің Қазақстанға деген саясатына негіздеме жасауды көздейді.

Д.Көшім.

«Алексей Власов – Қазақстан халқы ассамблеясының отырыстарына қатысып, сөз сөйлеп жүрген адам. Оны біздің билік те өзіне керек нәрсесіне пайдаланады. Бірақ олар биліктің мүмкіндіктерін өздерінің де кәдесіне асырады. Бұл – кез келген әлеуметтанушы мен саясаттанушының негізгі жұмысы. Белгілі бір идеологиялық бағытта істейді. «Мен – саған, сен – маған» дегендей. Ондай адамдар шақырусыз келмейді», – дейді Дос Көшім.   

Саяси тәжірибесі мол Мәжіліс депутаты Айдос Сарым шетелдік саяси технологтардың Елорданы торуылдап жүргенінен ешқандай сөкеттік көрмейді.

А.Сарым.

«Ресей нарығы – біз үшін маңызды нарықтың бірі. Қоғамның біразы Киркоровтың не дегеніне, Собчактің кіммен төбелескеніне баса назар аударатын болғандықтан, Ресейдің ақпараттық нарығы мен басқасына зор қызығушылық бар. Сондықтан олар жиі шақыртылып отырады. Билік те, оппозиция да шақырған», – дейді депутат.

Саясаттанушы Әзімбай Ғалидің пікірінше, Алексей Власов – биліктің сенімді саяси технологтарының бірі. Қанша жерден біздің жобалармен жұмыс істесе де, олардың өз мақсат-жоспары бар. Ол – Қазақстанды Ресейдің ықпал аймағынан шығармай, дегенімен жүргізуге септігін тигізу.

Ә.Ғали.

«Ресей Тоқаевтың саясатына ықпал жасауды көздеп отыр. Олардың ойынша, Назарбаев Кремльдің икемінде болған да, Тоқаев дербес саясат жүргізе бастаған-мыс. Бірақ Назарбаевтың өзі де сөз жүзінде бас изегенмен, егемен саясат жүргізіп келді. Тоқаев дипломат болса да, саяси батыл қадамдар жасап жүр. Саяси дербестігін ашық көрсетуде. Бұл – дербестіктің келесі кезеңі», – деп пайымдайды Әзімбай Ғали.

Оның ойынша, биліктің Ресеймен ымыраға келу ниеті бар. Жұмсартып, көңілін аулау үшін кейде осындай қадамдар жасалады. Ресей саясаттанушыларының Елордаға келгіштеп кетуінің бір сыры – осы.

Тегтер: