3 Маусым 20:21

Президенттің жоспарында не бар?

Фото:

Мемлекет басшысы «Комсомольская правда» басылымына берген сұхбатында елдің ішкі және сыртқы саясатына қатысты өткір сауалдарға нақты жауап берді.  «Ел ішінде қос билік орнады», «орыс мәселесі», Қырым сценарийі» және «Қытай қатері» секілді ел ішінде жиі сөз болатын жайттарға өз ұстанымын ашық білдірді.

Орыс тілді және орталығы Ресейде орналасқан басылым болғандықтан, сұхбатта көбіне «орыс мәселесіне» және қазақ-орыс қатынастарына қатысты сауалдар қойылғанын ескерген абзал. Мақаланың толық мәтіні www.kp.kz сайтында жарияланды.

Ресеймен арадағы қатынас жайындағы сауалға Мемлекет басшысы:

«Қазақстан екіжақты форматта секілді, интеграциялық бірігу аясында да (ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД) Ресей және Беларусиямен белсенді ынтымақтастық танытып келеді. Біздің Ресей мен Беларусияның Одақтас мемлекетіне қосылу жоспарымыз жоқ. Басым бағыт – жоғарыда аталған ұйымдар аясында интеграцияны ары қарай дамыту», – деп кесімді жауап берді.

Мемлекет басшысының бұл сөзін кейбір сарапшылар «Астананың енді Ресейдің ығына жығыла бермей, ұлттық мүддені қорғауға дайын» екенін көрсетеді деп пайымдайды. Тоқаев бұған дейін де Ресей ұсынған стратегиялық жоспарды қабылдамай тастауын да жұрт сан-саққа жүгірткен болатын. 

Тоқаев президент болып сайланғалы ел ішінде «Шынайы билік кімнің қолында?» деген сауал туындап, күбір-сыбырдың көбейгені құпия болмаса керек. Аталған басылым редакторы да тартынып қалмай, осы сұрақты қабырғасынан қойыпты. «Ел ішінде қос билік орнады ма?» деген сауалға Президент те іркіліп қалмады:

«Ешқандай да қос үкімет жоқ. Бұл туралы Нұрсұлтан Әбішұлының да өзі бірнеше мәрте айтып, қазіргі президенттің айналасына бірігуге шақырған болатын», – деп, үзілді-кесілді жауап берді.

Турасын айту керек, Президенттің сұрақтарды алдын ала сұратып, іріктемегені анық көрініп тұр. Кез келген «құйтырқы» сауалдарға тікелей, тосылмай, байсалды да, байыпты жауап бергені ұнамды шыққандай.

Мақсат Халық: Қазір интеграциядан гөрі, протекционизм үрдіске айналды

– Сұхбаттың бағыты орыс әлеміне қарай бұрылғаны көрініп тұр. Президентіміздің Еуразиялық экономикалық одақтың отырысында стратегиялық құжатты қабылдамай қойғаны бар. Қазақстанда қолпаштап жатса, ресейліктер біраз әңгіме еткен секілді. Бұл «әлі де доспыз, әлі де біргеміз» деген ұйғарымды көрсетпекші. Бұл жерде экономикадан гөрі, идеологиялық, саяси факторлар көбірек айтылған. Экономикалық тұсына қарасақ, «Болашақта мұнай-химия саласында ортақ нарық құрамыз» деген идея бар. Және фармацевтика, мұнай, жанар-жағармай нарығында Ресеймен ортақ нарық құру ұстанымдары бар. Соның ішінде қаржы, еңбек нарығы да айтылады. Ортақ валютаға қатысты нақты қойылған сұраққа нақты жауап берілмеген. Өйткені, бұл тақырып көп талқыланды. Оны қозғау артық болар деп ұйғарған тәрізді.

Меніңше, Тоқаевтың тұсында Еуразиялық одақтың интеграциясы жалғаса береді. Дегенмен, қазір интеграциядан гөрі, протекционизм үрдіске айналып барады. Әсіресе, Брекситтен, яғни Ұлыбритания ЕО-дан шыққанынан кейін. Сонымен қатар, Трамп президент болғаны ұлттық экономиканы бірінші кезекке шығарып жатқанын көреміз. Ол Мексикамен шекараны бекіту, Қытайға сауда соғысын ашу, Ресейге салынып жатқан санкциялар мәселесінде де көрініп отыр. Демек, әлем елдері бірігуді емес, ұлттық экономикасын, ішкі нарықты қолдауға басымдық бере бастады. Қазақстанның да бұл идеяны ұстанғаны дұрыс деп ойлаймын.  

Бөріхан Нұрмұхамед: Бір сұхбатта айтылған жайттарды мемлекеттің ұстанымы деп айту аздық етеді

– Мұндай мәлімдемелерді жеке адам немесе мемлекет басшысы ғана емес, мемлекеттік органдар, мәселен, сыртқы істер министрлігі, саяси партиялардың деңгейінде де айтылуы тиіс. Өкінішке қарай, сұхбатта айтылған мәлімдемелерге үлкен саяси мән беру дұрыс емес. Бұл мәселелер әлі жүйелі түрде көтерілген жоқ. Сенаттың, мәжілістің, үкіметтің, саяси партиялардың басшылары осындай әңгіме қозғаған жағдайда, ерекше назар аударып, қабылдауға болады. Сондықтан бір сұхбатта айтылған жайттарды мемлекеттің ұстанымы деп айту аздық етеді.

Мәселен, Тоқаевтың  Еуразиялық комиссияның құзыры жөніндегі мәлімдемесінен кейін, мен: «Сыртқы істер министрлігі неге үнсіз? Неге ұстанымын білдірмей жатыр?» деп мәселе көтерген болатынмын. Қысқасы, бұрынғы жүйеден кетуіміз керек. Бірақ бұған қарай жасалған нақты қадамдар әлі көрінбейді.

Әзимбай Ғали: Тоқаев егемендікке кепіл бола алатынын нақты көрсетіп отыр

– Конституцияға сәйкес, сайлау арқылы билік Назарбаевтан Тоқаевқа ауысты. Енді Тоқаевтың бағыты байқалып отыр. Ол – демократиялық жолға түсу. Назарбаев кезінде елдің экономикасы мықты болды. Дәулетті, орта буынды өмірге әкелді. Енді келесі кезең басталуы керек. Олардың меншігіне кепілдік керек. Бұл саяси-құқықтық реформаны талап етеді. Сондықтан жеке меншік пен жеке тұлғаларға кепілдік қажет. Бұл Тоқаевтың кезеңінде іске асуы тиіс.

Ресеймен ара-қатынас аса маңызды. Солтүстік көршіміз сүйкімсіз мемлекетке айналып үлгерді. Бауырлас украин халқынан жер тартып алып, әскер кіргізіп, елдің шығысын соғыс өртіне орады. Халықаралық құқықты бұзды. Сондықтан халықаралық санкцияға ұшырады. Ресей бұрынғы КСРО-ны қайта құруды көздеп отыр. «Қазақстанның солтүстігінде орыс көп. Олар жаншылып жатыр. Орыс тілі жоғалып барады», – деп, арагідік байбалам салады. Тоқаев «Еуразиялық одаққа бәлендей бағынбаймын. Бұл тең дәрежелі елдердің одағы болуы керек. Еуразиялық комиссияның құзыры шектеулі болады», – деген ойларды қадап айтып жүр. Тоқаев сырттай «қырғи» көрінбегенімен, білімділігімен қатар, батыл әрі мінезді екені байқалып келеді. Егемендікке кепіл бола алатынын нақты көрсетіп отыр.

Тегтер: