17 Мамыр 15:57

Президент туған күнін НЕГЕ тойламайды?

Фото:

Бүгін – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өмірге келген күні. Қазақстан президенті 67 жасқа толды. Бірақ әлдекімдер күткендей, биыл той-томалақ байқалмады, қошамет-қолпаш тағы жоқ. Былай қарасаңыз,  екінші президенттің туған күні елеусіз ғана өтіп бара жатыр. Бұл неден? Коронавирустың қаупінен сақтану ма? Әлде жексенбіге түскен туған күннің «тыншу алған» түрі ме? Біздіңше, мұның екеуі де емес сияқты.

Кеше президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebookтегі парақшасында былай деді:

«Биылғы 17 мамыр жексенбі күніне сәйкес келіп отыр. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы үйінде жұмыс істейді. Аталған датаға орай ешқандай шара өтпейді. Тіпті, Президент әкімшілігінің қызметкерлеріне туған күнімен құттықтамау, естелік сыйлықтар тарту етпеу туралы ескерту жасалды. Президент бұл күнді тойлағанды ұнатпайды. Өйткені ол кісінің отбасында балалардың да, ересектердің де туған күні тойланбайды екен. Ондай дәстүр қалыптаспаған».

Дәстүр дегеннен шығады, туған күн тойлау мерекесінің тарихын сонау  көне Египетке апарып тірейтіндер көп. Себебі өмірге келген күнін ырду-дырдуға айналдыру сол перғауындар кезеңінен, онда да сол перғауындардың өзінен басталса керек. Былайғы жұрт перғауындарды «Құдайдың перзенті» деп таныған. Сондықтан олардың туған күндерін кеудесінде жаны бар адам түгел мерекелеуі тиіс болған. Әркім патшаға теңдесі жоқ сыйлық беруге ұмтылған. «Жайылып жастық, иіліп төсек» болуға, сөйтіп, оның көңілін көтеруге жанталасқан, осы мақсатта жарысқан...

Дегенмен президенттер де ет пен сүйектен жаралған. Қоғам мүшелері тегіс қабылдап алған «туған күн тойлау» мерекесінен олар да шет қала алмайды. «Қой, құрысын, перғауынға ұқсап қалмайын» деген ой қазір ешбір ел басшысының қауашағына кірмейді. Өйткені туған күн тойлау дәстүрі халықтық мерекеге айналып кеткелі қашан.

Осы тұста қай президент туған күнін қалай атап өтеді деген тұрғыда бірер ауыз айта кетейік. Ресей президенті Владимир Путин ұлан-асыр той жасамаса да, туған күнін туыстары мен ет-жақындарының арасында өткізеді. Қандай да бір халықаралық жиындар қабаттаспаса, ағайындары мен дос-жарандарын ертіп алып, Сібірге тартып отырады. Путиннің соңғы жылдағы бірнеше туған күніне Тайганың алтын күзі куә. Егер атаулы мереке жұмыс күніне тап келсе, Ресей басшысы бір күндік демалыс та алып жібереді. Өйткені жұмыс – күнде, ал туған күн – жылына бір-ақ рет келмей ме.

Путин мен Тоқаев

Беларусь президенті Александр Лукашенконы туған күнімен құттықтаушылар жиі шатасатын болып жүр. Өйткені ол туған дата өзгерді. Мәселен wikipedia Лукашенконың өмірге келген күнін 30 тамыз деп көрсетеді. Расында солай. Бірақ бертін келе бұл күн 31 тамызға өзгерді. Неге? Ілгеріде: «Мен туған күн дегенді онша ұнатпайтын адаммын. Біреулерді құттықтау үшін адамдар кезекке тұрса, менде ондай жоқ. Мені құттықтаушылар соңғы 5-6 жылда ғана пайда бола бастады. Өйткені өмірге Николай келді. Екеуміздің туған күніміз бір күнде – 31 тамыз» деген еді ол.

Осыдан кейін (2010 жылы) президенттің ресми сайты Лукашенконың өмірбаянына өзгеріс енгізді. Мұны президент әкімшілігі былай түсіндірді: «Александр Лукашенконың анасы ауруханаға 30 тамыз күні кешкісін келген. Бірақ 30-ынан 31-іне қараған түнде, түн ортасы ауа босанған. Ал дәрігерлер баланың туу туралы куәлігін анасының ауруханаған түскен күнімен тіркеген. Николай өмірге келгеннен кейін президент анасынан осының егжей-тегжейін сұрап, туған күнін жаздың соңғы күнінде атап өткені дұрыс болатынын ұққан...».

Лукашенко және Тоқаеав

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің 37 жасқа толған кезін посткеңестік елдердің журналистері ұзақ уақыт бойы айтып жүрді. Неге десеңіз, жас президент сол кезде туған күнін жұмыс кабинетінде өткізген еді. Сондай-ақ, ел басшысын әспеттеу үшін ұйымдастырылатын мерекелік шараларға тыйым салған. Басы артық той-думан тұрмақ, уақытты шығындайтын шағын жиындарға да жол бермеді. Күні бойы халық үшін жұмыс істеп, қара басының қуанышын кешкісін қатын-баласының қасында атап өтті. Сол Саакашвилиді қазір Украина билігі аттай қалап алдырып, жауапты қызмет беріп отыр.   

Енді өзімізге оралайық. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың туған күнге қатысты ұстанымы халық көкейінен шығатынына дау жоқ. Себебі өмірге келген күнін тойлату – қазақы мейрамға жолдан қосылған жоралғы. Ал бітімі бұзылмаған бағзыдағы дәстүр ел басшысының шаңырағына берік орныққан болса, оған тек қуану керек... Оның үстіне, біздің халық туған күнге тойған жұрт қой, негізі.

Осының бәрін ой елегінен өткізе келіп, мынадай бір пайымға тұмсық тіреп отырмыз: Қара бастың қуанышын халыққа таңам деп тыраштанбасаң, жақсылығыңды жұрт жанымен түйсінеді екен. Мұндай жағдайда, елдің тілегі де шынайы шығады. Сенбесеңіз, айналаға қараңызшы, ел не деп жатыр?!   

Тегтер: