17 Тамыз 16:49

Облыста не болып жатқанын Баталов НЕГЕ білмейді?

Фото:

Өткен аптадағы жаңалықтың басы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай Нарынқол ауылына қойылған «ергежейлі» ескерткіш болды. Қоғамдық пікір жеңіп, ескерткіш қайта жасауға жіберілді.

Нақтылау үшін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың атына ресми сауал жолдағанбыз. Облыстың Мәдениет, архивтер және құжаттар басқармасы бастығының міндетін атқарушы А.Жақыпбековадан жауап келді.

«Ескерткішті жасауға үміткер мүсіншілер арасында конкурс өтті ме? Егер өтсе, оған қанша адам қатысты?» деген сұраққа жауап төмендегідей:

«Райымбек аудандық әкімдігі 2020 жылғы мамыр айындаәлеуметтік желілерде М.Мақатаев ескерткішінің жобасына онлайн байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша шығармашылық топ Ақмырза Рүстембеков пен қадырхан Какимовтың жобалары жеңімпаз атанды...».

Бұдан әрі басқарма басшысының міндетін атқарушы «жеңімпаз» мүсіншілердің атағы мен орден-медальдарын түгендейді. Оқырманға оның қажеті шамалы деп ойлаймыз.

Одан әрідегі оқиға тізбегі мынадай екен: 2020 жылы 15 шілдеде облыстық тарих және мәдени ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия ескерткіштің эскиздік жобасы мен модульдік макетін қараған.

Ақынның Нарынқол ауылына қойылған ескерткіші. 

Ал 2020 жылдың 10 тамызында Нұр-Сұлтан қаласында республикалық монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның отырысында ескерткіштің эскиздік жобасы қабылданып, орнатуға рұқсат берілген.

Сонда «ергежейлі ескерткіш» облыстық, одан кейін республикалық комиссиядан қалай өтіп кеткен? Әлде олар Мұқағалиды білмей ме?

«Ескерткішті орнатуға облыстық бюджеттен 61 826,0 млн теңге, ескерткіш орнатылған алаңды абаттандыруға 69,7 млн теңге бөлінді», – дейді А.Жақыпбекова.

Жақыпбекованың жазуына қарағанда, «ергежейлі ескерткішті» орнатуға және оның айналасын абаттандыруға бюджеттен 131 526 000 теңге бөлінген!

Бұдан әрідегі әңгіме белгілі: қоғам дүрк көтеріліп, ақынның аруағын қорлағандарды оңдырмай сыбады, сөйтті де «ергежейлі ескерткішті» алдырып тастады. Ал облыстағы шенді-шекпенділер құдды бір қателікті өздері тапқандай «ескерткіштің кейбір бөліктері сәйкес келмейтіндігі анықталды» деп мәлімдепті.

Мән-жайды анықтау үшін Нарынқолға іссапармен барған комиссияның құрамында облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының директоры Ғ.Оспанов, облыстық көркемөнер галереясының директоры, суретші Қ.Қаблисанов, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының маманы С.Мүлікбаев, Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Ғ.Жусанбаев, аудандық сәулет және қалақұрылыс бөлімінің басшысы Д.Нұрғазы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Г.Оңғарбаева бар екен.

Ескерткіштің орны.

Комиссия мүшелері көздерін қайта-қайта уқалап, анықтап қараса керек, ұлы ақынға орнатылған ескерткіштің ергежейлі екенін көріпті, әйтеуір. Оған да шүкір.

Біздің ең басты сауалымыз жауапсыз қалды. Ол облыс әкімі Амандық Баталовтың өзіне бағытталған мына сұрақ: Ақынның ескерткішін өз көзіңізбен көрдіңіз бе? Көңіліңізден шықты ма?

Сұрағымыз жауапсыз қалғанына қарағанда, Амандық Ғаббасұлы ескерткішті көрмеген. Егер көрсе, «қай жерде қисық шеге жатқанын біледі» дейтін «мақтаулы құрылысшы» А.Баталов ескерткіштің ергежейлі екенін бірден байқаған болар еді.

Бұдан қандай қорытынды жасауға болады? Алматы облысы әкімдігінің алдына Наполеонның ескерткішін орнатса да, Баталовқа бәрібір немесе ол облыста не болып жатқанын білмейді деуге болар. Екінің бірі...    

Тегтер: