«Облыс әкімімен ШЕКІСІП қалған» – Талдықорғанның әкімі ауруханада жатыр
Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев бірер күн бұрын ауруханаға түсіп қалған. Бұл ақпаратты қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Мәди Шәкенов растады.
«Әкімді палатаға ауыстырды, жалпы жағдайы тұрақты. Есін біледі, қажетті емін алып жатыр. Жағдайды аурухананың бас дәрігері қадағалап отыр», – деп хабарлапты әкімдіктің баспасөз хатшысы Massaget.kz тілшісіне.
Баспасөз хатшысының айтуынша, үш-төрт күн бұрын қала әкімінің жүйкесі сыр бергендіктен аурухананың жан сақтау бөліміне түскен. Жан сақтау бөлімінде екі күн жатыпты. Қазір әкім сөйлейді және өздігінен қозғалады.
Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаевтың НЕГЕ жүйкесі сыр берді? Ол ауруханаға түсер алдында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевпен шекісіп қалған деседі.
Жетісу облысы әкімдігіндегі ахуалды жақсы білетін тұрақты оқырманымыз бұл оқиға туралы былай дейді: «Қала әкімі Әсет Масабаев – қолынан іс келетін тәжірибелі азамат. Бұған дейін Алматы қаласында басшылық қызметтер атқарған. Алайда облыс әкімі Бейбіт Исабаев қолынан іс келетіндерді жақтырмайды. Кадр таңдау мәселесінде олқылық көп. Облыс әкіміне тек өзінен аса алмайтын жалбақайлар мен ағайын-жекжаттары ғана керек сияқты.
Жетісу облысының әкімі Б.Исабаев. Фото: Sputnik
Масабаев пен Исабаевтың арасында түсінбеушілік туындағанына біраз болды. Масабаев ауруханаға түсерден бұрын Исабаевпен қатты сөзге келіп, тіпті бір-бірінің жағасынан алған. Масабаевтың жүйкесіне салмақ түсірген осы жайт болуы әбден мүмкін...»
Ә.Масабаев Талдықорған қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейін Алматы қаласының Медеу ауданының әкімі, Алматы қаласы әкімдігінің бірқатар басқармаларында басшы болған. Талдықорған қаласының әкімі болып Қаңтар оқиғасынан кейін, яғни 2022 жылдың наурызында тағайындалды. Өткен жылы тамызда Ә.Масабаев әкімдіктегі жұмысына байланысты әлдекімдердің қоқан-лоқы жасағысы келетінін мәлімдеген еді.
Масабаевтың Исабаевпен «шекісіп қалғаны», артынша Масабаевтың «жүйкесі сыр беріп» жан сақтау бөліміне түскені біраз жайттан хабар берсе керек...