21 Шілде 22:29

Оба ошағындағы «откат» ойнағы

Фото:
Ресми дерек көздеріне сенсек, дәл осы уақытта дейін

73 468 адам індет жұқтырып, 45 376 адам жазылып, 585 адам көз жұмған. Бұған коронавирус пневмониясынан қаза болғандардың есебі кірген жоқ. Сонда да бір шолу жасап көрсек, қаңтар мен сәуір айы аралығында өкпесі қабынған 1128 адам өлген. Ал маусым айында 628 адам көз жұмған. Тоқаевтың тоқпағымен, әйтеуір, коронавирус пен пневмонияға шалдыққандар, осы дерттен көз жұмғандардың дерегі біріктірілетін болды. Демек, бұл – құрбандар саны еселеп өседі деген сөз.

Оттегіге жетпеген миллиардтар қайда кетіп жатыр?

Бір өкініштісі, мұның өзі қазіргі жағдайда үлкен жеңіс ретінде бағаланып отыр. Қағазды шимайлап, сандарды сапырылыстырғаннан қандай нәтиже болмақ? Нақты деректер билік тізгінін ұстағандарды әрекетке көшуге мәжбүрлеп, қамшы сала ма? Бауыр еті баласынан айырылып қан жұтып отырған ана мен әкеге, арқасүйер азаматын жоқтап зар еңіреген жесір мен жетімнің көз жасын құрғата ала ма? Не амал бар?

Шындығына келсек, бұл жерде ел билігін, әкімдерді, шенеуніктерді жазғыру орынсыз. Олардың да «жарғақ құлағы жастыққа тиіп» жатқан жоқ. Қол қусырып қарап жүр деу – артық  кеткендік. «Қара қазан, сары баланың қамымен» шапқылап-ақ жүр. Мысал керек болса, мінекей.

«Билік не тындырды, сонша?» деп, ашу қысып, өре түрегелмеңіз. Нақты істер мен ел үшін жұмсалып жатқан қаржыға тоқтала өтейік. Мәселен, соңғы бір аптаның ішінде ғана Нұр-Сұлтаннан екі сауықтыру кешенін салуға 3 млрд теңге тапсырыс түскен. Ал Шортандыда Спорт сарайын салуға 2 323 089 726 теңге бөлінбек. Ақмола облысы өлім-жітім саны жағынан Қарағандыдан кейін екінші орында тұр. Қаржы министрлігі болса, 53 571 428, 58 теңгеге бейнеконференция өткізетін құрылғы сатып алмақ. Алматы қаласының цифрлау басқармасы білім беру платформасын жасауға 53 571 428, 57 теңге жұмсағалы отыр. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті 553 799 400 теңгеге 140 көлік сатып алатын болды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі 60 млн теңгеге Петропавл қаласының геопорталын жасатпақ. Түркістан облысында Ордабасыда визит-орталық салуға 878 123 778 теңге бөлу жоспарланып отыр. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ақпараттық жүйелерді жаңартуға 89 285 714, 29 теңге бөлуге әзір. Ал Елорданың жаяулар жүретін аймақтарды жөндеуге және «кеңістікті үйлестіруге» 3,8 млрд теңге жұмсалмақ.

Молаларды абаттандыру

Тағы қайталап өткен жөн, бұл – тек соңғы бір аптаның жоспары ғана. Бұл сандарды құпия құжаттардан ұрлап алған дәнеңеміз жоқ. Ашық ақпарат көздерінде жария болып жатқан деректерді ғана жинадық. Қаржының қандай мақсатқа, қанша көлемде жұмсалып жатқаны жайлы жіпке тізіп, бәрін қамтыдық деп те айта алмаймыз. Ақиқатында, бұл – мұзтаудың жоғарғы жағы ғана.

Дәріге, маскіге, аппараттарға жетпей жатқан ақша халықтың қаржысы осылай миллиондап, миллиардтап отшашуға, субұрқаққа, бейнеконференцияға, геопорталға және тағысын тағыларға жұмсалып жатыр. Тоқтықта жұмсалуы тиіс қаражатты тоқтатып, індетке қарсы жұмсаса, қанша адамды құтқарып қалуға болар еді?

Коронавирус қазақ жеріне аяқ аттап басқалы арада қанша апта өтті? Құриды дегенше қанша апта өтеді? Демек, наурыз айынан бері әр аптада шамамен осындай қаржы жұмсалып келген және алдағы уақытта да жұмсалатын болады деп топшылауға болады. Мәселен, күні кеше бір топ азамат Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа мынадай үндеу жолдады:

«Ақсу ауданы орталығы Жансүгір кентінде бірде-бір УЗИ, КТ, МРТ, ИВЛ аппараттары және дәрі-дәрмек жоқ. Аудан орталығында керекті аппараттар мен дәрілердің жоқтығы сұмдық қой... Бұл мәселе тез арада шешілу керек. Қаншама адам ажал аузында жатыр... «Алайда, суын ішуге болатын 5 фонтан (біреуінің құны 500 мың теңге), 6 велотұрақ (біреуінің құны 400 мың теңге), жақтауы бар 164 орындық (біреуінің құны 523 513 теңге), 27 жақтаусыз орындық (біреуінің құны 335 890 теңге), 125 қоқыс жәшігін (әрбірінің құны 148 251 теңге), 12 гүл отырғызатын қыш құмыра (әрбірінің құны 295 534 теңге) орнатпақшы.

Жалпы соммасы – 1 280 148 094.00.

Яғни 1 млрд теңгеден аса қаражат. «Бұл кімге, не үшін қажет? Халық қырылып жатқанда, оған кім отырады? Абаттандыру емес, аппараттандырумен айналысыңдар деп, Президент айту керек пе?!»

Бірақ облыс әкімдігі бұған ләм-мим деп тіл қатқан жоқ.

Мүддесіне сай келмейтін шаруаға кім ақша бөледі?

Неге бұлай? Халық қынадай қырылып жатқанда, абаттандыру кімге керек? Демек, біреулерге керек екен. Алдымен, шенеуніктерге. Қоғам қайраткері, мемлекеттік қызметте ұзақ жыл қызмет атқарған, шенеуніктеріміздің мінез-құлқын, ындынын, болмысын, шешім қабылдарда нені басшылыққа алатынын бес саусағындай білетін Кенесары Қаптағаев былай дейді:

– Бұл ақша бұрылмайды. Өйткені, кезінде Мырқымбай мен Сырқымбай: «Саған мұнша ақша бөлемін, откаты мұнша», – деп өзара келіскен. Откаты қалтаға түскен. Бұл қаржының қайтуы өте қиын. Ол үшін темірдей қатаң тәртіп болуы керек. Оны жасайын деп отырған үкімет жоқ. Откат қазір он пайыздан елу пайызға дейін көтерілген. Сен маған жүз миллион бөлдің дейік. Оның он бес миллионы қалтаңда қалды. Шотыңа түсті. Қайтаратын болса, ол да, сен де шулайсың. Мәселе – халықтың өмірінде емес, ақшаны талан-таражға салуда. Ақша қайда бөлінеді? Ақша қалтаға түсетін жерге бөледі. Халыққа кеткен ақшаның бір бөлігін қалай басып қалмақ? Ала алмайды. Сондықтан қаражатты халыққа бұруға ешкім мүдделі емес. Мүддесіне сай келмейтін шаруаға кім ақша бөледі? Жалпы, жүйе дұрыс емес. Жүйе өзгермей, ештеңе өзгермейді».

Сыбайлас жемқорлықтың коронавирустан да қорқынышты қоғам індеті екеніне көзіміз әбден жеткен секілді ме, қалай?

Бар гәп – мемлекеттік реттеудің нашарлығында

Пандемия экономиканы мемлекеттік реттеуде орасан зор олқылықтың бетін ашып берді. Экономист Атамұрат Шәменовтің пікірінше, бұған тікелей жауаптылар – үкімет пен ұлттық банк.

– Үкімет экономиканы реттеуге тиіс. Індеттің төңірегінде бизнес тоқтаған кезде экономиканы реттеуде тоңмойындығын көрсетіп отыр. Мұны заңдық тұрғыдан шегелеу керек еді. Парламенттің кемшілігі көзге ұрып тұр. Жұрттың бәрі қиналып, жақындарынан айырылып жатыр. Президент Тоқаев: «Демалысты ұмытыңдар» дегенді айтты. Бірақ депутаттар шалқайып, демалып жатыр. Қазір көп нәрсені заңмен реттеп жіберуге болады. Сол жетіспей тұр. Ақша жыл басында бөлінді деген сылтаумен өрескел нәрселер жасалып жатыр. Бар гәп – мемлекеттік реттеудің нашарлығында, – дейді сарапшы.  

Расында да, үкімет, облыс әкімі, аудан әкімі ілкімділік көрсетіп, түйінді шешуде шұғыл әрекет жасап отыруы тиіс. Мемлекеттік реттеуге ақша мүлде керек емес. Сол үшін айлық алып отырған мемлекеттік қызметкер көп. Олардың саны жағынан рекорд жасауға шақ тұрмыз. Сол қызметкерлерден нанын адал жеуді ғана талап ету қажет.

– Тек жанашырлық пен жауапкершілік қажет, бірақ атқарушы билік мойнына жауапкершілік алғысы келмейді. Мемлекеттік реттеуді бүлдірген нәрсе – тапсырма алу үрдісі. Соңғы он жылда шенеуніктер тек тапсырма орындаумен жүр. Бізде заң бар, президенттің жарлықтары мен үкіметтің қаулысы бар. Соның бәрі жайында қалды, – дейді экономист.

«Орыстарға рақмет!»

Ел іші күңіреніп отыр. Күн сайын қаралы хабар. Жаназа. Дәрі іздеп сабылған ел. Жүрегінде мейірімі бар ел азаматтары ақшасын шығарып, жұрттан жылу жинап, дәрі-дәрмегін, оттегі аппараттарын шекара сыртынан сатып алып, елге тасып-ақ жатыр. Ал үкіметте үн жоқ.

Нақты мысал керек пе? Мінекей. Әлеуметтік желі арқылы Атырау тұрғыны Қайрат Нұрлықасымұлы орыс халқына жүрек жарды алғысын білдірді.  

«Басқа қаланы білмеймін, Атырау халқын өлімнен құтқарып қалған – Астрахан. Халық 2 ай бойы Астрахан дәріханасына күнде түскен дәріні тонналап тасыды. Атырау дәріханаларында керек дәрі болған жоқ. Халық сеңдей соғылысып, не істерін білмей қалды. Сосын танысыңның Газелін сұрап алып, Астраханға шабасың. Ол жақта да құлаш-құлаш тізім ұстаған қазақтар шұбырып жүр.

Жаның шығып, қиналып тұрғаның көзіңнен көріне ме, берген қағазыңдағы дәрі табылмаса, абыржып қалады. Компьютерін шұқылап, телефондарын соғып, қалайда дәрі бар жердің адресін жазып береді. Рецепт сұрамайды, қолдан жазған тізіммен босатып жібереді.

Орыстың кемпірлерінің: «Ештеңе етпес, балам! Бірінші, сен ала ғой. Мен күте тұрамын. Сіздерде адам өліп жатыр деп естідік» деп еңкілдеп жылағанын көрдік.

Алатын дәріңді алып ауылға қайтайын десең, ватсаппен үсті-үстіне тағы тізім келіп жатады, тағы қала кезіп кетесің.

2 ай бойы сонша дәрі тасығанда, өздері де ауырып жатқан қала халқының ренжіп, біреуі бір сөз айтпағанына таң қаласың.

Тап осы жағдай, дәрі Атыраудан Астраханға тасылса, қазақтар баяғыда шу шығарып, бергізбей қоятынын түсінетін боларсыңдар.

Орыс адал, жанашыр халық екенін көрсетті. Тек оларды да біз сияқты билік басындағы ақшаға құныққан ұлтсыздар теспей сорып, жаншып басып отыр.

Қарапайым халыққа сенің жеріңнің көк тиынға керегі жоқ. Оларға, бізге де, бейбіт өмір қымбат. Індет біткесін Астрахан халқына атыраулықтар атынан үлкен рахметімізді айтуға тиіспіз», – дейді ол.

Пандемия ащы шындықты ашып көрсетіп берді. Отыздықты межелеп отырған елге әлем мүсіркей қарап, бейшара мемлекеттей көмегі мен дәрігерлерін жіберіп жатыр. Міз бақпай, жымқырған ақшасын сытырлатып санап отырған – қазақ шенеуніктері ғана емес. Оның ішінде бизнес те бар.

Өлім мен кәсіпкерлерді не байланыстырады?

Атамұрат Шәменовтің пікірінше, халық арасында өлім-жітімнің көптігінің бір себебі – кәсіпкерлерді қолдаудағы солақай саясат.  

– Бизнес жауапкершілік көтермей отыр. Бізде осы күнге дейін бизнесті қолдау, тексермеу, тимеу, жағдайын жасау саясаты жүрді. Алақанға салып, мақтадай үлпілдеттік. Сондықтан бизнестің халық алдындағы жауапкершілігі болуы тиіс. Бұл мәселені үкімет қарап жатқан жоқ. Дәріханаларда отырғандардың бәрі – саудагер, кәсіпкер. Дәрі-дәрмек бағасының екі-үш есе аспанға ұшып жатқаны осыдан. Оларды ешкім тексермейді, – дейді Атамұрат Шәменов.  

Оның айтуынша, маркетинг заңына сәйкес, 20 пайыз үстемемен күн көруге болады. Ал бізде 200 пайызға дейін қоспаса, кәсіпкерлердің жұғынына жұқ болмайды. «Билікке ат төбеліндей бизнесмендер керек пе, әлде, 18 миллион халық керек пе?» – деп риторикалық сауал тастайды сарапшы. 

Тегтер: