3 Қыркүйек 13:17

О дүниеден сәлемдеме: Қазақтарға табыт дайындап жүрген кім?

Фото:

Тамыздың 30-ы – Қазақстан республикасы Конституциясының күнінде «Другая Россия Э.В. Лимонова» дейтін Ресейдегі әсіреұлтшыл партияның Санкт-Петербор бөлімшесінің бір топ белсендісі Қазақстанның Петербор қаласындағы консулдығының алдында арандатушылық акциясын өткізді.

Дипломатиялық өкілдігіміздің есігінің алдына үш жас жігіт «Әрбір русофобқа – мықты табыттан» («Каждому русофобу – по крепкому гробу!») деген сөз жазылған табыт әкелген. Бұл акция туралы мемлекет қазынасынан қаржыландырылатын Регнум агенттігі жазғаны, бұл акцияның нәтижесінде ешкімнің ұсталмағаны ерекше назар аударады.

Бұл белсенділер партиясының атынан үндеу жариялапты. Онда Қазақстандағы русофобияның күрт күшейгені, елде құрылған «тіл сақшыларының» орыс болғаны үшін ғана қудалай бастағаны, ал қазақ билігінің бұған көз жұма қарайтыны жайлы мәлімдепті.

Тіпті елдің саяси билігінің өкілдері де оған дем беріп, ресми деңгейде нацистердің жақтаушыларын ақтап алу мәселесін қарастырып жатқанын, Ермек Тайчибеков секілді ресейшіл белсенділерді соттап, түрмеге жауып жатқанын айтып байбалам салыпты.

Енді олардың талабын оқып көріңіз:

  • Қазақстан республикасының Конституциясына орыс тіліне мемлекеттік мәртебе берілетіні туралы жазу. «Тіл сақшылары» дейтіндердің бәрін жауапқа тарту.
  • Қазақстан республикасындағы орыстар мен орыстілді тұрғындарды қорғауды қамтамасыз ету. Русофобтар тарапынан болған кез келген шабуылды бірден тоқтату.
  • Құқық қорғаушы Ермек Тайчибековті босату, ресейшіл көзқарастағы өзге белсенділерді саяси қуғындауды доғару.

Ал осы оқиғадан бір күн өткен соң қыркүйектің 1-інде Владивостокта оқушылармен кездесуінде Ресей президенті В.Путин: «Егер 1917 жылғы революциядан кейін Ресей империясы ыдырамағанда, екінші рет Кеңес Одағы тарамағанда, Ресей мемлекеті халқының саны қазір 500 млн адамға жетер еді», – деп мәлімдеді.

КСРО-ның ыдырауын «ғасырдың ең ірі геосаяси апаты» деп санайтын Путин нені меңзеп отыр? Ресейдің азаматтары ретінде атаған 500 млн адамның қатарына ол бұрынғы одақтас республикалардың халқын да қосқаны анық. Соңғы кездері тарихи оқиғаларға өзінше баға беріп, кейде тіпті тарихи деректерді мүлдем басқаша түсіндіруге әрекеттеніп жүрген Ресей президенті мұны неге айтты?

Кремль Ресейден іргесін аулақ салғысы келгендерді, «тарихи бауырластық» дейтін сырттан таңылған шырмауық калькадан арылғысы келгендерді бірден «Антиресей» коалициясының мүшесіне айналдыра салуға құмар.

Қазақстан қашан да халықаралық саясат сахнасында Ресейдің труппасында ойнап келеді. Еуразиялық экономикалық одақ аясында базарымыздың бәрін көрші елге ашып бердік. Кез келген маңызды мәселеде көршінің қас-қабағын бағып, уақытымызды сол жақтың сағатымен туралап, Мәскеудің ауа-райын бақылап жүргеніміз белгілі.

Ресейдің кей саясаткерлерінің оқтын-оқтын біз жаққа қарата тас лақтырып қоятынына да етіміз өліп кеткен. Бірақ Ресейдің кейбір саяси күштері сүйегі шіріп қалған Э.Лимоновты пайдаланып, Қазақстанға, оның билігіне ашық қоқан-лоқы жасау, жеріне көз алартуды жиілеткені алаңдатады. Бұл жолы көршілер Қазақстан президенті Қ.Тоқаевтың Мәскеуге барып-қайтқан сапарының ізі суып үлгермегеніне де мән бермеген сыңай танытты. Бұл не болды сонда?

Әділ Ұзақбай, Алматы 

Тегтер: