24 Тамыз 18:52

«Назарбаевтың қайын атасы ректорлықтан кетті»

Фото:

Қазақ аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы әрі ректоры Тілектес Исабайұлы Есполовтың қызметінен кеткені туралы гу-гу кешелі бері желдей есіп жүр.

Тілектес Есполов Кім? Ол – ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, өзі туып-өскен Қордай ауданының құрметті азаматы...

Тілектес Исабайұлының өмірбаянына қатысты Википедия осылай дейді. 1997 жылдан бастап күні кешеге дейін алған ғылыми атақтары мен орден-медальдарын тізбелесек, ұзаққа кетеміз. Сондықтан ең сүбелі деген атақтарын ғана айттық.

Алайда жұрт салыстырғанды жақсы көреді ғой, Т.Есполовтың бүкіл атағын таразының бір басына қойып, екінші басына бейресми мәртебесін қойсақ, әлбетте, таразының екінші басы ауыр тартар еді. Ол – «Нұрсұлтан Назарбаевтың қайын атасы» деген бейресми мәртебесі.

1999 жылы «Қазақстан аруы» конкурсына қатысқан Әсел финалда жеңіске жетіп, Лондонда өткен «Әлем аруы» байқауына қатысты. Азаттықтың дерегінше, жұрт Назарбаевтың үшінші әйеліне телитін Әсел ол кезде Исабаева деген текте еді, кейіннен шешесі Гүлбану Құрманбаеваның тегіне өткен.

Ал енді экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Әсел Құрманбаева заңды некеге тұрды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Бір анығы, бұлардың екі ұлы бар.

Өткен жылы Азаттық тілшілеріне бұл туралы Тілектес Есполовтың өзі екұшты жауап беріп, былай деген: «Бәріміз де бала өсіріп отырмыз. Біз ұлттың намысын қорғайтын халықпыз. Мен – әкемін, ұстазбын, ғалыммын. Өйтуге болмайды ғой».

Ә.Құрманбаева туралы ғаламторда дерек көп. Pandora Papers зерттеуіне ілік болған деректердің бірі – Назарбаев қоры мен Құрманбаеваға қатысы бар «Астау» компаниясының арасындағы байланыс.

Ә.Құрманбаева – «Астана Балет» театрының жетекшісі. Ал театр Назарбаев қорына тиесілі.

Жуырда Алматының ең бір қымбат ауданында сән-салтанаты келіскен балет театры ашылды.

Алматы балет театры. Фото: ғаламтордан

Театрды салуға «Демеу» қоры тапсырыс берген. Бұл қордың бірден-бір құрылтайшысы – Н.Назарбаев. Білетіндер Ә.Құрманбаеваны осы театрмен де байланыстырады.

Ә.Құрманбаева соңғы рет 2018 жылы сол кездегі президент Н.Назарбаевтың халыққа жолдауы кезінде жұрт алдына шығып, шенділермен бір қатарда отырған.

Фото: azattyq.org

Т.Есполовтың кеткен-кетпегенін білмекке NEGE тілшіcі Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне хабарласты.

Министрліктің баспасөз қызметі университеттің министрлік құзыретіне кірмейтінін айтты. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі «жағдайды анықтап, қайыра хабарласуға» уәде берді де, ұшты-күйлі жоқ болды.

NEGE порталы тұрақты оқырманының хабарлауынша, қазір университетте тексеру жүріп жатыр, ректордың міндетін уақытша атқару проректорлардың біріне тапсырылған...

Тегтер: