«Назарбаев Университетінде» шпиондар бар ма? ҰҚК жауап берді
Nege.kz порталы «Назарбаев Университеті» (NU) мен оның басшылық құрамына қатысты бұған дейін бірнеше мақала жариялаған. Бұл жолы NU-ге қатысты жолдаған ресми сауаламызға ҰҚК-ден жауап келді.
ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевтың атына ресми сауал жолдап, төмендегі сұрақтарды қойғанбыз:
1. ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы К.Мәсімов «Назарбаев Университеті» Қамқоршылық кеңесінен шығарылды ма?
2. «Назарбаев Университеті» Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Дэвид Меркельдің К.Мәсімовпен байланысы бар ма?
3. К.Мәсімовті қорғау мақсатында ашылған karimmassimov.com сайтына Дэвид Меркельдің қандай қатысы бар? Бұл сайтты шығарушылар кімдер?
4. Назарбаев Университетінің» басшысыл немесе оқытушылар құрамында жеке басы анықталмаған «күмәнді адамдар» бар ма?
Коллаж: nege.kz
Біздің осы сұрақтарымызға ҰҚК-нің бөлімше бастығы С.Ахметқалиев жауап берді. «Жауап берді» дегенді сөздің сыралғысы ретінде ғана айтып отырмыз, әйтпесе келген жауапқа әдеттегідей тағы көңіліміз толмады.
Сонымен ҰҚК бөлім бастығы С.Ахметқалиев бүй дейді: «К.Мәсімовтің «Назарбаев Университеті» Қамқоршылық кеңесіндегі қоғамдық лауазымы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жүйесіне кірмейді.
Ашық дереккөз мәліметіне сәйкес karimmassimov.com сайты 2022 жылғы 16 ақпанда құрылған. Сайттың авторлық құқықтар бөлімінде АҚШ азаматы Дэвид Меркель көрсетілген.
Басқа мәселелер бойынша мәліметтер жоқ екенін хабарлаймыз».
Коллаж: nege.kz
«Басқа мәселелер» дегені соңғы сұрақтағы «күмәнді адамдарға» қатысты болса керек.
Бұрынғы барлаушы Дэвид Меркель «Назарбаев Университетінде» немен айналысты? Оны «отанына опасыздық жасады» деп айыпталған К.Мәсімовпен не байланыстырады? Д.Меркель К.Мәсімовті құтқаруға не үшін құлшына кірісіп жүр? «Назарбаев Университетінде» шпиондар бар ма?
Өкінішке қарай, ҰҚК-ден бұл сұрақтардың ешбіріне толымды жауап ала алмадық.