7 Сәуір 16:46
...

«Моссадтың жендеті» туралы Сенат төрағасы біле ме?

Фото:

«ҚР Президентіне және лауазымды тұлғаларға қастандық жасамақ болды» делінген «шетелдік агентке» қатысты қызық деректер шығып жатыр. Солардың бірі Иранның хакерлік тобы тарапынан айтылса, екіншісін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың аузынан естідік.

«Шетелдік агент ұсталды» деген ақпарат тарай сала журналист М.Козачков өзінің телеграм-каналында шпионның кім екенін тапқанын айтты. Журналистің жазуынша, агенттің аты-жөні – Аян Атығаев. Мамандығы журналист. Бертінде заңгер деген екінші мамандық алған.

А.Атығаев. Фото: mirtesen

Күдіктінің бойшаң екенін ҰҚК жауынгерлері оның иығына жетер-жетпес тұрғанынан байқауға болады. Қарағандылық журналист А.Атығаевтың да бойы екі метрге жуық екен. Козачковтың әлгіндей пайым жасауына осы жайт басты себеп болса керек.

М.Әшімбаев. Фото: ғаламтордан

Бұл болжамды ҰҚК ресми түрде растаған жоқ, теріске де шығармады. Есесіне, мұны Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жоққа шығарғандай болды.

Сенат төрағасы бұл туралы бүгін былай деп мәлімдеді: «Телеграм-каналдарда осындай ақпарат жарияланғанын мен де білемін. Сіздерге шынымды айтайын, ҰҚК бізге бұл ақпаратты растаған жоқ. Біз әлі ресми ақпарат алған жоқпыз, оның кім екенін біз түсінуіміз керек. Әлі ешкім ресми ақпарат таратпады».

Ресми органдар «шетелдік агент» туралы ашып айтпағанымен, телеграм-каналдар арқылы бұл туралы тағы бір гу-гу жетті.

Иранның «Бос қолдар» деп аталатын хакерлік тобы «ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа қастандық жасау әрекетіне» Израильдің «Моссад» барлау қызметінің қатысы бар екенін ашық жариялады. Сондай-ақ олар Израильдің деструктивті топтары Қазақстанда жұмыс істеп жатқанын дәлелдейтін эксклюзивті құжаттарды жариялауға уәде етті.

Фото: ғаламтордан

Ирандық бұл топ үш апта бұрын «Моссадтың» басшысы Давид Барнеаның жеке мәліметтерін қолға түсірген...

Бұл дерекке сенуге бола ма?

Конституция бойынша мемлекеттегі екінші лауазымды тұлға – Сенат төрағасы М.Әшімбаевтың өзі кімнің-кім екенін біле алмай отырғанда, көршісінің айтқанына да құлай сенетін қарапайым адам үшін «президетке қастандық жасамақ болған» агенттің «журналист-заңгер-блогер-нашақор» екенін дәлелдеп әуре болудың қажеті жоқ.

«Шетелдік агент» туралы қандай да бір ақпарат алу үшін ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевтың атына ресми сауал жолдадық. Бұл мәселенің тездетіп басын ашпаса, әлгі шпионды күні ертең тағы біреулер «көрші» етіп шығармасына кім кепіл?

Тегтер: