«Менің өмірім»: Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ тоқал алғанын тұңғыш рет мойындады

Orda.kz хабарлады.
Кітапта экс-президент 2011 жылы Жаңаөзенде болған оқиға, 2019 жылғы биліктің жарым-жартылай транзиті, 2022 жылғы Қаңтар қырғыны туралы да жазыпты. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ туралы да ойын қағазға түсірген көрінеді.
Алайда оқырман үшін бұл кітаптың ең қызық тұсы – Н.Назарбаевтың екінші әйелі (кейбір дерек бойынша үшінші әйелі) Әсел ИСАБАЕВА туралы естелігі болмақ.
Фото: Orda
«Бірде Талдықорғанға жолым түсті. Өңірлерге жұмыс сапары кезінде мемлекет басшысын ұшақ баспалдағынан гүлмен күтіп алады. Мұндай салтанатты шара үшін жергілікті қыздардың ішінен ең әдемілерін таңдайды. Әдемі шара, бұған біз де үйреніп қалғанбыз. Көз қуанып, жаның жылынады.
Бірақ осы жолғы жағдай қатты әсер қалдырды. Маған гүл ұсынған қыз ерекше сұлу еді. Жанары жанып тұрған құлынмүсін аққұба сұлуды біраз уақытқа дейін ойлап жүрдім...», – деп жазады автор.
Бұдан әрі оқиға жедел өрбігенге ұқсайды. Мемлекет басшысы үшін бір адамды іздету және табу аса қиын шаруа болмаса керек-ті. Дегенмен де Н.Назарбаев былай деп жазыпты: «Содан бері біраз уақыт өтті. Талдықорған әуежайында қарсы алған қыз қайта-қайта ойыма орала берді. Күндердің-күнінде оны табудың сәті түсті. Баспасөзді парақтап отырғанмын, газетте жарияланған фото көзіме оттай басылды. Астанада «Қазақстан аруы» конкурсы өтіп, Гран-приді әлгі қыз қтып алыпты (оның есімі Әсел екен)... Енді оны табу қиын болған жоқ.
Ә.Исабаева. Фото: ғаламтордан
Таныстығымыз екіжақсы симпатияға, симпатия – жақындасуға ұласты. Біртіндеп кездесе бастадық. Әселдің тұла бойынан өзім іздеген көптеген қасиетті таптым. Ең бастысы – жылдарға созылған рухани жалғыздықтан құтылдым.
Әңгімені созбайын. Біз мұсылман дәстүрі бойынша некемізді қидық. Әсел маған екі ұл туып берді. 2005 жылы Тауман өмірге келді, 2008 жылы Бәйкен туды».
Бұдан әрі автор бірінші әйелі Сара АЛПЫСҚЫЗЫ мен одан туған үш қызы Дариға, Динара, Әлия туралы жазады. Қиын сәтте олардың қалай қорған болғанын баяндайды.
«Тауман өмірге келген соң Алматыға келіп, Сарадан кешірім сұрадым, бәрін жасырмай айтып бердім. Текті әулеттің ұрпағы емес пе, тағы кешіріммен қарады. «Бала деген – періште. Балалар бақытты болсын», – деді сонда Сара. Қыздарым да мені дұрыс түсінді.
С.Алпысқызы. Фото: ғаламтордан
Мұндай жағдай кез-келген әйел үшін ауыр сынақ. Бірақ Сара Алпысқызының табиғатына тән кең жүрегіне сендім. Оның атасы Қонақай Сарыарқада атақты бай болған. Оның да ұлы болмапты. Жасы жетпістен асқанда бәйбішесі оған жас қыз алып берген. Бақытына орай, жас қыз Алпыс деген ұл туып беріпті. Кім біледі, бәлкім Сара ата-бабасының осы ежелгі дәстүрін есіне алған шығар...», – депті Н.Назарбаев «Моя жизнь» атты кітабында.
Экс-президент Н.Назарбаевтың 50-ден астам кітабы оқырманға белгілі. Алайда жеке өмірі, әсіресе, Әсел Исабаева туралы еш жерде жазған емес. Бұл – тұңғыш естелік.
Кітапты «Фолиант» баспасы басып шығарыпты. Кітап шыққанға дейін жұрт бұл туралы білмегеніне қарағанда, баспа процесін құпиялап қойғанға ұқсайды.
«Моя жизнь» қолымызға тиген соң кітапқа кеңірек шолу жасайтын боламыз. Н.Назарбаев өзі президент болып тұрған кезде жасалған саяси қастандықтардың да құпиясын ашып қалар, бәлкім...