22 Ақпан 08:26

МӘСІМОВТІҢ хәлі шынымен мүшкіл ме? ҰҚК жауап берді

Фото:

Өткен аптаның басында ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім МӘСІМОВТІҢ «сот процесі кезінде есінен танып құлап, оған шұғыл ота жасалғаны» туралы хабар тарады.

«КМ» (karimmassimov.com) сайты бұл туралы бүй деп жазды: «30 қаңтар күні Астанадағы сот процесі кезінде құлап қалды. Ол жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды. Қазақстан заңдарына сәйкес, Мәсімовтің денсаулық жағдайы тез арада қамаудан босатуға кепілдік беруі керек.

Гуманитарлық босатуға және істі оның пайдасына шешуге халықаралық шақырулар бірнеше мәрте болғанымен, Мәсімов жылдан аса уақыт түрмеде отыр. Бұл оның 30 қаңтарда құлап қалуына, ота жасатуына әкелді.

Ақпанның 6-сы күні Мәсімов ауыр инфекциядан зардап шеккеніне қарамастан, тәуір медициналық көмегі жоқ тергеу изоляторына қайтарылды».

NEGE порталы К.Мәсімовтің жағдайына байланысты ҰҚК төрағасы Е.САҒЫМБАЕВТЫҢ атына ресми сауал жолдаған. Сауалдарымызға бөлімше бастығы С.АХМЕТҚАЛИЕВТЕН жауап келді.

«Сіз сұрап отырған мәліметтер «ҚР Халық денсаулығын сақтау туралы» заң кодексінің 273-бабы, 1-тармағына сәйкес дербес медициналық деректер, медициналық көмекке жүгіну фактісі, адам денсаулығының жай-күйі, оның ауруының диагнозы туралы ақпарат және оны зерттеп қарау және емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтер медицина құпиясын құрайды.

Сонымен қатар, «ҚР Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңының 1-бабы, 8-тармағына сәйкес медицина қызметкерінің құпиясы қол жетімділігі шектеулі ақпаратқа жатады.

Баяндалғанның негізінде және ҚР «Бұқаралық ақпарат туралы» заңының 18-1-бабы 2-бөлігі, 3-тармағына сәйкес, К.Мәсімовке қатысты ақпаратты беру мүмкін емес».

Ал біздің тұрақты оқырманымыздың хабарлауынша, К.Мәсімовтің жай-күйі анау айтқандай мүшкіл емес. Отаның өзі бастапқыда жоспарлы болғанымен, кейбір себептерге байланысты ертерек жасалған.

Тергеу аяқталып, іс сотқа түсті. бірақ Мәсімовтің әлі де айтары бар болуы мүмкін. Сондықтан оның «қамауда үзіліп кетуіне» бүгінгі билік мүдделі емес. Ал Мәсімовтің достары «жағдайы мүшкіл» деп, бұдан әрі де «халықаралық деңгейде» жалаулата бермек...  

Тегтер: