21 Қазан 16:58

«Маңғыт – аузыңа саңғыт!» Балушкин қалай Маминді ауызға ұрып кетті?

Фото:

Осы уақытқа дейін «Форбстың» байлар тізімінен түспей келген Анатолий Балушкин Қазақ үкіметінің бас ауруына айналғаны біраз болды. Біз бүгін оның Мамин басқаратын үкіметті қалай ауызға ұрып кеткенін, Балушкиндердің қалай әп-сәтте байыған үстіне байып шыға келгенін баяндаймыз.

Коммерсант

Өскеменнің тумасы А.Балушкиннің баю тарихын тізбелемей-ақ қояйық, ол Совет өкіметі тараған соң өзі қатарлы коммерсанттар сияқты алыпсатарлықпен айналысты. Қазақстаннан алып Ресейге сатты, Ресейден әкеліп Қазақстанға саудалады. Сөйте-сөйте машина жасау саласына да ауыз салып үлгерді...

2019 жылдың күзінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Балушкиннің «Азия-Авто» АҚ-сымен жасалған келісімшарт бұзылғанын хабарлады. Себеп – мемлекеттен қыруар қаржы мен түрлі жеңілдіктер алып келген Балушкин өз міндеттемелерін орындамаған.

Министрлік осы уақытқа дейін жасалған жеңілдіктер мен бөлінген қаржыны есептей келе, «Балушкин мемлекетке 174 млрд теңге қайтаруы керек» деп шешкен.

Биыл тамызда Балушкиннің үстінен «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, оған іздеу жарияланды. Басбұғып тыныш жататын Балушкин бе, ол дереу қарсы шабуылға шығып, «премьер-министр Асқар Мамин мен вице-премьер Роман Скляр рейдерлік жолмен бизнесімді тартып алды» деп шу шығарды.

А.Балушкин.

Мамин мен миллиардер арасындағы «соғыстан» мыңдаған адам зардап шекті. Зауыт конвейері тоқтап, төрт мыңға жуық адам жұмыссыз қалды. Балушкиннің бір кездердегі серіктестері – корейлік КІА мен ресейлік «АвтоВАЗ» Қостанайға қоныс аударып, Юрий Цхай мен Андрей Лаврентьевтің мұрты майланып қалды.

Балушкин бал жалады, халық қан жұтты...

Балушкин Ресей асуды көптен жоспарлап жүрсе керек, 2019 жылы Қазақ үкіметімен мүйіздесу басталғанда Қазақстанмен байланысты бизнестерінің бәрін біріне-бірін қосып «некелестіріп», құрылтайшыларын өзгертіп жіберген. Әрине жаңа құрылтайшылардың бәрі – Балушкиннің сенімді адамдары.

Балушкинге іздеу жарияланғаннан кейін бір айдан соң Ресейдің Бас прокуратурасы қазақстандық әріптестеріне жауап берді. Олардың жауабына қарағанда, Ресейдің құқық қорғау органдары Балушкинді ұстап беруге талпынбайды, өйткені ол – Ресей азаматы...

Ресейдегі құдыретті қолдаушыларының көмегімен Балушкин қудалаудан құтылып, бал жалап жүргенде жұмыссыз қалған мыңдаған адам мен олардың отбасы қан жұтып жатты.

Балушкиндердің бал жалап жүргенін отбасы мүшелерінің шалқыған өмірінен байқауға болады. Мәселен А.Балушкиннің баласы Антон мен әйелі Елена да Ресейде жалғанды жалпағынан басып жүр. Өйткені олар – сол елдің азаматтары және Ресейде бірнеше ЖШС-ның қожайындары. Қыздары Анастасия мен Полина да үлде мен бүлдеге оранған. Олар Санкт-Петербордың ең қымбат ауданында тұрады, аса қымбат ресторандардан түстенеді.

Е.Балушкина.

Елена Балушкинаның атына тіркелген «Гранвиль» ААҚ және «Привелегия» ААҚ-мен аттас элиталық тұрғын үй кешендерінде Еленаның оннан астам түрлі пәтері бар екен.

Олигархтардың алқауында

Балушкиннің мұртын балта шаппауының өзіндік себебі бар сияқты. Мәселен Балушкиндердің активтері «Санкт-Петербор» банкінде кепілде тұр екен. Бір қызығы, Мамин үкіметімен Балушкиннің текетіресі басталған тұста «Санкт-Петербор» банкіне қатысы болуы мүмкін адамдар «Азия-Автоның» құрылтайшылары болып шыға келген. Олар кімдер? Олар – РФ Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенконың баласы мен Ресейдің бұрынғы қорғаныс министрі Анатолий Сердюковтың баласы. Бір кездері Ресей президенті В.Путиннің осы банкте акциясы болғаны да талай жайттан хабар береді.

«Привелегия» тұрғын үй кешені.

«Азия-Авто» 2019 жылы «Санкт-Петербор» банкінен 1,3 млрд теңге несие алған. Кепілге Сочидегі «Санаторини Клуб» тұрғын үй кешенін қойған. Бұл үй Сочидегі ең қымбат аумақта орналасқан. Іргесінде Федералды қауіпсіздік қызметінің санаториі, президенттің іс басқаруына қарасты «Русь» және «Сочи» санаторилері тұр.

«Құдайы көршілер» Балушкин мен Боранбаев

Балушкиндер Санкт-Петербор мен Сочидегі қымбат үйлермен тоқтап қалмапты. Мәскеудегі «Федерация» зәулім үйінде Балушкиндер көптеген дөкейлермен көрші болып шықты. Әрбір шаршы метрі 1 млн рубльден басталатын қымбат үйдің тұрғындары тегін адамдар деймісіз?!

«Федерация» зәулім үйі.

Өткен жылы ресейлік журналистер бұл үйде Путин әкімшілігінің басшысы Антон Вайноның туған әпкесі, Теміржол әскері федералдық қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Хамит Камалов, «Ростех» жетекшісі Сергей Чемезовтың ұлы, бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Елена Скрынник, премьер-министр Сергей Мишустиннің күйеубаласы Александр Удодов және тағы басқа да дөкейлер тұратынын дәлелдеген.

Сондай-ақ бұл үйден Айсұлтан Назарбаевтың бұрынғы қайын атасы Қайрат Боранбаев та көлемі 482 шаршы метрлік пәтер сатып алған. Бұл үйде әрбір шаршы метрдің құны 1 млн рубльден басталатынын жоғарыда айттық.

Тұтастай үкіметті тақырға отырғызып кеткен Балушкиннің енді Қазақстанға аттап баспайтыны анық. Үкімет қайтаруды талап еткен 174 млрд теңге түгілі, бюджетке тесік тиын да тастамайтынын Балушкин іс-әрекетімен көрсетті.   

Осылайша Балушкин Мамин мен оның командасын ауызға ұрып кетті. «Мамин НЕГЕ журналистерден қашып жүр?» деген басты сұрақтың бір жауабы – осы!

Тегтер: