12 Наурыз 18:07

Мамуновтың қылмыстық ісі мемлекеттік құпия ма?

Фото:

Ақпанның аяғында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Мамуновты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері ұстағанын жазғанбыз. Nege.kz порталында жарияланған бұл эксклюзивті ақпарат ыстық бәліш секілді лезде тарап кетті. Ал бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мамуновтың ұсталғанын ресми растады.

Іле-шала «Нұр-Сұлтан қаласында іссапарда жүрген» Руслан Мамунов Фейсбук желісі арқылы «мені ешкім ұстаған жоқ, тек төрт жыл бұрынғы іс бойынша куәгермін» деп мәлімдеме жасады. «Жалған ақпарат таратқандарды сотқа беретінін» ескерткен Мамунов әлдекімдерге алғыс айтуды да ұмытқан жоқ.

Біз Руслан Мамуновтың ісі бойынша Бас прокуратураға және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сауал жолдағанбыз. Онда мынадай сұрақтар болды:

1. Руслан Мамуновты Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі ұстағаны рас па?

2. Агенттік Мамуновты қандай да бір іс бойынша Нұр-Сұлтан қаласына шақыртты ма? Шақыртса, қандай іс бойынша шақыртты?

3. Төрт жыл бұрынғы іске қатысты Мамунов өзінің куәгер екенін айтты. Бұл қандай іс?

4. Облыс әкімінің орынбасары өзі айтқан істе жай куәгер ме, әлде қорғануға құқығы бар куәгер ме?

Жауапты органдарға сауал 2 наурызда жолданған. Одан бері он күн өтті. «Антикордан» жауап келді. Қадағалаушы органның әлі бес күні бар. Бас прокуратураның БАҚ туралы заңды қаншалықты құрметтейтіні осыдан белгілі болмақ.

Сонымен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 1-Департамент басшысы Қ.Сүлейменов жауабында былай дейді:

«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (әрі қарай – Агенттік) Сіздің Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Р.Мамуновқа қатысты ақпарат беру туралы арызыңыз қаралды.

ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу құпиялығына байланысты, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді.

Берілген жауаппен келіспеген жағдайда, прокуратура органдарына немесе сотқа шақымдануға құқылысыз».

Себеп болса да, сотқа шағымдануға құлқымыз да, уақытымыз да жоқ. Қадағалаушы органға Мамуновқа қатысты сауал жолдағанымызды жоғарыда айттық. Алайда Бас прокуратура Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жауабын қайталауы мүмкін. Өйткені «Антикор» жауапты Nege.kz порталының бас редакторына ғана емес, ҚР Бас прокуратурасына қоса жолдапты. Мұнысы қадағалаушы органға «тіс жарушы болмаңдар» деген ескертуі ме, қалай?

Ал енді Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың «тапсырмасын» орындай ма, жоқ па, ол әзірге белгісіз. Мұны Бас прокуратураның Nege.kz порталына берген жауабынан білеміз.

Құзырлы органдардан ресми жауап ала алмаған соң, амал жоқ, бейресми ақпарат көздеріне сүйенуге тура келеді. Сенімді дереккөздің айтуынша, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Мамуновтың үстінен бірқатар бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл іс Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжановпен байланысты. Ол Ахметжановты түрмеден босатуға септеспек болған. Мамунов қазір қамауда отыр. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғани Жәпішевке хабарластық. Ол «Руслан Мамунов Нұр-Сұлтан қаласында іссапарда жүр, қылмыстық іске байланысты ештеңе айта алмаймын» деді.

Облыс әкімі О.Оразалин мен орынбасары Р.Мамунов.

Ақтөбе облысы әкімінің ресми сайтында облыс әкімінің орынбасары Руслан Маратұлы Мамуновтың аты-жөні суретімен қоса әлі ілініп тұр. Экономикаға жауапты орынбасары Руслан Мамуновты Нұр-Сұлтан қаласына не себепті «ұзақ мерзімді іссапарға жібергенін» облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өзі түсіндіріп берер, бәлкім?..

Тегтер: