12 Тамыз 15:34

Мақсат Жақау, саясаттанушы: Мирзияев Назарбаев сияқты бола алмайды

Фото:
Өзбекстанның билік партиясы Шавкат Мирзияевті 24 қазанда өтетін президент сайлауына кандидат ретінде ұсынды. Ал «Еркіндік» партиясының шетелде жүрген лидері

Мұхаммад Салих алдағы сайлауға бойкот жариялауға шақырып отыр. Өйткені билік аталған партия атынан сайлауға түскісі келген әнші Жахонгир Атажановтың кандидатурасын тіркемей қойған.

Орталық Азия елдері басшыларының қай-қайсысын алсаңыз да, шынайы тәуелсіз кандидатпен сайлауға түспеуге барын салады. Енді Шавкат Мирзияев те Нұрсұлтан Назарбаев секілді бірнеше рет сайлауға түсіп, жеңіп шығуы  мүмкін бе?

Nege.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтарды саясаттанушы Мақсат Жақауға қойды.

М.Жақау.

– Күзде Өзбекстанда президент сайлауы өтеді. Көрші елдегі саяси науқан Қазақ еліне қалай әсер етеді?

– Геосаяси жағынан қарайтын болсақ, Қазақ еліне көрші елдің тұрақты саяси-әлеуметтік дамуы қажет. Мирзияев өзінің тұрақты даму бағытын ұстанатынын дәлелдеп келе жатыр. Аймақтағы елдермен экономикалық келісімдерге келіп, автокөлік өндірісі секілді салаларды күшейтуде. Бір сөзбен айтқанда, Өзбекстан Орталық Азия елдері арасында қарқынды дамушы елдердің алдыңғы қатарына шықты. Егер көрші елде оң экономикалық өзгерістер болса, онда ол сөзсіз Қазақ еліне де жақсы жағынан әсер етеді.

– Бұған дейін «Еркіндік» партиясы атынан белгілі әнші Жахонгир Атажанов сайлауға түскісі келген болатын. Алайда ол әр түрлі қысымнан соң саясаттан кетенінін мәлімдеп, кандидатурасын алып тастады. Орталық Азия елдерінің басшылары тәуелсіз кандидаттпен бірге сайлауға түсуге неге қорқады?

– Бұл шығыстық менталилетке байланысты деп ойлаймын. Орталық Азия басшылары әлі де болса авторитарлық басқару режимінен бас тартпай отыр. Ислам Каримовтың тұсындағы қатаң авторитарлық жүйені Шавкат Мирзияев сәл жұмсартқанымен, ол әлі де болса авторитарлы басқарудан айрылған жоқ. Сондықтан да тәуелсіз кандидатты тіркеу уақытымен келетін дүние.

Негізі Өзбекстан «күйзеліссіз өзгерістерді» Қазақстаннан алған. Егер Қырғызстан, Украина немесе Грузияның тәжірибесін қолданатын болса, Орталық Азия аймағында авторитарлы жүйені шайқалтар еді.

Өзбекстан Мирзияев келгелі ол жолмен жүрмейтінін айқын көрсетті. Дегенмен демократиялық принциптерді біртіндеп орындай береді. Себебі Өзбекстан басшысы АҚШ пен Еуропа елдеріне барған кезде сол елдердің талабына бағынатынын байқатты. Осы жолғы сайлауда бұқаралық лидерлер келеді дегенге сенуге болмас, дегенмен сайлаудың өтуі демократиялық бетперде ретінде көрінеді.

Ш.Мирзияев экс-президент И.Каримовтың қабірі басында. Фото: УзА.

– 64 жастағы Шавкат Мирзияев екінші мерізіммен шектелмей үшінші, төртінші тіпті бесінші мерізімге сайлауға түсуі мүмкін бе?

– Бұл жерде барлық нәрсе Шавкат Мирзияевтің саяси амбициясына байланысты. Негізі қазақ пен өзбектің басқарудағы амбициялық деңгейі шамалас. Егер Мирзияев елдің экономикалық дамуын күшейте беретін болса, онда Өзбекстан қоғамының қолдауына ие болады.

Бұл жерде халықтың билікке деген сенімділігі экономикалық өсімге байланысты болмақ. Экономикалық оң өзгеріс байқалса, халықтың менталитетіне сай, басшы да билікте қалауынша отыра береді.

Өзбек пен қырғызды салыстыратын болсаңыз, қырғызға азаматтық белсенділік экономикалық жағдайдан биік тұрады. Ал өзбекте азаматтық белсенділікке қарағанда, экономикалық мүдде басым. Өзбектер билеушіні сайлаған кезде кандидаттың саяси амбициясы халықтың мүддесіне сәйкес келсе, қанша отырамын десе, сонша отыруға мүмкіндік береді.

– Демек Назарбаев секілді 4-5 мерізімге сайлана береді деген сөз ғой...

–  Егер дәл Назарбаев секілді бірнеше рет сайлауға түсіп жатса, таңғалмаймын.

– Назарбаев демекші, 2000 жылдары Қазақ елінде эконмикалық өсім болды. Алайда Назарбаев билікте тым ұзақ отырды, отбасы билікке араласты, халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп кетті. Мирзияев 10-15, тіпті 20 жыл билікте отырса, Өзбекстанда экономикалық кері кетушілік болуы мүмкін бе?

– Мирзиявтің қоғамымен Назарбаевтың жағдайын салыстыруға келмейді. Өз басым Өзбекстан президентінің әлеуметтік желідегі парақшасынан оның әрекетін жіті бақылап отырамын. Ол облыстарды аралаған кезде қала, аудан тіпті ауыл әкімдеріне дейін тұрғызып қойып, халықтың алдында жауапкершілікке тартып жатады. Бұл ашықтық – қазіргі уақыттың зор мүмкіндігі. Мирзияв осы мүмкіндіктерді пайдаланып, халықтық шешімдерді шығаруға әрекет етеді. Осындай ашықтықтан кейін ол өзінің туған-туысқандарын әкім етіп, билік пен байлықты үлестіріп бермеуі әбден мүмкін.

Фото: uz.sputniknews.ru

Назарбаев кезеңін Мирзиявпен салыстыратын болсақ, кезінде бізде әлеуметтік желіде ақпараттың тез таралып кететіні секілді ашықтық болған жоқ. Ал қазір халық президенттің ойына келгенін жасауына мүмкіндік бермейді. Бір сөзбен айтқанда, ол жартылай халықшыл, жартылай өзінің амбициясы деңгейінде елді билейді. Мирзияв опеннеттерін барынша тежеп, әртүрлі кедергі келтіруі мүмкін. Бірақ халықтың алдында толық саяси амбициясын жүзеге асыра алмайды.

Алайда ол да қызы мен күйеубаласын Назарбаев секілді әртүрлі қызметтерге қойып жатыр ғой...

– Мирзияев те пенде, өзінің туған-туыстарын қызметке қояды. Бірақ мұның бәрі уақытша дүние. Ол бәрібір Назарбаев секілді бола алмайды. Өйткені кадрлық шешімдерді оңды-солды қабылдауға қазіргі ашық қоғам мүмкіндік бермейді. Мирзиявке тек қана өзбектер қарап отырған жоқ, әлем елдері оның әр қадамын жіті бақылайды. Сондықтан көп жерде тартынады. Бірақ Мирзияев пен оның әулетінің саяси амбициясы Назарбаевтардан кем деуге келмейді.

Тегтер: