17 Мамыр 16:19

Made in Kazakhstan: «Қазақтелекомның» интернеті пандемия кезінде ауыл кәсіпкеріне қалай көмектесті

Фото:

Жетісудың төріндегі Нарынқол ауылы бірталай уақыттан бері ұялы байланыс пен интернеттен қол үзіп қалған еді. «Қазақтелеком» АҚ-ның ауылдық жерлерге талшықты-оптикалық байланыс жүйесін тарту жобасының арқасында түпкірдегі ауылға өткен жылы интернет жетті.

Интернет пайда болғалы жергілікті кәсіпкер Орынгүл Баратжанның тасы өрге домалай бастады. Аяқ киім тігуге қажет шикізаттың көлемі артып, өз қолымен тіккен өнімдерін сатып алушылар көбейген.

Нарынқол – әйгілі Хан Тәңірі шыңынан 23 шақырым жерде, теңіз деңгейінен 1 801 метр биіктікте, Қытай, Қазақстан және Қырғызстан шекарасының түйіскен тұсында, Жетісудың ең түкпірінде орналасқан шалғай ауыл.

2018 жылы ауылға Райымбек ауданының әкімшілік орталығы мәртебесі қайтарылған соң жергілікті биліктің алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі тұрғындарды сапалы әрі жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету болды. Бұл міндет «Қазақтелеком» АҚ-ның талшықты-оптикалық байланыс жүйесін тарту жобасы (ВОЛС) негізінде жүзеге асты. Осы жоба негізінде құрылыс жұмыстары Райымбек ауданы аумағында 2020 жылдың басында аяқталды.

Жобаның нәтижесінде 10 мың тұрғыны бар шалғайдағы ауыл жұрты зор мүмкіндікке ие болды, өз кәсібін дөңгелетіп, шаруасын кеңейтіп жатқандар бар.

Нарынқол тұрғыны Орынгүл Баратжан бірнеше жылдан бері әйел заты үшін таңсықтау кәсіппен айналысады. Ол өз қолымен етік тігіп сатады. Кәсіпкер келіншек жеке брендін ойлап тауып, қазіргі уақытта осы сала бойынша еліміздегі қолынан өнер тамған үздік шеберлердің бірі.

Алайда осы уақытқа дейін шикізат табу, дайын өнімді өткізу қиындық тудырған. Өткен жылдың басында ауылға интернет келгелі бері кәсіпкердің жұмысы жеңілдей бастады. ІІІ топтағы мүгедек, бойында энцефалопатия белгілері бар кәсіпкер келіншектің өндірістегі мәселесі шешіліп, шаруасы дөңгеленіп жүре берді. Енді ол еліміздің барлық түпкірінен тұтынушы табуға мүмкіндік алды.

«Мен бұл кәсіппен 10 жылдан астам уақыттан бері айналысамын. Қазір қазақстан бойынша мен сияқты шеберлердің саны 11 болса, оның екеуі ғана әйел. Сол екеудің бірі болғаныма қуанамын. Менің қолымнан шыққан етіктер сұранысқа ие, жалпақтабан немесе басқа да аяғы өзгеше жандарға көмектескеніме разымын. Клиенттерім ұнаған модельді, түсін, материалын, әшекейін өздері таңдайды. Қазақтың ою-өрнегі бедерленген етіктерге эстрада жұлдыздары, спортшылар, көкпар палуандары жиі тапсырыс береді. Мұндай кезде науқас екеніңді ұмытып кетесің, өйткені дерт екінші орынға ығысып қалады», – дейді Орынгүл Баратжан.

Өткен жылдың көктемінен бері шикізатты жедел сатып алу кәсіпкерге ғана емес, тұтынушыға да септігін тигізді. Тапсырыс ұлғайып, тері өнімі уақытында қолға тиюі Орынгүл Баратжанға пандемия басында ауылдастарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге ықпал жасады.

«Бұрын кәсібіме керек шикізатты Алматыдан алатынмын.  Өткен жылы локдаун жарияланғанда Алматыға жете алмай қалдық. Ауылымызға интернет тартып берген «Қазақтелекомға» рахмет айтамын. Соның арқасында шикізатқа онлайн тапсырыс беретін болдым. Өндірісті тоқтатпай, одан әрі жандандыруға мүмкіндік алдым.

Жалпы, дизайны ойластырылған етікке табан табу оңай шаруа емес. Қазір эксклюзивті аяқ киімге теріден жасалған табанды Түркиядан, Италиядан, Ресейден, Өзбекстаннан алғызамын. Бағасын, сапасын салыстырып, ең жақсысын таңдап аламын», – дейді кәсіпкер келіншек.

Қазір Орынгүл Баратжанның шағын цехында оншақты адам жұмыс істейді. Олар күніне 10-нан 15-ке дейін аяқ киім тігеді. Кәсіпкердің өндірісін кеңейтуге қаржылай қолдау керек.

«Қазір тек бір ғана станок жұмыс істеп тұр. Оның құны бір жарым миллион теңгеден асады. Бизнестің өрісін кеңейтіп, ауылдастарымды көптеп жұмысқа тарту үшін инвестордың көмегі керек. Тапсырыс екі есе көп болғанымен, күніне 10-15 аяқ киім ғана тігіп жатырмыз. Жуық арада инвестор тауып, цехымды аяқ киім фабрикасы деңгейіне дейін көтеремін деп үміттенемін», – дейді Орынгүл Баратжан.

Өткен жылдың басында «Қазақтелеком» талшықты-оптикалық байланыс жүйесі құрылысын аяқтаған соң Алматы облысының Райымбек ауданы аумағындағы радиобайланыс жүйесін де жаңалаған. Жүргізілген жұмыстар аудандағы телефон станцияларында кең ауқымды цифрлы құрылғылар қояға мүмкіндік берді. Өз кезегінде бұл ауылға сапалы әрі жылдам интернет жеткізді.

«Біз еліміздің шалғай өңірлеріндегі тұрғындарды, сол өңірдегі орта және шағын бизнесті заманауи цифрлы қызметпен қамтамасыз етуге дайынбыз.

Абоненттерімізге сапалы байланыс қызметі мен үздіксіз интернетті Райымбек ауданына тән кез келген ауа райы жағдайында жеткізуге тырысамыз», – дейді «Қазақтелеком» АҚ-ның Кеген-Райымбек аудандары бойынша жиілік-техникалық цехының басшысы Мақсат Әлімбеков.

Жалпы алғанда ауыл тұрғындарын талшықты-оптикалық байланыс жүйесі технологиясымен қамту жобасы бойынша Алматы облысындағы жұмыстар 2020 жылдың қарашасында аяқталды: аймақтың 159 ауылы интернет жүйесімен қамтылса, жалпы телекоммуникациялық қызметке қосылған үй шаруашылықтары Нарынқолда 4 мыңға дейін жетті.     

Жергілікті кәсіпті жандандыратын осындай мысал еліміздің 820 ауылында қайталануы мүмкін. Қазіргі уақытта бұл ауылдарда ұялы байланыс операторлары көрші ауылдарды да интернетпен қамтитын радиожиілік жүйесін қолға алған. Сол себепті қазақстан ауылдарында онлайн-бизнестің өркендейтін күні алыс емес.

Тегтер: