10 Қараша 16:14

Лавров синдромы: Еркек депутаттар Снежанна құрлы болмады!

Фото:

Күні кеше РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Российская газета» басылымында «Қазақстанда орыс тілінде сөйлейтіндерге ксенофобиялық көзқарас бар» деп жазған болатын. Аталған мәлімдеме әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қазақ қоғамының ашу-ызасын тудырды.

Тіпті Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева өзінің беларусь екенін ескертіп, Сергей Лавровқа «Басты қатырма!» деген еді. Өкінішке қарай, Снежанна Имашева қатқыл мәлімдемесін қазақ депутаттары қайталай алмады. Тіпті Мәжілістегі ең жас депутаттың бірі Елнұр Бейсенбаев «Лавровтың мәлімдемесімен танысқан жоқпын» деп айды аспанға шығарды. Сонда да болса Nege.kz порталы мәжілісменнен мән-жайды нақтылауға тырысты.

Е.Бейсенбаев. Фото: azattyq-ruhy.kz

– Кешегі Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың пікіріне байланысты депутат ретінде не айтасыз?

– Біріншіден, мен аталған мәлімдемемен танысқан жоқпын.

– Бүкіл әлем біліп отырған мәлімдемені неге білмейсіз?

– Бүкіл әлем біліп жатыр. Бірақ мен танысқан жоқпын. Қазір отырып танысамын.

Екінші мәселе, Қазақстанда басқа ұлт өкілдеріне немесе өзге тілді пайдаланушыларға ешқандай шектеу жоқ. Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Әрине қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан оның мерейі де, мәртебесі де өзге тілге қарағанда әрқашанда жоғары және биік тұруы қажет.

Сондықтан да мұндай мәлімдемелер негізсіз. Өйткені Қазақстанның тұрғыны ретінде әрі өзге ұлт өкілдерімен жұмыс істеп жатқандықтан өз дәлелімді келтіре аламын. Ешқандайда қысым көрсетіліп жатқан жоқ.

– Лавровтың пікіріне байланысты кешелі бері қарапайым адамдардан бастап әртүрлі деңгейдегі азаматтар өз ойын ортаға салып жатыр. Ал сіздің «Әлі танысқан жоқпын» деп айтуыңыз депутат деген атыңызға сын емес пе?

– Біріншіден, әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарына шыққан мәлімдемесін оның жеке аузынан видео арқылы көрген жоқпын. Тек қана бұқаралық ақпарат құралдарына шықты. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. 

– Видео емес, ол мақала ретінде жазды...

– Иә, ол мақала етіп жазды. Бірақ мен аталған мақаламен танысқан жоқпын. Бүгін мен міндетті түрде танысамын. Бірақ ол ксенофобия секілді мәселені көтеріп жатса, мен оны негізсіз деп есептеймін.

С.Лавровтың даулы мақаласы. 

– Жас депутат ретінде кеш қимылдап отырған жоқсыз ба? Кеше оқуға болатын материалды бүгін оқимын дегеніңіз қалай?

– Біздің бұдан басқа да жұмыстарымыз жеткілікті. 

– Сыртқы істер министрлігі әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Қазақстан Лавровтың сөзіне неге түсініктеме бермей отыр?

– Мұны Сыртқы істер министрлігінен сұрау керек шығар. Егер де мақаласы дәлелденетін болса, міндетті түрде ресми хат жіберіліп, Сыртқы істер министрлігі жауап алу керек. 

– Соңғы кездері ресми Кремльдің Қазақстанға қарсы мәлімдемесі көбейіп кетті. Ресми Ақорда қатаң түрде өз позициясын неге білдірмей отыр?

– Неге білдірмейді. Білдіреді ғой. Мемлекет басшысы Ұлттық сенім кеңесінде «Қазақстанда өзге ұлт өкілдерін қудалау немесе оларға шектеу жоқ» деп бірнеше рет айтты. Ал кейбір азаматтардың пікірін Ресей мемлекетінің ресми позициясы деп есептемеймін.

– Сергей Лавров қарапайым адам немесе депутат емес, бір елдің Сыртқы істер министрі. Оның көзқарасы ресми Крельдің позициясы болып саналады...

– Тағы да қайталап айтайын, ең бірінші оның мәлімдемесімен танысайын. Бірақ олардың айтқаны негізді болса, оған міндетті түрде Сыртқы істер министрлігі тарапынан хат жолдануы керек. Егер оның сөзі расталатын болса, оған жауап берілуі керек.

– Қарапайым халық «Депутаттар ұйықтап жатады» деп сіздерді сынап жатады. «Сергей Лавровтың мәлімлдемесімен бүгін танысамын» деген сөзіңіз сіздің ұйықтап жүргеніңіздің дәлелі емес пе?

– «Ұйықтап жатады» деген сіздің пікіріңіз ғой. Біз басқа да жұмыстармен айналысып жатамыз. Бір адамның негізсіз мәлімдемесі мен үшін қызық емес шығар.

– Ресейдің депутаттарынан бастап жоғары шенді азаматтарына дейін Қазақстанның территориялық тұтастығына қарсы мәлімдемелер жиі айтатын болды. Қазақстанға қарсы көзқарастағы мемлекетпен одақтас болу бізге қажет пе? 

– Біріншіден, Ресей – біздің стратегиялық көршіміз. Қазақта «Көршіні құдай таңдайды» деген жақсы сөз бар. Бұл біздің қазіргі территориялық жағдаймыз. Сондықтан ол мемлекетпен одақтас болып, байланысуға біз міндеттіміз.

Снежанна Имашева: «Лавров басты қатырмасын!» 

– Міндеттіміз бе, мәжбүрміз бе?

– Міндеттіміз, мүдделіміз. Сіз мәжбүр дегенді қалай түсінесіз?

– Мәжбүр болу деген Ресей Қазақстанның солтүстігіне қатысты әлдебір әрекеттер жасамасын деп үндемей отыру...

–  Менің ойымша бұл негізсіз пікір (Күлді).

– Негізі одақтас мемлекет бір-біріне қолдау көрсету керек қой. Ал Ресей неге бізге доқ көрсете береді?

– Ресей президенті Владимир Путин «Қазақстанға қарсы сөздер Ресей билігінің позициясын білдірмейді» деп бір емес, бірнеше рет айтты. 

– Ресей бізге одақтас па, жау ма? Менің ойымша, кешегі Лавровтың сөзі одақтастың емес, жаудың сөзі секілді.

– Менің ойымша бір адамның көзқарасы (оның үстіне ол мемлекет басшысы емес) мемлекеттің мүдделі позициясын білдірмейді.

***

Елнұр Бейсенбаевтың сөзіне қарағанда, жоғары жақтан депутаттарға «Сергей Ларовтың сөзі Кремльдің пікірін білдірмейді» деп жалпылама сөйлей беріңдер» деген тапсырма берілгендей әсер қалдырды. Әйтеуір барлық депутат бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «Лавровтың сөзі ештеңе шешпейді» деп қайталаумен болды.

Мәселен, Мәжіліс депутаты Ержан Құдайберген «Ресей шенеуніктерінің сөздеріне мән бермеу керек» деді.

Депутат Е.Құдайберген. Фото: egemen.kz

Мәжіліс отырысынан кейін Лавровқа қарата батыл сөз айтқан Снежанна Имашеваны көріп, қосымша сұрақ қойғымыз келген. Бірақ ол «мен өз сөзімді айттым» дегендей жылы жымиды. Біз де оны артық қинамай, кешегі батылдығы үшін алғыс айттық. Қанша дегенмен еркек депутаттар айта алмаған сөзді өткір айта білді...

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: