10 Тамыз 15:35

Құпия құжат: Күзде төтенше жағдай қайта орнауы мүмкін

Фото:

Nege.kz порталының редакциясына тұрақты оқырманымыздан аса қызықты құжат келіп түсті. Мұны ресми құжат деуге бола ма, болмай ма, ол жағын әзірге білмейміз.  Бір анығы, бұл туралы әр-әр жерде айтылып жүргенімен, еш жерде ресми жарияланған жоқ. Мұнда біздің де оқырмандарымыз білуге тиісті жайттар бар деп есептедік.

Қолға тиген құжаттағы көрсеткіштер мен болжамдарға сенсек, коронавирус індетінен жуық арада құтыла алмайтын сияқтымыз. Біздің мемлекет қазірдің өзінде індеттің екінші, үшінші толқынына амалсыздың күнінен дайындыққа көшкендей. Ол үшін арнайы сценарий де жасалып, алдын ала қандай міндеттемелерді орындау керегін жіпке тізіп қойыпты.

Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ә.Исекешев пен президенттің көмекшісі Тамара Дүйсенова мемлекеттің алдағы індет толқынына дайындығын пысықтапты. Бұл жолғы консенсус-болжамға белді жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтар, тіпті Ресей, АҚШ-тың мамандары да тартылатынға ұқсайды.

Екі сценарий: Не айтылды?

Бірінші сценарий. Денсаулық сақтау министрінің болжамына сәйкес, 2020 жылдың соңына дейін індет жұқтырғандар саны 2,5 млн адамға жетеді, оның ішінде 550-600 мың адам ауруханаға жатқызылады. Қайтыс болғандар саны биіліктің іс-әрекетіне қарай 20-40 мыңның шамасында болады. Ал қазан-қараша айындағы індеттің шарықтау кезеңінде ауруханада орынға деген сұраныс 85 мыңға жетеді. Қазіргі кезде қорда 56 мың орын бар.

Екінші сценарий. Қауіпсіздік кеңесі аппараты мен «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ бірлесіп жасаған болжам бойынша 2020 жылдың аяғына дейін КВИ мен пневмония жұқтырғандардың саны 2,6 млн адамға жетеді. Жыл соңына дейін барлығы 722 мың адам ауруханаға жатады, оның ішінде жыл соңына дейін 125 мың адам бір уақытта түседі. Алайда, бүгінде бұл жағынан күшіміз 56 мың орыннан аса алмайды. Орын қорын қыркүйекте 10 мың, қазанда 24 мыңға, қарашада 41 мың орынға арттырады. Өлім-жітім де биліктің іс-әрекетіне байланысты 17 мыңның төңірегінде болады. 

Екінші толқын қауіпті ме?

Коронавирус індетінің екінші толқыны келгенін британдық және ресейлік эпидемиологтар ресми түрде мойындады. Айталық, британдық ғалымдар алдағы қыс мезгілінде жағдайдың қалай өрбитіні жайында математикалық модель құрастырды. Алынған мәліметке сәйкес, ауруханаларда вирустан және оның асқынуынан 24,5 мыңнан 251 мың адамға дейін көз жұмады. Індеттің шарықтау уақыты қаңтар-ақпан айына дөп келеді. Бұл болжамға карантин шараларын күшейту, әсері жоғары дәрі-дәрмек немесе екпенің табылуы деген сияқты жайттар есепке алынбады.      

Денсаулық сақтау министрлігінің бас инфекционисті, Сеченов университетінің профессоры Владимир Чуланов Ресейдегі індеттің екінші толқынына байланысты өз болжамын жасады. Оның пікірінше, күзде індеттің өршуі жоғарылауы мүмкін.

«Мектепте, ЖОО-да сабақ басталып, жұрт демалыстан оралады. Бұл кез респираторлық инфекцияның қозатын уақыты. Бірақ екінші толқын біріншісіндей қатты болмайды» дейді маман.

Демек, дәл қазір бізге қандай ресурс қажет? Ресурс дегенде, медициналық құралдар, ауруханада орын жетіспеу мәселесі, дәрі-дәрмек тапшылығы, медициналық қызметкерлеріне үстемақы төлеу, тағы басқа қаржыландыруды талап етеді.

Үкімет Денсаулық сақтау министрлігінің есебіне сәйкес, бәрін алдын ала есептеп, қосымша орын жабдықтауға, қажетті дәрі-дәрмек мен медициналық құралдар сатып алуға, сондай-ақ, медицина қызметкерлеріне үстемақы төлейтін қорды кеңейтуге қаржы бөлуі керек. Сол сияқты аймақтардың бюджетін нақтылап, қажет болса Үкіметтің қорынан ақша қарастыруды қамтамасыз ету керек.

Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылуы мүмкін

Болжамға сәйкес, күзде індет жұқтырған науқастар саны күніне 6 мың адамға жетеді. Соған байланысты қазан-қараша айларында Төтенше жағдай режимі енгізілуі мүмкін. Не болмаса, кейбір өңірлерде ғана режимді қатаңдатуды қолға алу керек.

Ол үшін қаржыландыру тетігін кеңейтуді қарастыру қажет.  Яғни, гуманитарлық, демеушілік көмектерді мемлекеттің балансына алып, негізгі және қосымша шараларды қабылдау тиіс.

Бірінші, жеке және заңды тұлғалардың карантин режимін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартып, сондай-ақ індетке қарсы күрес кезінде саяси және мемлекеттік қызметкерлердің өз міндетін орындау барысында бюрократияға жол бермеуін қадағалау керек.  

Екінші, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік құруды қолға алған дұрыс. Төтенше жағдай, тіпті эпидемия кезінде де мемлекеттік органдардың жұмысын ұйымдастыруды мойнына алуы керек. Министрлік Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, Казавиаспас және санитарлық авиация, гуманитарлық көмекті бақылау мен жеткізу, сейсмикалық қауіпсіздік және басқа да азаматтарды қорғау мәселесіне қатыса бар құрылымдардың жұмысына қан жүгіртуі  тиіс.

Үшінші, төтенше жағдай кезінде Оперативті штаб жұмысын қайта құрылымдау. Штаб бір институттың базасында құрылып, өзінің жеке орталығы болуы керек, бәлкім тәулік бойы жұмыс істеуі мүмкін. Оның құрамында түрлі эксперттер, жалпы жағдайға талдау жасайтын аналитиктер тобы, індеттің таралуына болжам жасайтын математиктер тобы болуы ләзім.  Штаб жетекшісі ретінде Премьер-министрдің бір орынбасарын тағайындап, оны басқа міндеттер мен тапсырмалардан босатуды қарастырған жөн. Ал облыстық дейгейдегі штабтардың жетекшісі әкім орынбасарлары болуы керек.

Штаб: бірінші, ауруханалардың медициналық құралдармен жабдықталу мәселесін шешу керек. Екінші, дәрі-дәрмектің тұрақты қорын құруы тиіс. Дәрі-дәрмек сатып алуға ел аумағында жұмыс істейтін отандық, шетелдік бірлескен компанияларды қайырымдылыққа тарту. Үшінші, індеттің екінші толқынына дейін қажетті дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдықтар, екпе сатып алуды ұйымдастыру керек. Қазірдің өзінде Сыртқы істер министрлігі Ресей, АҚШ, Қытай, Еуроодақ елдерінің мемлекеттік органдарымен келіссөз орнатып жатыр.

Денсаулық сақтау министріне қойылған үш міндет

Бірінші, коронавирус инфекциясы жағдайын тұрақтандыру. Медициналық мекемелердің жұмысын жүйелеу, яғни, өлім-жітім деңгейін төмендетуге күш салу. Екінші, жоспарлы медициналық қызметпен қамтамасыз ету. Үшінші, күз-қыс мезгілінде эпидемияның тез өршіп кетуіне дайын болып, өлім-жітім көрсеткішінің өсуіне жол бермеу. Ол үшін қандай шаралар атқарылуы керек?

Денсаулық сақтау жүйесінде Санитарлық-эпидемиологиялық және биологиялық қауіпсіздігі комитетін қайта құрып, оны басқаруды Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасарына беру керек.

Соңғы кезде дерті асқынып, соңы өлімге әкелгендердің көбі – дәрігерге қаралмай, өз бетінше емделгендер, соның салдарынан ауруханаға ауыр жағдайда түскен. Сондықтан халықтың жергілікті емханаға тіркелуін қатаң қадағалау керек. Бұл тұрғындардың есепке алынып, ерте диагностика жүргізуіне мүмкіндік туғызады. Яғни, емханаларда тек коронавирус дертімен ғана айналысатын мобилді топтар құру керек. 

Бұдан өзге тәжірибелі реаниматолог, пульмонолог, эпидемиолог, инфекционист мамандардан тұратын жылдам әрекет ететін реанимациялық тобын Алматыда, басқа да өңірлерден құру қажет. Топтың негізгі мақсаты – ағымдағы жағдайды мониторинг арқылы біліп, науқастардың ауру деңгейін асқынуына орай топқа бөліп, онлайн кесте арқылы ақпарат беріп отыру. Яғни, барлық клиника жанынан тәжірибелі реаниматологтардың арнайы пулын жасақтау тиіс.   

Республикалық COVID орталығын ашып, індетті қалай емдеу керектігі жөнінде мықты практик дәрігерлердің ұсынысына мониторинг жүргізу.

Алда не күтіп тұр?

Індеттің екінші толқыны қалай болатыны белгісіз. «Сондықтан осы бастан бәріне дайын болған жөн» деп ескертілген әлгі құжатта. Медициналық нысандар мен көп қабатты тұрғын үйлердің жылу маусымына дайындығына көңіл бөлген жөн.

Азық-түлік қауіпсіздігі де басты мәселе. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары Мемлекеттік азық-түлік корпорациясымен бірлесіп, отандық өнім өндірушілер мен фермерлік шаруашылықтардан азық-түлік сатып алуды ұйымдастыру керек. 

Жұмыссыздар санының артуына байланысты «Еңбек» бағдарламасы аясында жастар практикасын ұйымдастыру қажет. Азаматтарға қайта білім беру бағдарламасын кеңейтіп, микронесие алуға мүмкіндік жасау керек. Сондай-ақ, 2020-2021 жаңа оқу жылына дайындықты пысықтап, қашықтан оқу процесін жеңілдетіп, осы тұрғыда халықтың шығындарын қысқарту тиіс. Тез арада барлық елді мекендерді интернет желісіне қосып, оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету керек.

Редакциядан: Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев пен Президенттің көмекшісі Т.Дүйсенованың аты-жөні жазылған бұл «құжаттың» анық-қанығын алдағы күндері құзырлы органдарға арнайы сауал жолдау арқылы білетін боламыз. Әрине, егер сауалымызға нақты жауап алар болсақ...

Тегтер: