28 Желтоқсан 15:24

«Құдай қаласа... Экс-президентті қылмыстары үшін жазаға тартуға мүмкіндіктер бар» – Депутат

Фото:
Бұдан былай бұрынғы президенттердің билікте отырған кезінде

жасаған қылмысы дәлелденсе, оны жауапқа тартуға болады. Бұл Елбасы туралы заңның күші жойылған соң мүмкін болмақ.

Ал Бұрынғы президенттер туралы заң жазаға тартуға ешқандай тосқауыл бола алмайды. Мәжіліс депутаты Айдос САРЫМНЫҢ NEGE-ге берген түсініктемесінен осыны аңғаруға болады.

– Экс-президенттер қазір қылмыс жасаса, бұрын жасаса да, бәрібір. Кім болса да. Сотқа тарту, прокуратураға тарту және басқа да мүмкіндіктері бар. Заң бойынша, прокуратураға, тергеу органдарына, сотқа шақыруға болады.

2000 жылы Елбасы туралы заң қабылданған кезде Конституцияға сәйкес келмейтін көп дүниелер болды.

Бұрынғы заңда экс-президенттің және оның отбасының иммунитеттері бар. «Тек қана мемлекетке опасыздық жасаса ғана жауапқа тартуға болады» деген өрескел норма болған. Құдай қаласа, енді солар күшін жояды.  Енді осының бәрі заңға, Конституциялық референдумның бағытына қарай сәйкестендіріледі деп ойлаймын.

Біздің Қазақстанда Президент туралы конституциялық заңға сай кез-келген экс-президенттердің мүмкіндіктері мен артықшылықтары бар. Мысалы, мемлекеттік күзет, зейнетақы, шипажай демалысы тәрізді заңда белгіленген нормалар бар. Бұлар бірінші, екінші, тіпті жүзінші президентке де қатысты.

Сіз өзіңізді экс-президент ретінде елестетіп көріңіз. Егер ұрлық жасасаңыз, біреуді көлікпен қағып кетсеңіз, жауапқа тартыласыз.

Президент туралы конституциялық заң бар. Ол заңда отбасы мүшелеріне қатысты ештеңе жоқ. Соның бір-екі баптары бұрынғы президенттерге қатысты. Онда медициналық, әлеуметтік және мемлекеттік қорғауға қатысты мәселелер ғана қамтылған. Басқа қырынан алғанда, Қазақстанның өзге азаматтарынан елеулі айырмашылығы жоқ. 

 

Жұрт түсінбей жатқан бір нәрсе бар. Журналистердің өзі: «Бүгін неге қабылдай салмады?» – деп сұрап жатыр. Осыған толыққанды жауап айта кетейін.

Жаңа қабылданған заңдар және парламенттің жаңа регламенті бойынша, конституциялық заңдар тек қана палаталардың бірлескен отырысында қабылданады.

Қазір сенат сайлауы өтіп жатыр. Жартысы жоқ. Сондықтан заң жобасын жұмысқа алып, жұмыс тобын құрып, оған енгізілетін және толықтырылатын нәрселерді заңгерлермен ақылдасамыз. Сенат толығымен жасақталған кезде палаталардың бірлескен отырысы болады. Сонда екі оқылымда қабылданады.

Тегтер: