21 Қараша 16:07

Қожамжаров Кексельді НЕГЕ қорғаштайды?

Фото:

Сенат отырысынан кейін журналистер Қайрат Қожамжаровты «ұстап алып», Кексельдің ісіне қатысты түсініктеме алды. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.

«Сенатор Қайрат Қожамжаровтың бұл қылмыстық іске қатысы не?» деген заңды сұрақ туындайды. Біріншіден, Қайрат Қожамжаров Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросын басқарып тұрған кезде (ол кезде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрамында – ред.) Олеся Кексель қоғамда резонанс тудырған қылмыстық істерді тергеу тобына жетекшілік жасады.

Қожамжаров Бас прокурор болып тағайындалғанда Кексель Арнайы прокурорлар қызметін басқарды. ІІМ-нің Кексельге қатысты қарап жатқан ісі де осы кезбен тұспа-тұс келеді. Сол себепті де журналистердің Қожамжаровқа сұрағы аз болмаса керек-ті. Оның үстіне бүгін «Кексельге қатысты іс тоқтатылды» деген хабар тарап кетті.

Сонымен, сенатор бұрынғы кадрына қатысты іс туралы не дейді?

«Арыздың екі ай бұрын түскенін білемін. Сенбі күні оған хабарласып, «қылмыс құрамы жоқ болғандықтан іс тоқтатылды» деген. Шу содан басталды. Мүмкін қайта қарайтын шығар, оны білмедім. Мен мұны Кексельдің өзінен естідім. Тергеуші хабарласып, істің тоқтағанын айтқан» дейді Қожамжаров.

2017 жылдың желтоқсанында Қ.Қожамжаров ұлттық бюро басшылығынан кетіп, Бас прокурор болып тағайындалды. Сол кезде қадағалаушы органға өзімен бірге бірнеше кадрын ала кетті. Олардың ішінде Олеся Кексель де бар.

«Олеся Ивановнаны жоғарғы дәрежелі кәсіби маман және өте таза адам ретінде білемін. Сондықтан да оны жұмысқа шақырдым. 2017 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілуіне байланысты прокуратура органдары қылмыстық тергеу функцияларын бөліп алды. Соған қарай арнайы топтар құрылып, маңызды қылмыстық істерді қараумен айналысты. Бұл, біріншіден, басқа да құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты немесе өзге де аса дақпыртты істерге байланысты. Сондықтан оны (Кексельді – ред.) мен өзім шақырдым. Ол келісімін берді, сол үшін оған алғыс айтамын. Аз уақыт ішінде оның жетекшілігімен өте маңызды істер қаралды» деді Қ.Қожамжаров.

Іс қозғауға себеп болған «дәлелдер азаптау жолымен алынды» деген айыпқа сенатор былай дейді: «Бұл Шкарупаның ісіне қатысты екенін айтқым келеді. Кім арыз жазғанын сіздер білесіздер. Сол кезде ұрлық ісі бойынша Шкарупаға қарсы түсініктеме берген. Біз бір нәрсені ұғуымыз керек, мұндай түсініктеме жедел-іздестіру шараларының нәтижесімен бекітілген. Яғни басқа да дәлелдермен нақтыланған. Менің ойымша, бұл – қорғанудың бір тәсілі. Өйткені дәлел азаптау арқылы алынды деп есептелсе, ол заңдық күшін жояды».

Іле-шала ІІМ-нің баспасөз қызметі мәлімдеме жасап, Олеся Кексельге қатысты істің тоқтатылмағанын хабарлады.

«ІІМ Кексельге қатысты іс тоқтатылды деген хабар шындыққа жанаспайды. Тергеу жалғасып жатыр. Оған қатысты іс тоқтатылған жоқ» дейді министрліктің баспасөз қызметі.

Осындай қым-қуыт хабарлар ағымына қарап-ақ, Кексельдің ісі талайлардың ұйқысын қашырғанын байқауға болады. Қожамжаровтың өз кадрын қорғаштауы түсінікті де. Өйткені Кексельдің кінәсі дәлелденсе, таяқтың бір ұшы сенаторға да оңбай тиюі әбден мүмкін...

Nege.kz  

Тегтер: