11 Наурыз 15:55

Коронавирус есігіңізді қағып тұр

Фото:

Бүгін сағат 11-де Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында коронавирус инфекциясының таралуына қарсы әрекет ету шаралары туралы баспасөз мәслихаты өтуі керек еді.

Оған Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев пен Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова қатысуы тиіс болатын. Алайда, журналистер жиналып, сақадай-сай отырғанда «Баспасөз мәслихаты болмайды» деген хабар келді. Неге?

Бұдан соң біз дереу Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевқа телефон шалып, баспасөз мәслихатының неге өтпей қалғанын сұрадық.

«Әкімшілік «отмена» жасатты ғой. Біздің де басшыларымыз бар. Соларды тыңдаймыз», – деп қысқа қайырды.

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіндегі Әлібек деген жігіт: «Әкімшілік рұқсат бермеді дей ме? Кім айтты? Солай деді ме? Негізі жиналыс болу керек, соған кетіп қалып еді ғой...» деп, осы шараға жауапты басшысы Диляра Аленованың телефон нөмірін берген.

Тек ресми тілде сөйлейтін баспасөз хатшысы Диляра Аленова: «Біздің спикерлердің жұмыс кестесі өзгерді. Сөз сөйлейтін екі маман да келе алмады. Сондықтан баспасөз мәслихатын кейінге қалдырдық. Бірақ ақпаратын міндетті түрде жібереміз», – деп жауап берді. Біз Тілеухан Шілдебайұлының «әкімшілік отмена жасады» деген пікірін тілге тиек еткенде ғана баспасөз хатшысының кейінгі сөзі күлбілтеленіп барып үзілді.

Баспасөз мәслихаты неге өтпеді? Бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшиннің «наконец-то, коронавирус наурыздың 11-16 аралығында елімізге келуі мүмкін» деген мәлімдемесінен кейін «Артық қыламыз деп, тыртық қылып алмайық» деді ме екен? Әлде, елімізге әлдеқашан жетіп қойған коронавирустың бар екенін және нақты қанша адам жұқтырғанын ашып айтудан қашқалақтап отыр ма? Бәлкім, министр Біртанов «жаман хабарды сендер айтыңдар!» деген бұйрық берді ме екен? Енді Жандарбек Бекшин айта ма, Тілеухан Шілдебаев жеткізе ме? Осы жағын шеше алмай, дал болып жатқан сияқты ма, қалай?

Әбілдаев пен Бекшин

Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі: «Барлық санаттар бойынша 4650 адам тексерілді, оның ішінде 1«а» санаты бойынша – 1217, 1 «б» санатында – 189,  2-санатта – 3244 адам бар. Ал 11 наурыздағы жағдай бойынша барлығы 3974 адам бақылауда тұр. Сондай-ақ, 90 адам дене қызуымен және жедел респираторлы вирустық инфекциялармен ауруханаға жатқызылды, олардың 20-сы – 1 «б» санатында, 2-санатта – 36  және 3-санатта – 34 адам. Ауруханаға жатқызылған 90 адамның 52-сі шығарылды. 38 адам ауруханада қалды», – деп хабарлады.

Айтпақшы, кәсіпкер Зейнолла Кәкімжанов Фейсбуктегі парақшасында әзіл-қалжыңды шетке ысыра тұру керегін жазыпты. «Кеше санитар дәрігердің айтқанын естіген жоқпын. Меніңше, ол елімізде Covid-19 диагнозымен жатқан науқастардың бар екенін айтуы керек. Олар вирус жұқтырғандардан алынған анализді Новосібір қаласына жіберіп, нәтижесін күтіп отыр. Алайда, зертхана жұмысы қауырт болғандықтан, біздің елге анализ сараптамасы 11-16 наурызда шығады деп хабарланған. Егер анализден анықталса, сонда олар «коронавирус бізге жетті!» деп жариялайды. Енді бізге вирусқа қарсы тұратын ерекше генетикалық қорғанышымызға сену ғана қалды. Ал шындап келгенде, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу мүшелері ауыратын қарт кісілерді оқшаулап, қажетті дәрі-дәрмек, азық-түлікпен қамтамасыз ету керек. Мемлекеттік жауапты адамдары жағдайдың ушығып бара жатқанын жеткізе алмаса, ең әуелі өзімізге ғана сену қалды» деп шындықтың бетін ашқандай болды.

Тегтер: