8 Желтоқсан 19:16

«Контора» контораға қарсы...

Фото:

 «Олимп» букмекерлік конторасының төңірегіндегі дау-дамай өршіп барады. Оған себеп – «Олимптің» кешегі мәлімдемесі. Апта соңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті бас прокуратурамен бірлесіп, «Олимп» букмекерлік конторасының кеңсесіне тінту жүргізген. ҰҚК жедел іс-шаралар кезіндегі видеоны да жария еткен.

 

Алдымен ҰҚК-нің мәлімдемесі турасында. «Контораның» баспасөз мәлімдемесінде былай делінген: «Заңсыз тапқан қаржыны шетелге шығарып әкететін канал анықталып, тоқтатылды. Қаржылық қылмысқа қатысты өзге де әрекеттер анықталды. 29 қараша күні Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты «Олимп» букмекерлік конторасының сауда маркасына тиесілі Only bet ЖШС және Alpha bet ЖШС-ға берілген лицензияны алты айға уақытша тоқтатты».

Енді «Олимп» букмекерлік конторасының мәлімдемесіне келейік. ҰҚК букмекерлік контораға тінту жүргізіп, видеосын әлеуметтік желіге салғаннан кейін «олимптіктер» әу деді. «Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 29 қарашадағы шешімі әлі заңдық күшіне енген жоқ. Жақын арада «Олимп» БК соттың лицензияны уақытша тоқтату жөніндегі қаулысына қарсы шағым түсіреді».

Әлеуметтік желіде осы мәселеге қатысты абың-күбің әңгіме толастамай тұр. Оның себебі бар. Букмекерлік контораның «тұтқынына» айналғандар аз емес. Бірі «жабу керек» десе, енді бірі мұны «бизнеске қысым» деп түсінеді. Мұны «күштік құрылымдар арасындағы майданның бір көрінісі» деп санайтындар да жоқ емес. Қалай десек те, көлеңкелі ақша жүрген жерде даудың қоса жүретіні белгілі.  

Nege.kz порталы бұған дейін «Олимп» букмекерлік конторасына қатысты мақала («Олимптің құлауы») жариялаған. Онда біз «Олимптің» басында кімдер тұрғанын айттық. «Олимптің» иелері Анарбек Жауыров, Жәнібек Жауыров және Ғалия Әбдіназарқызы – белгілі күйші әрі дирижер Орақ Жауыровтың балалары мен келіні.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімі әлі күшіне енбегені рас. Шешім 14 желтоқсанға дейін (15 күн) күшіне енуі тиіс. Енді қай «контораның» басым түсетіні де соттың түпкілікті шешіміне байланысты болмақ.

Nege.kz

Тегтер: