5 Маусым 16:36

Көлгіновтің кетуге арыз жазғаны рас па?

Фото:

Соңғы кездері Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке қатысты абың-күбің әңгіме көбейіп кетті. Әкімнің имиджін көтеруге жүздеген миллион теңге бөлінуі, қоғамда мұның қызу талқылануы, Байқоңыр ауданы әкімі мен Нұр-Сұлтан қалалық мәдениет және спорт басқармасы басшысының істі болуы тағысын-тағылар оған қатысты дау шоғын қоздата түскендей...

Нұр-Сұлтан қаласының әкіміне байланысты қоғамдық пікір біркелкі емес. Бір топ «Көлгінов отставкаға кетуі керек» десе, енді бір топ «жас әрі іскер әкімге мүмкіндік беру керек» деп есептейді. «Жоғарыдағы «қырғилар» бас қаланың жас әкімі «көгершін» Көлгіновке маза бермейді» дейтін пікір де бар қоғамда. Кешелі-бүгін «Көлгінов отставкаға арыз жазыпты» дегенді де құлағымыз шалды. Бұл қаншалықты рас?

Nege.kz порталының редакциясына хабарласқан тұрақты оқырманымыз Көлгіновтің басына қара бұлт үйіріле бастағанын айтты.

«Елорда әкімінің қарамағындағы шенеуніктердің бірінен соң бірі істі болуы тек қоғамда ғана жағымсыз пікір тудырып қойған жоқ, Ақорда мен Кітапхананы да ойландырып отыр. Оның үстіне Көлгіновтің екі бірдей орынбасары құзырлы органның назарын аударған. Мұның бәрі бекерден-бекер болмаса керек-ті. Қазір Көлгіновтің көңіл-күйі жоқ», – дейді оқырманымыз.

Алтай Көлгіновтің алты бірдей орынбасары бар: Асқар Әмрин экономика мен бюджетке жауапты, өндіріс пен өнеркәсіпке, инвестиция мен инновацияға Малика Бектұрова жауап береді. Алтынбек Қайсағалиев бітпей тұрған құрылыстың жұмысын қадағалап, қоршаған ортаны қорғауға міндетті болса, энергетика мен коммуналдық шаруашылыққа Ермек Қизатов жауапты. Идеология, ішкі саясат мойнына жүктелген Бақтияр Мәкен мен құрылыс және архитектураны қадағалайтын Нұрлан Нүркенов бар.

Оқырманымыз айтқандай, «құзырлы органның назарын аударған» екі орынбасар кімдер болуы мүмкін?

Алтай Көлгінов екі орынбасарын Оралдан әкелді. Олар – Алтынбек Қайсағалиев пен Бақтияр Мәкен. Бірақ «құзырлы органның назарын аударған» басқа орынбасарлар болуы да мүмкін. Сондықтан ресми хабарламаны күтеміз.

Кейбір мәселелерді Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаевадан білмекке, тілшіміз хабарласқан. Ашулы хатшыдан күдік сейілтетін нақты ақпар емес, тек «ақыл» естідік.

Нұрлан Сыдықовтың ісіне қатысты не айтасыз? Әкімнің екі орынбасары күдікке ілінгені рас па?

– Сіз журналист ретінде білуіңіз керек. Жемқорлық, тұтқындау бойынша Антикорға хабарласыңыз.

– Көлгіновтің отставкаға арыз жазғаны қаншалықты шындық?

– Сіз ең алдымен заңды оқыңыз. Заңда тікелей бастығы жазаланатыны айтылған. Ал басқарма басшысы әкімнің орынбасарына бағынышты. Бұдан бөлек кінәсіздік презумпциясы бар. Сот шешімі әлі шыққан жоқ. Тексеру жүріп жатыр. Сондықтан ол әлі кінәлі емес...     

Тегтер: