18 Желтоқсан 12:06

Көл түбінен күдікті іздеу операциясы

Фото:

Қарасудың лайсаңы шенділердің біразының бетпердесін сыпыруы мүмкін. Сыбайлас жемқорлық деңгейін, элитамыз деп әспеттеп жүргендердің ішіндегі бітіспес кикілжіңдерді, жүйенің құрылысы мен қалай жұмыс істейтінін айқындап берді. Бүгін сағат үште Нұр-Cұлтан қаласындағы Байқоңыр аудандық сотында бұрынғы энергетика вице-министрлері Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиевтің атышулы ісі бойынша алғашқы сот отырысы басталады. 20 айға созылған тергеу ісіне баспасөз араласа бастаған соң, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі апыл-құпыл бір жағына шығуға мәжбүр болғандай көрінеді. Мұны элита арасындағы егес жаңа кезеңге көтерілді деуге келіңкірейді.

Рас, бұл – қай жағынан алсаң да, өте күрделі іс. Шетелдік технологиялар, шетелдік мамандар тартылған. Бұрын соңды атқарылмаған шаруа. Туризмді дамыту мақсатымен қолға алынған бұл жобаға Шортанды-Бурабай курорт аймағының үш көлін тазалау кірген. Бөлінген қаржы 23 млрд теңгеден асып жығылады. Жұмыс алдымен Қарасу көлін тазартудан басталған. Дау-дамай да алғашқы көлден шықты.

Өздеріңізге мәлім, Сәдібековке «ақша жымқырудың күрделі схемасын ойлап тапты», ал Жақсалиевке «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып тағылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін ведомство өкілдері «ақша жымқыру үшін мердігер ұйымдардың басшыларымен сөз байласқан» дегенді айтады. Сәдібеков болса, тағылған айыптардың бірін де мойындап отырған жоқ. 2016 жылы қаңтар айында Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарғанын, ол кезде жоба түгілі, словактар және олардың зертханалары жайында ештеңе де білмейтінін меңзейді. «Мердігерлермен қарым-қатынасымыз жақсы бола қойған жоқ – олар біздің үстімізден үнемі сотқа арызданып жатты. 2015 жыл үшін ақшаның біраз бөлігін қайтаруға мәжбүрледік. 2016 жылға оларға 1,6 млрд теңге төлеген жоқпыз. Себебі батиметр жүргізіп, актілерде көрсетілген жұмыс көлемінің орындамағанын анықтадық. Осыған байланысты олар барлық жерге шағымданып, бізді сотқа берді. Енді бізді «қылмыстық істің сыбайластары» етіп шығарып отыр», – деп таңырқайды.

Оның сөзіне сенсек, тергеушілер көлде батиметрия жасап, көл түбінде қалған тұнбаны  өлшеген. Бастапқыда Қарасудың табанында 323 мың текше метр тұнба қабаты болса, қазір 174 мың текше метр қалған. Демек, көл түбінен 149 мың текше метр тұнба алынған. «Энергетика министрлігі дәл осы көлемге ақша төлеген! Осылайша, қанша тұнба алынғанын, қаншасы полигонда жатқанын тергеу нақты анықтаған», – дейді бұрынғы вице-министр.

Жемқорлыққа қарсы күрес органдары оның телефонын жасырын тыңдап, ондағы әңгімелерді негізге алған көрінеді.  «Құнын арттыру мақсатымен жобаға заңсыз түзету енгізді, сосын жалған орындалған жұмыстар актісіне жоғары баға көрсетіп, қол қойды» деп айып тағып отыр. 

«Шындығында түзету енгізілгеннен кейін баға көтерілген жоқ, керісінше, 86 млн теңгеге азайды. Гидроқоспалардың бір текше метрін тазалау жұмыстарының құны 2 370 теңгеден 550 теңгеге дейін түсті. Сонымен қатар жоба бағасынан ультрафильтрация жұмыстары алынып, 700 млн теңге үнемделді», – деп ақталады Сәдібековтің өзі.

Қарасу көлін тазалау жұмыстары атқарылмаса да, «министрлік оған ақша төледі» деген күдік бар. Тергеудің алғашқы күндері келтірілген зиянды 1,1 млрд теңгеден 3,5 млрд теңгеге дейін жеткізді.

2017 жылы Энергетика министрлігі Шортанды- Бурабай курорт аймағындағы Қарасу көлін тазалаумен айналысатын компанияға 3,6 млрд теңге төлепті. «Осы ақшадан миллиард теңгені қолма-қол ақшаға алмастырып, жымқырып кетті» деп жария етілді. Бірақ нақты сомасы әлі айқын емес.

«Өйткені қылмыстық іс ашылғанға дейін ешқандай тексеру, ревизия немесе аудит жүргізілген емес. Бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгерткен кезде сот осы жағдайды назарға алды», – дейді айыпталушылар.

Тергеу нұсқасы бойынша, бұл жұмыстардың бәрі қазынаға 500 млн теңге шығын әкелген. Қалғандары – жымқырылған артық төлемдер. Бұған вице-министрлердің өз уәжі бар.

«Өзінің қараңызшы, үш жыл бойы шетелдің технологиялары, тетіктері, тіпті, жұмысшылары жұмылдырылған күрделі жұмыстың құны 500 млн теңге ғана тұра ма? Ол жақта тек қана құрылғылардың өзіне мердігер 4,5 млн евро жұмсар еді!», – дейді Сәдібеков.

Сонымен, Қарасудың табанын батпақтан тазалағандар жемқорлық батпағына батты ма? Әлде жүйенің батпағына тап болды ма? Бұл сұрақтардың басы ашық қалды. Іс күрделі болған соң, ақ-қарасын ажырату кәсіби мамандардың өзіне де оңай соқпай отыр.  Есеп-қисабына мұқият көз жүгіртіп, технологиялардың қалай жұмыс істейтінін бағамдауды қажет етеді. Басты үміт – соттың қара қылды қақ жарар әділдігі. Ұрлық болды ма, жоқ па, әлде екі вице-министр екі түйе сүйкенгенде құрбан болған екі шыбын ба, оны ажырату енді соттың құзырында.

Айта кететін жайт, Сәдібеков соттың шешімімен 2018 жылдың наурыз айында қамауға алынса, Жақсалиев 2018 жылдың маусым айында үйқамаққа жабылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оларды Қарасу көлін тазалау жұмыстары кезінде мемлекет қаржысын қолды қылды деген күдікпен 2 жылға жуық уақыт тергеуге алған-ды.

Шадияр Өстемірұлы

Тегтер: