Клебановтың кесірінен қызылжарлықтардың мұрнына мұз қата бастады
Соңғы күндері Солтүстікте күн күрт суытып кетті. Күндіз температура +10 градустан көтерілмейді. Ал түнде -5 градусқа дейін аяз. Аз уақыт ішінде бес рет апат болған ТЭЦ-2 жылу электр орталығы әлі жөнделіп бітпеген. Бұл нысан Орталық-Азиялық Электроэнергетикалық корпорацияға (ЦАЭК) қарайды. Ал оның ар жағынан олигарх Александр Клебановтың құлағы қылтиып тұр...
Естеріңізде болса, биыл 20 наурызда Петропавлдағы ТЭЦ-2-нің түтін мұржасы құлап, 38 жастағы жұмысшы келіншек қаза тапқан еді. Осыдан кейін жеті күннен соң орталықтың бірнеше қазандығы бірден істен шықты.
Жылу орталығы былтыр және биылғы аязда бірнеше рет бұзылған. Энергетиктердің айтуынша, 1961 жылы салынған ТЭЦ-2 әбден ескіріп, қаусап тұр. Құрал-жабдығының түгелге жуығын қайта жаңалау керек.
Фото: pkzsk.info
Клебановтың тағы бір компаниясы «Севказэнерго» АҚ-ның баспасөз қызметі көктемде жөндеу жұмыстары басталғанын хабарлаған. Бірақ қай уақытта жөндеп бітетіндерін айта алмаған. Соған қарағанда, биылғы жылу беру маусымына үлгермейтінін олар білген сияқты.
Қызылжарлық тұрақты оқырмандарымыздың бірі редакцияға телефон соғып, халықтың мүшкіл жайын баяндап берді. Оның айтуынша, биылғы қыс қызылжарлықтар үшін нағыз сынақ болатын түрі бар.
«Үйіміз суық, электр тоғымен жылытатын құрылғылар қосып, амалдап отырмыз. Электр желісіне орасан салмақ түсіп, өрт шығуы мүмкін. Енді бірер күнде солтүстікке қақаған аяз келеді, сол кезде күніміз не болады?!», – дейді қызылжарлық М.Бекболов.
Форбстың есебінше, 580 млн доллары бар олигарх Александр Клебановқа «екі қойың – бір сом». Аузын қу шөппен сүрткен ол «ақша жоқ» деп иелігіндегі нысандарды жаңартпай отырған көрінеді.
Жалпы, Клебановтың есебі түгел. Қызылжарлықтардың мұрнына мұз қатып жатқанда ол қымбат аралдардың бірінде аяғын теңіздің жылы суына малып отыра береді.
А.Клебанов пен Қ.Ақсақалов. Фото: inform.kz
Клебанов Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаевты да, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловты да тыңдамайтын көрінеді. Ол тіпті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына да әдейі саботаж жасап жүрген болуы мүмкін. Әйтпесе, күн суығанда қызылжарлықтарды осылай қалтыратып-дірілдетіп қояр ма еді?
Облыс әкімдігіндегі ақпарат көзінің айтуынша, олигарх Клебановқа сөзі өтпеген әкім Ақсақалов Петропавлда төтенше жағдай жариялауға пәрмен беріпті. Егер төтенше жағдай жарияланса, барлық әлеуметтік нысандар: ауруханалар, мектептер, балабақшалар жабылады. Бұл онсыз да қалт-құлт етіп тұрған Құмар Ақсақалов үшін ауыр соққы болмақ. Ал халыққа тіпті обал.
Айтпақшы, «ЦАЭК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Игорь Юрьевич Ильин екен. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің ұлы. Петропавлда төтенше жағдай жарияланса, әкесіне ұлының артын тазалауға тура келеді.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің өкілі тілшімізге ертең сағат он екіде облыс әкімі Қ.Ақсақалов осы мәселеге қатысты жиналыс өткізетінін айтты. Жиынға ЖКХ өкілдері, «Севказэнерго» АҚ басшылары қатысады екен. Бәлкім, Ақсақалов осы жолы ағынан жарылатын шығар.
И.Ильин.
«Жылыту маусымы 24 қыркүйекте басталды. Басқа сұрақтарға жауап бере алмаймыз. Барлық мәселе ертеңгі жиналыста айтылады», – деді әкімдіктің баспасөз қызметінің өкілі.
Энергетика министрлігі бастапқыда: «Сұрақтарыңызды жазбаша жіберіңіз, сонда ғана жауап береміз», – деген. Артынша былай деді: «12 қазандықтың 4-еуі әзіргі жылытуға жетеді, құлаған түтін құбырының қалдықтары жиналып, оның жаңа құрылысы 2023 сәуірде басталады».
P.S. Ескі кланның өкілі Клебановтың Жаңа Қазақстан билігіне шекеден қарайтынын жоғарыда айттық. Ендеше, бүгінгі билікке стратегиялық нысандарды мемлекет меншігіне қайтарып алудың орайы келіп тұр деуге болады...