27 Қараша 22:18

Клебановтан Тоқаевқа «тосын сый»: Олигарх әдейі істеді ме?

Фото:

Кеше түнде Екібастұздағы жылу электр стансасында қазандықтардың жұмысы тоқтап, 30 градус аязда халық жылусыз қалды. Бұл стратегиялық нысан олигарх Александр КЛЕБАНОВҚА тиесілі.

Бүгін түске таман Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр СҚАҚОВ Екібастұздың жылу жүйесінде көптеген ақау табылғанын, апаттың ауқымы өсіп кетуі мүмкін екенін айтты. Ал Энергетика министрлігі апаттың себебін «төмен тарифтерден» көреді екен. Сонда министрлік кімнің мүддесін қорғап отыр? Олигарх Александр Клебановтың ба?

Кейбір деректерге қарағанда, Екібастұзда 130-ға жуық көпқабатты үй жылусыз қалғандықтан, қалада ішінара эвакуациялау жүргізілген. Сондай-ақ, 28 қарашада балабақшалар жұмыс істемейді, мектептер онлайн режимге ауысады.

Екібастұз қаласының әкімі Аян БЕЙСЕКИННІҢ айтуынша, Екібастұз ЖЭС-да жағдай тұрақты. Әзірге 5 қазандық агрегат жұмыс істеп тұр. Оның үшеуі – су ысытатын қазандық, қалған екеуі – энергетикалық.

Әкім А.Бейсекин күлбілтелеп, олигарх Клебановтың компаниясымен келіссөз жүргізілетінін айтты.

«Жылу жүйесінің жағдайына техникалық аудит жасау үшін сарапшы ұйымдармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы шаралардың қорытындысы бойынша рекомендация беріледі, біз Екібастұз жылу жүйесін модернизациялаумен айналысамыз. Меншік иелері, құрылтайшылар, акционер – Орталық-Азиялық энергетикалық корпорациясы бар екені түсінікті. Белгіленген мақсатқа жету үшін олармен де белгілі бір келіссөздер жүргіземіз», – деді А.Бейсекин.

Стратегиялық нысандарды мемлекет меншігіне қайтарып алатын кез келген жоқ па? Қыс енді ғана басталды, ал Екібастұздағы жылу стансасында осымен екінші рет апат болды. 

Біз бұған дейін олигарх А.Клебановтың кесірінен өткен айдың басында қызылжарлықтардың мұрнына қалай мұз қатқанын жазғанбыз. Одан кейін Орталық-Азиялық энергетикалық корпорациясының қалай діңкелей бастағанын сөз еттік.

Енді міне, Forbes тізімі бойынша Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі А.Клебанов Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенті ретіндегі алғашқы жұмыс күнінде осындай «тосын сый» жасады...

Тегтер: