17 Ақпан 16:19

КЛЕБАНОВ пен СКЛЯРДЫҢ «төбелесі»: Кім жеңеді?

Фото:

Сенаттағы парламенттік тыңдауда Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман СКЛЯРДЫ сенаторлар біраз сілкілемек болған. Скляр да бәле екен, «ұрымтал тұстан тиеді-ау» деген біраз сұрақтан жалтарып кетті...

Депутат Сергей ЕРШОВ Склярдан Алматының сейсмикалық мәселесін, Түркиядағы жағдай қайталанбасы үшін не істеліп жатқанын сұраған.

– Өздеріңіз білетіндей, бізде бір ғана институт бар, ол – сейсмикалық аймақтағы ғимараттарды жобалайтын, сараптама жүргізетін Қазақстанның құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты. Құрылыс нормаларына сай салынған біздегі нысандарға қатысты алаңдауға негіз жоқ. Құзырлы лауазымды адамдар бұған жауапты, – деп құтылды Скляр.

Өткен жылдың соңында Екібастұзда болған техногендік апаттан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ бірінші вице-премьер Р.Склярды сол жерге «көгендеп» кеткен еді. Бірақ Скляр өзіне жүктелген шаруаны шабан өгіздей әрең сүйреп келеді.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Скляр келгенде жылу береді екен де, ол кеткен соң қайтадан тістері сақылдап қалатын көрінеді. Ал Склярдың өзі болса, «бұған бәріміз кінәліміз, халықтан бірнеше рет кешірім сұрадым» деуден танар емес

NEGE порталы Екібастұздағы апат туралы бірнеше мәрте жазып, «Клебанов НЕГЕ жауапқа тартылмайды?» деген сұрақты қабырғасынан қойған. Алайда мұның жауабы әлі жоқ.

Коллаж: NEGE

Р.Склярдың өзі Екібастұз жылу орталығындағы 10 қазандықтың бес-алтауы жиі істен шығатынын, оларды жеделдетіп жөндеу керек болатынын мойындап отыр. Сөйте тұра «жылу ортылығының жағдайы жыларман күйде емес» дейді.

– Осы апат үшін құрылтайшылармен де, «Павлодарэнерго» басшыларымен де ауыр әңгімелер өтті. Олар өз кінәларын халыққа жаппауы керек. Түптеп келгенде, апатқа кінәлі өздері. Осыған жеткізді, – деді вице-премьер.

Естеріңізде болса, олигарх Александр КЛЕБАНОВ Екібастұз жылу орталығын мемлекетке 1 теңгеге беріп, бәрімізді ақымақ етпек болған. Алайда Үкімет мұны түсіне қойды.

Бұл туралы Р.Скляр бүй деді: «16 жыл бойы жылу орталығынан белгілі бір дивидендтер алып, сөлінің бәрін сығып, жай ғана қайтара салмақ. Олай болмайды. Олар енді бұл жерге ақша салуы керек. Наурыздың соңына дейін станцияға, жылу жүйесіне аудит жүргізіледі, содан кейін қанша қаржы салу керектігі, кім салу керектігіне қатысты шешім қабылданады. Бұған станцияның иелері қатысуға міндетті деп санаймын».

Клебановпен араларында «ауыр әңгіме» болғанын Склярдың өзі айтты. Ендеше, бұл «төбелесте» кімнің жеңгені наурыздың аяғында белгілі болмақ.

Тегтер: