22 Маусым 13:49

Қыжыртпа. Береке басы – «бесінші түлік»

Фото:

Басымызға бақ кейіндеп қонатын халықпыз ба, әйтеуір, ақылымыз да түстен кейін кіреді ғой негізі. Шошқаның субсидиясы туралы шу басталғанда, аталы сөз айтатын ең құрса, бір кісі табылар деп күткен едік. Болмады. Одан бері де оншақты күннен асып барады «Өй, қойыңдаршы, болмашы тиын-тебенді әңгіме қыла бермей, доңыз да Құдайдың жаратқан хайуаны ғой» дейтін бір қазақ бәрібір шыққан жоқ.

Сондықтан ел әбден жауыр қылған мәселені қайтадан езбей, бірден айтпағымызға көшейік: Ауыл шаруашылығы министрінің не дегенін көрдіңіздер, «Экспортқа айдаймыз» деді. Аграралық саланы жетік білетін Қазақстанда екі адам болса, соның бірі – Қазақстан фермерлері одағының төрағасы Жигули Дайрабаев деген кісі.  Енді осы кісінің сөзіне қараңыз: «Шошқа саны да, оның өнімін өндіру көлемі де жыл сайын азайып келеді. 2020 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша шаруашылықтардың барлық санаттарында 813 мың бас шошқа бар. Бұл 1990 жылғы есеппен салыстырғанда 4 есе кем. Оның 61 пайызы үй шаруашылықтарына тиесілі. Оларға үкімет тарапынан ешқандай субсидия берілмейді».

Ендеше, онсыз да басы азайып бара жатқан шошқаға субсидия беруге неге болмайды? Қазақстандықтардың бәрі бірдей қойдың басын мүжіп жатқан жоқ қой, елімізде шошқаның сүбесін сүйсініп жейтін халықтар да бар. Оның үстіне, шошқаға субсидия бергеннен еңіреген экспорт бәрібір бізге жоқ. Аяқасты шошқа көбейіп кетіп, доңыз етін арбалап шетелге өткізіп жатсақ, тіптен жақсы болар еді. Бірақ ол арман ғой бізге.

Арман ғой дейтініміздің себебі бар. Қазақстан шетелге ет өткізіп байымақ болған тірлікті осыдан оншақты жыл бұрын бастап кеткен. Сөйтіп, шетелден құны удай сиыр тасу басталды. Жоспар сұмдық еді. 2016 жылы Ресейге 60 мың тонна, 2020-да 180 мың тонна ет сатып, шытырлатып ақша санап отырмақ болғанбыз. «Қазагроны» басқарып тұрғанда осы жобаның соңына мықтап түскен бүгінгі Қазақстан Ет одағының төрағасы Асылжан Мамытбеков 60 мыңдық межені көзделген уақыттан үш-төрт жыл өткізіп барып, 2019 жылы ғана игерді. Бірақ бұл ет экспорты бір жүйеге түсті деген сөз емес. Қазір білетіндер Мамытбековті «мырқиып қалды» деп жүр. Оның себебі 2019 жылы (264 мың қойды есептемегенде) 156 мың бас ірі-қара шетелге тірідей сатылып кеткен. Бұл аз ба, көп пе? Мына мысалға қараңыз: мемлекеттік бағдарлама бойынша 5 жылда шетелден, онда да алыс шет мемлекеттерден 72 мың сиыр сатып алған екенбіз. Ал Ресей, Өзбекстан секілді көрші елдерге бір жылда 156 мың бас сиырды тірідей сатып жібергенбіз.

А.Мамытбеков

Бұл деректерді біреулер Қазақстанда мал саны көбейген шығар деп ойлауы мүмкін. Жоқ, олай емес. Олай болмайтыны, ауыл шаруашылығы министрлігі шетелге тірідей мал сатқан шаруаларды қолдарына құрық ұстап жүріп 2020 жылы әрең тоқтатты. Айтпақшы, сол тұста А.Мамытбековтің «тірі малдың экспортын шектеу дұрыс емес» деп фермерлерді қолдаған түр көрсеткені бар. Мұны әркім әрқалай түсінді. Ал ет өндірісінің егжей-тегжейін білетіндер «тірі малдың азаюына Мамытбековтің өзі де мүдделі» деп болжады. Олардың ойынша, шетелден ұшақпен мал тасу әлі тоқтаған жоқ. Тіпті үкіметтің 2027 жылға дейінгі бағарламасы бар. Демек мемлекеттен қыруар ақша бөлініп, шетелден сиыр қуу әлі де жалғасады деген сөз. Міне, осыны түсінгенде, ет экспортының неге мандымай жатқанына болжам жасаған сарапшылардың ойына қосылмасқа әддіңіз қалмайды. Өйткені алыс шетелден сатып алған малды жақын шетелге тірідей сатып жатсақ, мұның қай жерінде ет экспортының сиқы бар?!

Әңгімеміз сиырдың құйрығындай созылып кетті ме, бас тақырыпқа қайта оралайықшы. Егер қазақ билігі шынымен де сиырдан таппаған берекені талпақ танаудан іздеген болса, бұл өте дұрыс шешім. Егіз туатын сиыр жоқ, шошқа кемінде сегіз табатынын білесіз. «Жылқыны көбейтеміз деп жота-жотада айғыр іздеп жүргенше, осы бәлекетіңді үйірімен батпаққа матап бақсақ қайтер екен?!» деген ой біреудің басына келуі де мүмкін ғой.

Бұлай дейтініміз, біздің шенділер баяғыда «есек бағайық» дегенді де айтқан.  «Қазір Қытай тарапынан есектің еті мен терісіне сұраныс артып отыр. Осыны ескеріп Қазақстанның оңтүстік аймақтарында арнайы шаруашылықтар ашпақпыз. Ол жерлерде арнайы Қытайға экспортталатын есектер өсіріледі», – деген еді 2016 жылы сол кездегі ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева. Бірақ жоғарыдағылар есек өсіргенді ар санады ма, бұл жоба кейін сөз болмады. Қазір ешкімнің есекке субсидия сұрап жүрмегеніне қарағанда, Исаеваның тәп-тәуір бастамасы жанбай жатып сөнген секілді.

Ал бірақ шошқаға сөз жоқ. «Қытай алмай қойды, енді қайттық» дейтіндей есек емес, шошқаның етін Ресей мен Беларусь-ақ қағып әкетеді. Сондықтан билік өкілі тарапынан шошқаға ерекше ынта байқасаңыз, «Әп-бәрекелді!» деп арқадан қаққанның ерсілігі жоқ. Өйткені бұл жерде халық үшін ең маңызды бір мәселе бар: егер қора-қопсы қорсылдаған торайға толып, экспорт әп деп жүріп берсе, ірі-қара экспорты санаттан түсіп қалуы мүмкін. Білмесеңіз айтайық, шетелден ірі-қара сатып алуға жұмсалып жатқан миллиардтардың қасында шошқаның субсидиясы теңіздің қасындағы шұқанақтай ғана. Демек мемлекеттің ақшасы ысырап болмайды. Бұл – бір. Екіншіден, экспорттың «көмейін» шошқаның етімен тығындаған соң, өз малыңыз өзіңізге қалады. Міне, осы үшін ғой бағанадан бері түсіндіріп әлек боп отырғанымыз, әйтпесе торай баққандардан таралғы алғысы кеп отыр дейсіз бе?!

Тегтер: