20 Желтоқсан 18:28
...

«Кезекті сценарий» – депутаттар Қайрат САТЫБАЛДЫНЫҢ ісіне қатысты пікір білдірді

Фото:
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының шетелге заңсыз асырған 120 млн доллар қаражатын елге қайтарғанын мәлімдеді. Алайда NEGE

тілшісіне сұхбат берген депутаттар мұны алдын ала жоспарланған сценарийге балап отыр.

Е.Бапи. Фото: ғаламтордан

– Бір-екі күн бұрын сот Қайрат Сатыбалдыны шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға қарсылық білдірген. Енді ол 120 млн доллар қайтарды. Келесі жолы, алты айдан кейін қайтадан өтініш береді. Сол кезде «өткен жолы біз қарсылық білдіргенбіз, енді барлық жағдай өзгерді» деп, оны бостандыққа шығарып жіберуі мүмкін. Ол 120 млн долларды қайдан алып, қайда беріп жатқанына менің таңым бар. Егер ол бір жерден 120 млн доллар алып жатса, яғни ол жерде миллиардтар жатыр деген сөз. Сондықтан бұл кезекті бір сценарийдің жобасы деп ойлаймын, – дейді Мәжіліс депутаты Ермұрат БАПИ.

Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару ісін сынға алып, ашықтық жоқ екенін Парламент мінберінде жиі айтып жүрген депутат Е.Бапи аталған іс бойынша жұмыс істеп жатқан арнайы органдардың әрекетінен бейхабар екені жеткізді.

– Мен ғана емес, бүкіл Парламент, халық, қоғам бейхабар. Не істеп, не қойып жатқанын білмейміз. Анда-санда «пәленбай млрд қайтарылды» дейді. Осы жолы премьер-министрдің аузынан «триллион теңгеге жуық ақша қайтарылды» деген сөз естідім. Мен оның қайдан қайтарылып, қайдан келіп, қайда түсіп, қайда жұмсалып жатқанын хабарым жоқ. Ол мұзға жазылып, күнге қойылған жазу сияқты дүние. Әрі-беріден кейін «еріп кетуі» мүмкін. Уәкілетті орган мен Бас прокуратура ара-тұра қоғам алдында хабарлама беріп, Парламенттің алдында есеп беріп отырса, онда мен «иә жұмыстар жүріп жатыр» деп айтар едім. Бірақ қазіргі жағдайда ондай жұмыстардың ешқандай нышашын байқап отырғаным жоқ, – деді депутат.

Ал Мәжілістің тағы бір депутаты Абзал ҚҰСПАН Қайрат Сатыбалдыны шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға болмайды деп бұған дейін айтқанын, активтерді мемлекетке қайтару ісінің әлі де нәтижесін көретінімізді айтты.

А.Құспан. Фото: ғаламтордан

– Ол кісіні (Қайрат Сатыбалды – ред.) шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға болмайды деп бұрын айтқанмын. Қайрат Боранбаевпен оны салыстыруға болмайды. Ал елден заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару бойынша заң биыл қабылданғандықтан, оның нәтижесін алдағы жылы көреміз. Ол бойынша үш бірдей ұйымды құрдық. Оның ішінде комиссия да бар, Бас прокуратура жанынан құрылған орган бар және қайтарылған активтерді басқаратын жауапкершілігі шектеулі серіктестік 100 пайыз мемлекеттікі емес екені белгілі. Осыларды құрып, соған сәйкес мамандарды алдыртып, кадрларды жинады. Биылғы жыл осы жұмыстарға кетті. 2024 жылдың қаңтар айынан бастап, іске кірісіп, нақты нәтижесі сол кезде көрінеді деп есептеймін. Мен осы «активтерді қайтару туралы» заңның 8 тең авторларының бірі ретінде, бұл істі міндетті түрде өз бақылауымда ұстайтын боламын және өз бағамды беремін, – дейді Абзал Құспан.

Кеше Қайрат Сатыбалдының шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін Өскемен қаласының №2 соты қанағаттандырусыз қалдырды.

Сот шешімінде: «Сот деректерді сараптай келе сотталушының тәртібі мінсіз емес деген шешімге келді. Оған сотталушының киім кию ережесін бұзуы және түрмеде жазаланғаны себеп болды», – деп көрсетілген.

Тегтер: