10 Шілде 03:06

«Қазақстандағы «белгісіз пневмония» коронавирустан да қауіпті»

Фото:

Қазақстандағы Қытай елшілігі елімізде тұратын өз азаматтарын аса сақ болуға шақырып, COVID-19-дан да қауіпті «белгісіз пневмонияны» жұқтырып алмауды ескертіп жатқаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Бұл қаншалықты рас? 

Globaltimes.cn сайтының хабарлауынша, Қытай елшілігі Қазақстанда жұрт жаппай шалдығып жатқан пневмонияның қаупі COVID-19-ға қарағанда өте жоғары екенін қаперге салған.

Елшіліктің WeChat платформасында жарияланған хабарламасында «Қазақстандағы белгісіз пневмониядан осы жылдың алты айында 1772 адам қайтыс болса, маусым айының өзінде 628 адам көз жұмғаны айтылады. Олардың қатарында Қытай азаматтары да бар. Әзірге бұл вирус туралы нақты мәлімет жоқ» делінген.  

Қытай елшілігінің мәлімдемесінде бұл індет бойынша өлім көрсеткіші COVID-19-ға қарағанда әлдеқайда жоғары болатыны айтылған. «Қазір Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі осы пневмонияның түрін зерттеп жатыр. Мұның COVID-19 ауруына қатысы бар ма, жоқ па, белгісіз» депті.

«Кейбір қытайлық сарапшылар Қытайда пневмонияны таратуды азайтуға байланысты арнайы шара қабылдау керектігін ескертуде. Қазақстан Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданымен шектесетінін ескеру керек» делінген хабарламада.

Қысқасы, Қытай елшілігі Қазақстандағы азаматтарына вирусты таратпау мен жұқтырмаудың алдын алуға байланысты шараларды қаперде ұстау керектігін қатаң ескерткен. Тағы бір айта кетерлігі, елшілік жергілікті БАҚ мәліметтеріне сілтеме жасай отырып, «маусым айынан бері Қазақстанның үш өңірінде, атап айтқанда Атырау, Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласында пневмониямен ауырғандар саны көбейген. Әрі бұл пневмонияның түрі коронавирустан бөлек. Қазір пневмония жұқтырғандардың саны 500 адамға жуықтады. Алайда, біз өз азаматтарымыздың жалған ақпаратқа емес, тек ресми дерек көзіне ғана сенуін сұраймыз» деген.  

Қытай елшілігі бұл мәлімдемесі арқылы азаматтарының денсаулығына қатты алаңдаушылық білдіріп, «Үйден шықпауға тырысып, адам шоғыры көп жерден бойды тасалау керек. Егер аурудың симптомдары пайда болса, тез арада медициналық мекемеге хабарласқан жөн» екенін баса айтады.  

Бұған дейін Қазақстан билігі пневмонияға шалдыққандардың саны коронавирус індетін жұқтырғандарға қарағанда өсіп бара жатқанын хабарлаған. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алғашқы жартыжылдықта пневмониямен ауырған науқастар саны шамамен 98,5 мың адамға жеткенін айтқан болатын. Бұл былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 55,4 пайызға көп. Ал Қазақстанда коронавирус індетін жұқтырғандар саны 53 мың адамнан асып кеткен.

А.Цой

Осы орайда Nege.kz порталы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың атына төмендегідей ресми сауал жолдайды және жұртты дүрліктірмеу үшін сауалдарымызға шұғыл әрі нақты жауап беруді сұрайды:

1. Қазақстанда тарап жатқан пневмонияның COVID-19-ға қатысы бар ма?

2. «Қазақстанда белгісіз пневмониядан осы жылдың алты айында 1772 адам қайтыс болды, маусым айында ғана 628 адам көз жұмды» деген ақпарат қаншалықты рас?

3. Денсаулық сақтау министрлігі жұрт жаппай шалдығып жатқан пневмонияның түрін анықтады ма?

4. Қытай елшілігі өз азаматтарын сақтандырып жатқаны рас па? 

Айта кету керек, Қазақстан елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты 5-20 шілде аралығында карантин жариялады. Егер ахуал тұрақтанбаса, шектеу шаралары қатаңдатылып, карантин тағы екі аптаға созылуы мүмкін. 

Тегтер: