21 Ақпан 21:17

«Қазақ фашизмі» бар ма?

Фото:

Қордай оқиғасынан кейін ел ішінде күбір-күбір әңгіме көбейді. Ақпарат құралдары да бірінен кейін бірі үрей туғызатын материалдарды жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптатты. Ғаламторда өзін «сарапшы» деп жариялап алған адамдардың (оның ішінде елде тұратыны, шекара сыртындағысы, Қазақстанға бір мәрте жолы түскені, қазақ жерін өмірі аттап баспағандары да бар) еліміздегі ахуалды талқылаған бейнежазбалары өріп жүр. Басты тақырып – «өршіп келе жатқан қазақ ұлтшылдығы, қазақ фашизмі». «Кеше – күрділер, бүгін – дүнгендер, ертең – кім?» деген сұрақ төтесінен қойылып жатыр.

Аз ұлттардың орнына өзімізді қойып көрейікші, Масанчидегі қырғын кімді болса да, үрейге батыратынын жасыра алмайтынымыз ақиқат. Тіпті, ұшқарылыққа ұрынып, диаспоралардың кейбір өкілдері темірқазыққа қарай ұли бастады. Арасында солтүстік көршіміз Ресейді қазақ ұлтшылдығынан қорған болуға ашық шақырып жатқандары да бар. Мұндай дүрбелең, қаңқу сөздер – орайы келгенде алпауыт елдердің әлсіз мемлекеттерге әлімжеттік жасауына  жақсы сылтау. «Ұлтшылдық», «фашизм», «тіліне қарай кемсітушілік» деген дайын рәмкілер украиндардан кейін қазақтарға қарай таңыла бастады. Бұл да ойлануға түрткі болатын жайт. 

Кейбіреулердің пікірінше, орыс тіліне ресми тіл мәртебесі берілсе, Қазақстанда бейбітшілік орнайды-мыс. Ешкімнің құқығы тапталмайды екен. Орыстілділерден «Канадада екі тіл бар, ағылшын және француз тілі мемлекеттік мәртебесі бар. Бай-бақуат. Тату өмір сүріп жатыр», – дегенді жиі естиміз. Осы пікірді жақтаушылар француз тілін біле ме екен, өзі? Білсе, тіл мәселесіне қатысты французтілді канадалықтардың пікірін естіп, оқып көрді ме?  Бақуатты өмір сүріп жатқаны рас шығар. Бірақ тату-тәтті тұрмыс кешіп жатқаны аса күмәнді. Тіл үшін тартыс-талас, ксенофобия деректері болмаса, Квебек тәуелсіздікке ұмтылмас та еді.

Өзімізге келсек, орыс тіліне қарап тұрған ештеңе жоқ. Ресми тілде «орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылады». Ал іс жүзінде еліміздегі мемлекеттік тіл (де факто) – орыс тілі. Қазақ тілі жай ғана декоративті рөл атқарып келеді. Ал қалған түйткіл – мүлде басқа мәселелер.

Ақиқатын айту керек, бір елде түрлі этникалық топтардың өмір сүруі – үлкен проблема. Тіпті, ең либералды деген елдердің өзінде. «Көп мәдениеттен (қазақшалағанда – көп ұлттан) тұратынымыз – біздің осал тұсымыз емес, артықшылығымыз!» деп ұран көтеріп, жақауратқан АҚШ-та ақ нәсілділер мен қара нәсілділердің, латын америкалықтардың арасындағы қырғи-қабақтық, кикілжіңдер ешқашан жойылған емес. Жойылмайды да. Франция қалаларындағы дені Африкадан шыққандар тұратын шеткері аймақтар биліктің басты ауруына айналғаны қашан. Бақуатты, тыныштыққа үйренген Норвегиядан Брейвиктер шықты. Ал Жаңа Зеландияның Крайстчерчі бар.

Еуропалық интеграцияның көшбасшысы саналатын Германия – «көп мәдениеттілік» идеясының құрдымға кеткенін алғаш мойындаған ел. 2007 жылы Берлинге жолым түскен еді. Сонда неміс елінің сыртқы істер министрлігінде жұмыс істейтін, Қазақстанмен қарым-қатынасқа тікелей жауап беретін дипломаттардың бірі: «Сендердің елдеріңде этникааралық жанжал көп» деп миығынан күлген. Сол Германияда екі неміс елдің түкпір-түкпірін аралап жүріп, түріктер мен гректерге оқ атып, оншақты адамды өлтірді.

Ал Ресейде қапқаздықтар мен ортаазиялықтарға қалай қарайтынын сөз етпей-ақ та қоялық. Скинхеттер, неофашистер, басқа да әсіреұлтшыл, экстремистік ұйымдар туралы айтып босқа ауыз көпірту – басы артық нәрсе. Көк түсті төлқұжатты көргенде, жаңа ғана жайдары жергілікті тұрғынның күрт өзгеріп, теріс бұрылып кететініне Қазақстаннан барған орыстардың өзі аң-таң. Қытайлар мен қапқаздықтарды қанға бөктіріп, свастика тағынып, полицияларды аңдып жүріп өлтірген, қарулы бүлікшілер – «приморья партизандарын» «ұлттық қаһарман» жасап алған қоғамнан басқа не күтуге болады?

Ең озық деген елдердегі жағдай осындай. Ал біздің елдің алар орны өзімізге мәлім. Өзге де этникалық жанжалдарды айтпағанда, 1986 жылы Алматыда қазақ студенттерін көк ала қойдай етіп сабағандардың интернационалистік рухпен қолына арматураны сығымдап ұстамағаны бесенеден белгілі. Әрине, бұл ксенофобиямен күресудің қажеті жоқ деген сөз емес. Ағартушылық күрес керек. Жалпы, өркениетті елдерде бір ұлт деп бір мемлекетте өмір сүретін адамдарды айтады. Этникалық ала-құлалықты мәдениет деп біледі. Біз әлі ұлт болып ұйыса алмай, балаңдық танытып жатырмыз. Ұлтқұраушы этнос деп жүрген қазақтардың өзі Кеңес дәуірінде қалыптасқан аз ұлттардың комплексінен толық арылған жоқ. Мұның салдары Қордай қасіретіне ұрындырып отыр.

Бес саусақ бірдей емес. Халықтар да солай. Әр халықтың өз дүниетанымы, этикеті бар. Мәселен, мұсылмандардың шамына тию үшін діни сеніміне тиісу, қазақтарды ашуландыру үшін ақсақалды сабау, орысты ызаландыру үшін кеңес одағын сынау жеткілікті. Сол үшін Қазақстан азаматтарына бір-бірінің мәдениетін жақынырақ білуі, бірін-бірі риясыз тануы керек. Билік этникааралық қатынасты реттеу мәселесінде таптаурын кеңестік ұрандардан құтылып, заманауи  құралдарды, әдіс-тәсілдерді қолдана білуі тиіс.

Андрей Чеботарёв, саясаттанушы:

– Соңғы бес жылда мұндай жағдай бірінші рет болып жатқан жоқ. Бәрі Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде ауыл деңгейінде өтті. Былтыр қазақ және армян этностарының арасындағы оқиға Қарағанды қаласында болды. Жанжалдардың ірі қалаларда болуы – қауіпті үрдіс.

Соңғы кездері қоғамда белгілі бір шиеленіс бар.  Бұл этникааралық қатынаста да көрініс беріп келеді. Мемлекеттік тілді білмейді деп қазақтардың бірқатары өзге этностарға наразылық білдіріп жатыр. Азиялық және қапқаздық ұлттардың өмір салтын қабылдамаушылық бар.

Петр Своик, саясаттанушы:

– Қазақстанда қазақтың ұлттық мемлекеті құрылып жатыр. Заңнама бойынша да, іс жүзінде де солай. Соңғы кездері қордаланып жатқан мәселелерде биліктің, яғни қазақтың келбеті бар. Бір жағынан алғанда, қазақтың ұлттық мемлекеті қажет нәрсе. Өйткені, бұл ел үшін қазақтар бірінші болып жауапкершілік алуы керек. Бірақ мұндай мемлекет құру үшін ревизия жасалуы тиіс. Өмір шындығына сәйкес келетіндей, заңнамалық, идеологиялық тұрғыдан. Қазір шынайы өмір мен жарияланған дүниелердің арасында алшақтық көп. Алдымен осы алшақтық жойылуы ләзім. Бұл – қазақ мемлекеттілігінің алдында тұрған үлкен сынақ. 

Тегтер: