9 Маусым 18:41

«Каспий Арал сияқты тартылуы мүмкін»

Фото:

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «ECOJER» халықаралық конгресі барысында Каспий теңізінің су деңгейі төмендеп бара жатқанын айтып, дабыл қаққан еді.

Каспий теңізінің қазіргі мәселесі дер кезінде шешуді талап етеді. Министрдің айтуынша, 2006 жылдан бастап теңіз деңгейі төмендеген. 2020 жылға қарай теңіз деңгейі 1 метрден астамға төмендеп, Балтық жүйесі бойынша минус 28,23 метрге жетіп қалған. Каспий теңізінің тарихына қарағанда, теңіз деңгейінің минус 28,5 метр белгіге төмендеуі оның экожүйесі үшін қатерлі саналатынын ескертілді.

YouTube желісінде Ақтаудың жағалауы кейінгі жылдары қалай өзгергеніне дәлел бола алатын арнайы видео да жарияланды.

Жағалауы бес мемлекетке тиесілі теңіздің тағдыры алаңдатады. Қарт Каспий Аралдың күйін кешіп, экологиялық апатқа алып келмей ме? Оның алдын алуға бола ма? Nege.kz сайтының осы сауалдарына эколог-ғалымдар жауап берді.

«Каспийдің жағалауы көтеріліп келе жатыр»

Маңғыстау өңірінің табиғатын жіті бақылап жүрген эколог-ғалым Орынбасар Тоқжановтың айтуынша, теңіз суының тартылуына бірнеше себеп бар.

Орынбасар Тоқжанов

«Біріншісі жердің тектоникалық құрылымына байланысты – құрлықтың баяу қозғалысы. Бізге білінбегенімен, жер үнемі қозғалыста болады. Мысалы Ақтау қаласы орын тепкен жағалау жылына 2,4 мм көтеріліп келе жатыр. Бұл – он жылда екі елі, жүз жылда 24 см көтеріледі деген сөз. Маңғыстаудың Манаты асуы жатқан Үстірт шыңы жылына 4 мм жоғары көтеріліп келеді.Олай болса Каспий теңізінің де солтүстік-шығыс жағы бірте-бірте көтеріліп келе жатыр деген сөз. Жер көтерілгеннен кейін су ары қарай қаша беретіні заңдылық.

Екінші себеп, геологиялық жағдайларға байланысты жер сілкінісінің болуы. Әсіресе теңіздің орта деңгейінде Түрікменстаннан Дағыстанға дейінгі теңіз астында өтіп жатқан жотада жылына бірнеше рет жер сілкінісі болып тұрады. Салдарынан теңіз асты жерінің аздап төмен түсіп, жоғары көтерілу процесі байқалады. Одан кейін ең негізгі себеп: Каспий бассейініне жауатын жауын-шашынның аз болуы. Жауын-шашын аз болса Каспийге құятын өзендердің де суы азаяды. Теңізге 130-ға жуық өзен келіп құяды. Олардың ішіндегі ең суы молы - теңізге құятын барлық судың 80%-ын әкелетін Еділ өзені. Одан кейін Жайық, Кура, Терек, т.б.болып жалғаса береді. Соңғы жылдары ғаламдық климаттың өзгеруіне байланысты өзендер бассейніне жауатын жауын-шашын көлемі азайып бара жатыр. Одан бөлек өзен-көлдердің жағасында қоныстанған халық санының жыл сайын көбеюі де су көздерін көп мөлшерде пайдалануға алып келеді», - дейді Орынбасар Тоқжанов.

Осы жолғы тартылу процесі ұзаққа баратын секілді...

Каспий теңізі деңгейінің белгілі бір кезеңдерде көтерілуі және төмен түсуі кері әсер береді екен.

«1977 жылы Каспий суының деңгейі соңғы 400 жылдың ішіндегі ең төменгі деңгейге жетті.  Осы мезгілде теңіз суы (-29) метрлік шекке дейін төмендеді. Одан кейін 1995 жылы Каспий теңізі ең жоғары (-26,62 м) көтерілу деңгейіне жетті. Сол жылдары алып көлдің көп жағалауын су басты. Тіпті Қаражанбас, Қаламқас кен орындарын су басу қаупі төніп, дамбылар салынды. Ал бүгінгі күні теңіз қайтадан тартылып бара жатыр. Осы жолғы тартылу процесі ұзаққа баратын секілді», - дейді эколог.

Каспий теңізін қалай сақтап қаламыз?

Кеңес үкіметі тұсында 1970-1980 жылдары Каспий суының деңгейін көтеру үшін 11 жоба жасалған болатын. Ол жобалардың ішіндегі ең маңыздылары - Солтүстіктегі Обь өзенінің саласын канал арқылы Каспийге бұру көзделген еді. Бірақ аталған жоба кезінде аса көп қаражатты қажет етті де, қолға алынбай қалып қойды. Ал бүгінгі күні қарт теңіздің жағалауында орналасқан елді «Каспий Аралдың күйін кешпей ме» деген үлкен сұрақ мазалайды. Бес мемлекеттің несібесіне айналған ірі көлді сақтап қалу мақсатында Қара теңіз бен Каспий теңізінің арасында жатқан Қума - Манаш ойпаты арқылы канал қазу туралы мәселе көп айтыла бастады. Каспийді сақтап қалудың тағы бір жолы –теңізді оңтүстік жағында жатқан Парсы шығанағымен канал арқылы байланыстыру. Бұл – Иран басшылығының ұсынысы.

Экологтың айтуынша, мұндай жағдайда судың құрамы өзгереді екен. 

«Каспий теңізінің тұздылығы 1 литрге 11-13 грамнан   келеді. Ал Еділ, Жайық өзендері құятын сағасында судың тұздылығы өте аз. Жалпы алғанда мұхиттар суына қарағанда Каспийдің суы тұщылау. Ал Парсы шығанағы арқылы келетін судың құрамы әлемдік мұхиттың тұздылығымен бірдей. Сондықтан Каспий суының құрамы, табиғаты, жануарлары өзгертетіні сөзсіз. Азов арқылы келетін су тұщы болғанымен, ол жақтан түрлі жәндіктердің келуі де Каспийдің өзінде өсетін жануарларға зиянын тигізеді. Бірақ адамзат үшін теңіздің құрғап кеткенінен гөрі, сақталып қалғаны маңызды», - дейді Орынбасар Тоқжанов. 

Каспий теңізінде мұнай өндіру, оны барлау және тасымалдау жұмысы, кеме қатынасы теңіз экологиясына қалай болса да зиян келтіретіні сөзсіз. Сондықтан талап, бақылау барынша күшейтілуде. Мысалы, Каспийдің Маңғыстау секторында барлау жұмыстары жүргізгеннен кейін қалып қойған 56 мұнай-газ барлау ұңғымасы анықталған болатын. Аталған ұңғымалар соңғы жылдары күрделі жөндеуден өткізілді, немесе жойылды. Басқасын айтпағанда «Қаражанбас» мұнай компаниясы өзіне қарасты келісімді аймақта қолдануын тоқтатқан теңіз жағасындағы 11 ұңғымаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, толық заласыздандырды. Сондықтан жаңа технологияларды қолдану арқылы табиғатты тиімді пайдалану процесі бұдан әрі  жалғасын таба берсе құрлықтың да, судың да экологиялық жағдайын белгілі бір деңгейде сақтап тұруға болады.

Каспий теңізі Жайық өзеніндегі судың мөлшеріне тікелей байланысты

Ал, эколог Лаура Мәлікованың пікірінше, Каспий теңізіне құятын Жайық өзеніндегі судың мөлшері соңғы 3 жылда 2,5 есеге төмендеп кеткен.

Лаура Мәлікова

«Оның бірінші себебі – Ресейдің аумағындағы өңірлерде көптеген су қоймасы жасалған. Сол су қоймасында судың бөлігі қалады. Екіншіден  – соңғы жылдары Орынбор өңірінде Каспий теңізіндегі Жайық өзеніндегі судың көлемі соңғы 50 жылдағы мөлшермен салыстырғанда төменгі деңгейде тұр. Мұның себебі климаттың өзгеруі. Осы себептердің әсерінен Біздің Қазақстан аумағында Каспий теңізінің солтүстік жақ бөлігі тартылып барады», - дейді Лаура Мәлікова. 

Айтуынша, Каспий теңізіндегі судың мөлшері Жайық өзеніндегі судың мөлшеріне тікелей байланысты. Сондықтан Каспий теңізін қайта толтыру үшін, тартылуын тоқтату үшін біріншіден Ресей мемлекетімен келіссөздер жүргізу керек. Олармен су аз болған маусымдарда судың көлемін бізге көбірек жіберу келісімін жасауымыз керек. Екіншіден, судың жоғарғы бөліктерінде пайдалануын барынша азайту туралы келіссөздер жүргізу керек.

«Арал теңізі сияқты тартылып қалмай ма? Бәрін осы сұрақ мазалап отыр. Бұл жерде тиімді келіссөздер жүргізілсе, оның алдын алуға болады. Егер ары қарай да су тоғандары, су қоймалары көбейіп, климаттың өзгеруі қосылса, әрине, Арал теңізінің жағдайын қайталауы мүмкін. Бұл тек қана болжам. Сондықтан, көп нәрсе екі ел арасындағы келіссөздерге байланысты», - деген пікірін айтты эколог.

Тегтер: