Қаржы вице-министрі: ERG туралы сұрақтарға мен дайын емеспін...
Бүгін Қаржы министрлігінің өкілдері мемлекеттік сатып алу жүйесіне қатысты брифинг өткізді.
NEGE тілшісі брифингте Қаржы вице-министрі Дәурен КЕҢБЕЙІЛДЕН ERG-ге қатысты редакцияның қойған сауалдары НЕГЕ жауапсыз қалып жатқанын сұрады.
– Дәурен Маратұлы, ERG акциясының 40%-ы мемлекетке тиесілі екені белгілі. NEGE порталы министрлікке ERG-дің мемлекетке төлеуі тиіс дивидендіне қатысты отыздан аса ресми сауал жіберген. Бірақ осы кезге дейін тұшымды жауап ала алмадық. Сол себепті редакция сотқа құжат дайындап жатыр. Неге жауап берілмей отыр?
– Сұрағыңызға рақмет. Бірақ ол бүгінгі тақырыпқа...
– Иә, бүгінгі тақырыпқа қатысы жоқ. Бірақ біз электронды түрде жіберген сауалдарымызға жауап болмаған соң бетпе-бет сұрауға тура келіп тұр.
Коллаж: NEGE
– Сіз бұл сұрақты қойған соң оның сіз үшін маңыздылығы бар шығар. Брифингтен шыққан соң әріптестеріме «тағы бір қарасын, жауап берсін» деп айтайын. Сұрағыңызды енгізейін.
– Әріптестеріңізден бұрын сіздің вице-министр ретіндегі пікіріңізді білсек. Өйткені осы кезге дейін министр Жамаубаевтың өзі жауапты басқа әріптестері мен комитеттерге сілтеп келді.
– Мен сізге айтып тұрмын ғой. Бұл сұрақты...
– Нақтылау сұрағын қояйын.
– Қойыңыз.
– Бұғатталып жатқан дивидендтің нақты сомасы қанша? Мемлекетке тиесілі қаржы болғандықтан, қанша ақша жиналғанын Қазақстан азаматтары да білуі тиіс қой?
– Мен бүгін мемлекеттік сатып алуға қатысты баяндауға келдім. ERG туралы сұрақтарға мен дайын емеспін. Қазір министрдің өзімен сөйлесіп, осындай сұрақ қойылғанын айтамын. Сосын сіздерге міндетті түрде жауап береді. Бұл менің құзіретіме кірмейді.
Редакциядан: Қаржы вице-министрі Д.Кеңбейілдің дивидендке қатысты сұрақты «редакция үшін ғана маңызды» деп есептейтіні қызық екен. Біз жуырда ERG компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі – Вице-премьер әрі Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың тікелей өзіне тағы ресми сауал жолдадық. Жамаубаевтың дайын болғанын күтуден жалықпаймыз.