24 Тамыз 09:55

Қарғыстың астары мен «дикийдің» жоспары

Фото:

Зымыраған уақыт керуенінен өтіп бара жатқан аптаны «ұстап алып», көз алдымызға қайыра тостық. Бұл аптада жұрт жабыла талқылаған мәселе үшеу екен. Салмақтасақ, осал дейтіндей бірі жоқ, бәрі де ел назарын ерекше аударыпты.

Қарғыстың астары

Біздің халық та қызық қой негізі, біреу бердеме десе, оны сол күйінде түсінеді. Астарына үңілмейді, «бұл кісі өзі не айтып тұр?» деп бас қатырғысы келмейді. Айтты, болды. Сол сөзге жабысады да қалады. Мәселенки дейік, депутат Бекболат Тілеуханның журналист Серік Боқанға айтқан қарғысы бүкіл жұртқа жайылып кетті. Ерінбеген ел мәжілісменді «төртаяқтатып қойып» сөзбен сойылдады. Сойылдап та жатыр. Енді осы дұрыс па? Әрине, дұрыс емес. Дұрыс болмайтын себебі, депуттатың айтқаны қарғысқа ұқсағанымен, шын мәнінде достыққа шақыру болуы да мүмкін ғой. Сенбесеңіз, түсіндіруге тырысайық.

Бекең не дейді? «Как раз жолаушы жүр едім...» дейді. «Алланың нағыз мұсылманның дұғасын қайтармайтынын білесің ғой...» дейді. «Жаныңды шыжғырып...», «құбылаға қарап, қолымды жайып...», «списогымда сондай адамдар бар еді, қатарына жақсылап тұрып өзіңді қосам...» дейді. «Жаза бар, жаза бер» дегені тағы бар.

Рас, бір қарағанда, адамның үрейін ұшыратын сөздер. Бірақ жөн білетін адам болса, күміс көмей депутаттың сөзіне емес, осы сөзді айтқандағы дауыс әуезіне мән беруі керек-тін. Егер Бекеңнің осы сөзін депутаттың айтқаны емес, дүлділ әншінің «әуені» деп қарап, астарына мән бере отырып, асықпай тыңдасаңыз, былай болып шығады: Депутат как раз жолаушылап келе жатыр. Жолаушы шыққанда қай әйелі қасында жүрсін, демек оның қарыны аш. Аш адам Алладан дұға тілемегенде қайтеді енді?! «Жаныңды шыжғырып...» деген сөз, әсілі, «картопты қуырып, дайын отыр» дегенге келіңкірейді. «Құбылаға қарап, қолымды жайып»... «Жолда келе жатсам да, құбылаға қарап, өзіңнің амандығыңды тілеп келемін, досым» дегені болса керек. Ал мұндай сөзді адам кімге айтады? Әрине, өзімсінген жақынына айтады. Демек депутат журналисті өзінің досына балап, татуласуға шақырған. Мұның тағы бір дәлелі – список. «Списогымда сондай адамдар бар еді, қатарына жақсылап тұрып өзіңді қосамын» дегені – «бұйырса, достарымның қатарына кіресің, біздің группада боласың» деп сенім артқанына ұқсайды. «Жаза бер, жаза бер»... Мұны мен айтпасам да, түсінесіз: «Әңгімені қойып, тамағыңды жасай бер!». 

Енді осының несі жаман? Депутатты осы сөзіне бола қара есекке теріс мінгізуге бола ма? Болмайды ғой... Дегенмен Бекеңнен де бір қателік кеткен. Елдің бәрін өзі секілді ақылды көре ме, бүйтіп астарламай-ақ, «Қарным ашты, тахаджуд намазының алдында қуырылған картоп жеп отырып, татуласайықшы» дей салса, несі кетеді?!

Кеткендер мен келгендер

Бұл аптадағы белді жаңалықтың бірі – Сейдахмет Құттықадам, Жәнібек Қожық, Мұхтар Тайжан және Бағдат Мусин Ұлттық кеңес сапынан шығып қалды. Босаған орынға «Дос» тәуелсіз өмір орталығы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Ерділдинова, Atameken Business телеарнасының бас директоры Қанат Сахариянов, журналист, блогер Өркен Кенжебек, медиа сарапшысы Максим Рожин, әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеров келді.

Жұртшылық келгендерден гөрі кеткендердің салмағы басымдау деп бағалады ма, әйтеуір, кеңестен шығып қалғандарды біршама «жоқтады». Әртүрлі пікір айтылды. «Елдің сөзін сөйлейтіндерді сырттатты» деді. «Сенім кеңесі сенімділерді сырғытты» деді. Ал ауыс-түйіс туралы президенттің көмекшісі Ерлан Қарин пікірі мынадай: «Ұлттық кеңеске жаңа белсенділер мен сарапшылар келуі керек. Олар күн тәртібін жаңартып, жаңа мәселелер мен ұсыныс айтады. Ұлттық кеңестің бар ерекшелігі де осы. Сындарлы пікірталастар өтетін жанды және белсенді зияткерлік алаң».

Расында, зияткерлік алаң болған соң, зияткерлердің де жалпиып отырып алмай, жиі-жиі ауысып тұрғаны дұрыс секілді. Тіпті түгелімен ауысып кетсе де, өзгере қоятын дүние көріп тұрғамыз жоқ. Өйткені «Ұлттық кеңес шешіпті» деген маңызды мәселені жұрт әлі естімеді. Мұны басқа түгілі, сол кеңесте болғандардың өзі де айтып жүр. Мәселен наурыз айында өз еркімен кеткен Арман Шораевтың: «Менің кеңес құрамынан кетуімнің басты себебі – оны әу бастан пәлендей маңызы бар кеңес деп қабылдаған жоқпын. Ол іс жүзінде ештеңе шешпейтін жай ғана кеңес еді» деген сөзі әлі құлағымыздың түбінде тұр.

Ендеше ештеме шешпейтін кеңеске кімнің келіп, кімнің кеткенінде тұрған не бар? Бірақ бірден ескертейік, дәл осылай ойласаңыз, қетелесіз. Өйткені бұл қоғамдық ұйымда қазаққа өте қажет бір дүние бар. Ол – «сенім» деген сөз. Ешкім ешкімге сенбейтін қазіргідей заманда «Ұлттық сенім кеңесі» деген атының өзі дәтке қуат. Сондықтан ел сенбесе де, өзіне-өзі сенетін адамдар бұл ортаға бір мәрте болса да, келіп тұрғаны дұрыс секілді.

Қазақтың «дикийі» енді кімге арқа сүйейді?

21 тамыз күні атышулы қылмыс әлемінің серкесі, әзірбайжандық Лото Гули (Надир Салифов) Стамбул қаласында жерленді. Оны бұдан екі күн бұрын Антальяда атып кеткен болатын. Киллер Хан Бакинскийді Лото Гулидің оққағарларының бірі жаралап, ол полицияның қолына түсті.

Қайдағы бір шетелдік «заңдағы ұрының» Қазақстанға қандай қатысы бар? Қатысы әжептәуір. Алдымен Надир Салифовтың кім екеніне тоқталайық. Ол 1972 жылы туған. 23 жасында аты жер жарып, Әзірбайжанды шулатты. Ұрлық жасады, қарақшылық шабуыл ұйымдастырды, адам ұрлады деген айыппен 15 жылға сотталды. Қылмыскер түрмеде шалқып өмір сүрді. «Заңдағы ұры» деген атақты да ол абақтыда жатып алған. 2005 жылы оған қосымша айыптар тағылып, жазасы 27 жылға ұзарды. Басына бостандық алғаны – 2017 жылы ғана.

Надир Салифовтың және бір «заңдағы ұры» Ровшан Джаниевпен жұлдызы қарсы болды. Ровшан Джаниев «заңдағы ұрылар» Чингиз Ахундов (Ченгиз Седой), Меммед Гусейнов (Мамед Масалинский),  Икмет Мухтаров (Хикмет Сабирабадский) секілді әріптестерімен біріге отырып, Надир Салифовты «ұры» деген атақтан қақты. Бірақ бұл да қарап қалған жоқ, Аслан Усоян (дед Хасан), Вагиф Сулейманов (Вагиф Дипломат) және Алибаба Гамидов (Годжа Бакинский) арқылы сусып кеткен атағын қайтарып алды.

Сол Ровшан Джаниев 2016 жылы өлтірілді. Мұны жұрттың бәрі Надир Салифовтан көрді. Содан болса керек, енді мұның өлімін Джаниев адамдарының кек алуы деп бағалап жатқандар көп. Кейбір деректерге қарағанда, Салифовтың басына 22 млн АҚШ доллары тігілген.

Салифов пен Джаниев нені бөлісе алмады? Неге сыйыспады? nv.ua сайтының ақпарына сенсек, екі серкенің арасындағы дау Мәскеу базарларын бөлісу кезінде туындаған көрінеді. Украина ІІМ-нің бұрынғы вице-министрі  Вячеслав Аброськиннің айтуынша, Надир Салифов Ресей, Украина, Грузия, Беларусь, Армения, Молдава және Түркия елдеріндегі қылмыстық топтарға билігін жүргізген. Енді бір дерек бойынша, Надир Салифов ТМД елдеріне келетін импорттық көкөністерді өз бақылауында ұстаған.

Өзін баяғы батырлардың сарқытындай көретін «дикий Арман» деген жігіт бар, бізде. Ол да Түркияда жүр. Ілгеріде әлеуметтік желіге Надир Салифовпен түскен суреттерін жариялаған. Бұл – «дикий» Лукиге арқа сүйейді екен» деген әңгімеге түрткі болды. Бірақ шынын айту керек, Лото Гулидің «тындырған тірлігінің» қасында біздің «дикийдікі» әншейін баланың ойыны сияқты.

Ойын дегеннен шығады, баяғыда «дикий Арман» биліктің ойынына қатысып, демократтарға жұдырық ала жүгірген. Кейін «ағашкалар мені сатып кетті» деп аты Д-дан басталатын биліктегі бір қыздан сауға сұрады. Бірақ одан пайда болды ма, болмады ма, бұл жағы белгісіз. Сол кезде басы шырғалаңға түскен «дикий» кейін Антальядан бірақ шықты.

Ел ұмытып кетпесін дейді ме, әйтеуір, Арман Жұмагелдиев анда-санда жұртты елең еткізетін мәлімдемелер жасап тұрады. Ілгеріде «Қазақстанға барсам, әуежайдан ұстап, түрмеге қамайды» деген еді. Осы сөзі қызық көрініп, құзырлы органдарға сауал жолдағанбыз. Күні кеше Ішкі істер министрлігінен жауап келді. Ондағы сөзді қарапайым тілге аударсақ, былай болып шығады: «Дикий» дейді... өй, оны іздеп жүрген ешкім жоқ».

Дегенмен министрліктің бұл жауабына байланысты Арман Жұмагелдиев әлі жұмған аузын ашқан жоқ. Айтарын жұптап, жоспарлап жатуы да мүмкін. Кім біледі, мүмкін осы жазбамызды оқыса, әу деп жіберуі де ғажап емес. Шекараның сыртында отырып, отанды сүюге, патриот болуға үндейтін «дикий»: «Ұлттық кеңеске мені де алсаңдаршы, мен депутат Тілеухан құсап астарламай, турасын айтам ғой» деп қала ма, қайдан білесіз?!  

Тегтер: