12 Желтоқсан 19:01

Қарақат Әбден қазақ қызына НЕГЕ шүйлікті?

Фото:

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты, «Қазақ қызы» институтының негізін салушы Қарақат Әбденнің жуырда екі тілде «Ты казашка. Гордись!» деп аталатын кітабы шықты. Кітапқа байланысты пікір сан түрлі. Тілшіміз «Меломан» дүкеніне арнайы барып, депутаттың даулы кітабын сатып алды. Кітап төңірегіндегі дау жайлы сәл кейінірек, алдымен депутаттың өзі не дейді?

Insagram парақшасында Қарақат Әбден былай деп жазды: «Менің қызым өсіп жатыр. Кез келген ана сияқты маған да оның тәрбиесі, білімі, өзін-өзі табуы өте маңызды. Мұның бәрі оның ерексек өмірдегі іргетасы іспетті.

Мен «Қазақ қызы» институтында, кездесулерде қызыма және оның құрбыларына, үлкен қыздарға ата-бабамыздың дәстүрі мен өнегесі қазіргі заманда жеке тұлға болып қалыптасуға таптырмайтын атрибут екенін әрдайым айтып жүремін...»

Одан әрі «жазушы-депутат» жаһандану Ұлы қазақ даласы қызының образын асқан жылдамдықпен жұтып жатқанын айта келе, қызына өнеге болатындай ешбір кітап таппағанын жазады. Кітап жазу туралы ой депутаттың басына дәл сол кезде сақ ете қалған.

«Менің кітабым қыздарға қалай табысты, нәтижелі және бақытты болуды, заманауилық пен ұлттық дәстүрді қалай ұштастыруды үйретеді» дейді Қ.Әбден.

Енді кітап туралы. «Меломан» дүкенінде «Ты – казашка. Гордись!» кітабы 5800 теңге тұрады. Өзге кітаптармен салыстырғанда  әлдеқайда қымбат. Айталық, Гарвардтың түлегі Шыңғыс Мұқанның «Менеджер» кітабы 3490 теңге тұрады. Ал Толстойдың шығармалар жинағын 2450 теңгеге сатып алуға болады...

Сапасы өте жақсы 314 беттік кітапта 160 лайфхак (кеңес) берілген. Оның бәрін бірдей тізіп шығу шарт емес, дегенмен бірді-екілісіне тоқталайық.

«Қыздықты сақтау керек пе, жоқ па?» деген сұрақтың жауабына автор бірнеше кеңес айтады. Бір парасы төмендегідей:

Лайфхак 14. Білесің бе, секссіз де өмір тамаша. Егер ол сені сүйсе, міндетті түрде күтеді. Тұңғыш еркекті таңдағанда мұқият бол. Ол сенің жалғызың болып қалуы өте маңызды.

Лайфхак 16. Мұндай қадамға бармас бұрын интимдік жақындасу жайлы ойлан. Мұқият ойлан.

Соңғы лайфхакқа қатысты депутаттың «пәтуасы» мынадай: «Әрине, соңғы шешімді өзің қабылдайсың. Бірақ секске жоламай, шыдау арқылы көптеген қателіктерден қашуға болады. Бір жағынан жігітіңнің шыдамдылығын тексеріп аласың».

Қош, кітапқа рецензия жазғандай болмайық. Айтпағымыз – басқа мәселе. Тек депутат Қарақат Әбденнің кітабы не туралы екенінен ақпарат беру үшін ғана мысал келтірдік. Жалпы алғанда, кітап – сапалы әрі мазмұнды.

Сонымен, кітап шықты. Тұсаукесері өтті. Айтылып жатқан пікірлер сан түрлі. 9 желтоқсан күні Фариза Оспан деген қыз Фейсбук парақшасына былай деп жазды: «Биылғы жылы «Қазақ қызы» мәдени-өнегелік тәрбие беру институтына мемлекеттік бюджеттен 17 544 000 теңге бөлінді.

2018 жылы – 21 836 500

2017 жылы – 121 398 240

2016 жылы – 36 531 000

2016-2019 жылдар аралығында үкіметтік емес ұйыммен жасалған келісімшарт сомасы 197 миллион теңгеден асқан. Деректің бәрі мемлекеттік сатып алу порталындағы ашық ақпарат көздерінен алынды.

Есептеп жатқанда, қолым дірілдеді. Қаржының жоқтығынан жабылып жатқан әлеуметтік жобалар, кризистік орталықтар туралы ойладым.

Тыңдаңыздаршы, бұл – сіз бен біздің ақшамыз. Кім төлесе, қызметке сол тапсырыс береді.

Жобаның авторы және ұйымның директоры Қарақат Әбден. 19 округ бойынша Астана қалалық мәслихатының депутаты. Институт 2014 жылдан бері жұмыс істейді.

Қаржы не нәрсеге жұмсалды? Биыл қанша қызды тәрбиеледі? Қандай мақсат болды, мұны қандай өлшем бойынша есептейді? Мұны білуге құқылымыз.

Бұдан бөлек, жақында Қарақат «Ты – казашка! Гордись» деген кітап шығарды.

Оның сөздерінен мысал келтірейін: «Қазақ қыздары батыстағыдай еркектің жолын кесіп, алға ұмтылған емес. Феминизмге де әуес емес. Бізге ол керек те емес».

Фотоларды Қарақат белсенді қолданатын Instagram парақшасынан алдым. Өзін белгілеп жібердім. Күтейік, не айтар екен».

Фариза Оспан дұрыс айтады. Мемлекеттік бюджеттің қаржысы қайда кетіп жатқанын әрбір азамат білуге тиіс. Мұны депутат та түсінсе керек, Ф.Оспанға жауап берді: «Қайырлы таң, Фариза! Әлеуметтік желідегі кешегі жазбаңызды оқыдым. «Открытая Азия онлайн» порталындағы мақалаңызды да оқыдым. Жастығыңызға қарамастан, өте қызықты, көп қырлы, өжет екенсіз. Бүгінгі жастардың білімді, еркін болғаны ұнайды. Тіпті сіздің феминизмге қатысты пайымыңызбен де таласпаймын. Феминизм – еркектерге біздің құқығымызды бұзуға мүмкіндік бермейтін қозғаушы күш. Мұны жоққа шығармаймын...

Менің кітабымда батыстық радикалды феминизмге жол берілмейтіні айтылған. Біз тоқтаусыз таласа беруіміз мүмкін. Сондықтан сізді және құрбыларыңызды, блогер-достарыңызды «Қазақ қызы» институтына шақырамын. Әрине, оқудың құны және қоғамдық ұйымның қаржылық қызметі жөнінде де әңгімелеп беруге дайынмын».

10 желтоқсан күні Фариза Оспан парақшасына былай деп жазды: «Шештік. Қарақат Әбденмен кездесуіміз бүгін кешке өтеді. Уақыты мен орны кейінірек белгілі болады...».

Шамамен екі жарым сағаттан соң белсенді қыздың парақшасынан: «Армандаппыз, мырзалар, жаңа ғана Қарақат телефон соғып, келмейтінін айтты. Көп себеп келтірді, «кездескілерің келсе, Астанаға келіңдер» деді» деген жазбаны оқыдық.

Егер депутат келіншек пен феминист қыздың пікірталасы әлеуметтік желіде емес, бетпе-бет кездесуде болса, дау мұнша ушықпас па еді, бәлкім. Бұдан соң депутат әлеуметтік парақшасына кітабы мен институты жайлы есеп жазды, ал белсенді қыз мемлекеттік сатып алу порталына сүйеніп, депутатқа тағы шүйлікті. Ақырында келіншек пен қыз «бас жаққа» барысып қалды...

«Маған жаға ғана телефон соғып, қоқан-лоқы жасады. «Қарақат Әбденге қатысты жазбаны алып таста» дейді. «Егер алмасам не істейсіздер?» деген сұрағыма «заң аясынан тыс әрекет етеміз» деп жауап берді. Менде телефон жазбалары бар. Оны жариялаймын». Бұл – Фариза Оспанның кешегі жазбасы.

Түнде Фариза Оспан тағы бір пост жариялады. Айтуынша, өзін қорқытпақ болған жігітті таниды және бір кездері онымен көңілдері жақын болғанға ұқсайды.

Nege.kz тілшісі Қарақат Әбденге хабарласқан. Депутат «Уақытым жоқ. Журналистерге сұхбат бермеймін» деп қысқа қайырды. Журналистік зерттеу дайындалып жатқанын айтып, уатсап желісі арқылы хабарлама да жолдады. Бірақ депутаттан толымды жауап ала алмадық. «Ауруханада жатырмын» деді.

Айтпақшы, «Строгий агашка» телеграмм каналынан бізге қызық мәлімет келіп түсті. Фариза Оспан әлдебір жолмен (GetContact арқылы болуы мүмкін) телефон соққан адамның нөмірін анықтаған. Феминист қызды қорқытқан кім болуы мүмкін? Ол – Президенттің күзет қызметінің 3-бөлім қызметкері-мыс...

Nege.kz

Тегтер: