17 Желтоқсан 10:14

«Қара полковникке» генерал атағын НЕГЕ бермеді?

Фото:

Ғабдырахым Меңдешұлының өмірбаянында 1986 жылы Алматыда болған желтоқсан оқиғасы ақтаңдақ болып қалады. Сол кездегі Қазақ КСР-нің астанасында не болғаны, оған кімдердің кінәлі екені және НЕГЕ солай болғаны туралы ұзақ әңгімелеп жатпайын. Ол үшін күрделі зерттеу қажет, қазіргі уақытта ондай зерттеу жүргізу мүмкін емес. Өйткені осы оқиғаға байланысты материалдардың көбі әлі күнге «құпия» деген таңбамен жасырулы жатыр. Ал өзгесі бәрімізге бесенеден белгілі. Мен бұл жерде Мұхтар Шаханов бастаған комиссия жұмысының жұртқа жария болған нәтижелерін меңзеп отырмын.

Дегенмен сол уақытта Алматыда болған оқиғалардың жекелеген жайттарын айтқым келеді. Меңдешев республикалық милицияның жауапты қызметінде жүргендіктен және басшылықтың бұйрығын орындауға міндетті болғандықтан баррикаданың басқа жағында тұрды. Біздің кейіпкеріміз сол кезде Қазақстан ІІМ қылмыстық іздестіру басқармасы бастығының орынбасары еді. Өзінің «Кәсібім – із кесуші» атты өмірбаяндық кітабында автор сол күндердің оқиғасы туралы егжей-тегжейлі әңгімелейді және өзінің ойларымен бөліседі. Елге танымал тұлғаның естеліктеріндегі кейбір тұстар маған қызықты көрінді. 

«…17 желтоқсан күні таңертеңнен бізді ішкі істер министрі Князев жинап алды. Кенет кезекші орталық алаңда жастардың топтасып, саяси ұрандар айта бастағанын хабарлады. Ол уақыттарда мұндай оқиға өте сирек еді, тіпті төтенше жағдай деуге болады. Министр бірден «шара қабылдай бастады». Маған жедел іздестіру қызметкерлері тобын алып алаңға баруды, желтоқсаншылармен келіссөз жүргізуге талпынып көруді, оларды тарауға көндіруге әрекет етуімді бұйырды…

… Қылмыстық іздестіру қызметкерлерімен бірге алаңға келгенімде, ол жерде бәрі тыныш еді. Тіпті жастар тарай бастағандай болатын. Бірқатар жоғарғы оқу орындарының оқытушылары, декандары, ректорлары келіп, қазақ тілінде студенттеріне шеруге шықпауға, сабақтарына оралуға үгіттеп жатты.

Жастардың тобы Бейбітшілік (Желтоқсан) көшесіне қарай беттеді, алаңда бірен-саран ғана адам қалды. Маған іс осымен біткендей көрінген еді. Кенет әлдекім бұйрық берді: ОК ғимаратынан ішкі әскер жауынгерлері жүгіріп шықты да, алаңды қоршауға ала бастады. Олардың НЕГЕ бұлай істегендері мен үшін күні бүгінге дейін жұмбақ боп қалды. Әрі қарай болар іс болды…

1986 жылдың желтоқсанында Алматыдағы алаңдағы жастардың шеруі (фотосуреттер интернеттен алынды)

Желтоқсанның 17-нен 18-не қараған түні миилиция қызметкерлері алаңда оқиғаға қатысты жүздеген адамды ұстады. Ұстау шарасы «конвейер» тәсілімен жүзеге асты: ішкі әскер жауынгерлері, милиционерлер, шекарашылар шеруге шыққандардың арасынан ең белсенді деп санағандарын іздеп тауып, ұстап алды да, арнайы автобустар – милицияның жылжымалы бекетіне тоғыта бастады.

Автобус толған сәтте, жүргізуші бірден кетіп қалып, орнына «бұзақы элементтерді» тиеу үшін екіншісі келіп тоқтады. Ұсталғандарды қаланың әр бөлігіндегі оқшаулағыштарға тасыды.

Автобустың жанында тұрған кезде, жауынгерлердің тонының түймелері ағытылып кеткен, бас киімсіз егделеу жастағы ер адамды сүйреп бара жатқанын көрдім. Басын қан жауып кетіпті. Ұсталғанның түрі маған таныс көрінді. Мұқият қарағанымда, танымал мәдениет қайраткері, М.Әуезов атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Әзірбайжан Мәмбетовті таныдым. Біз өзара таныс болмасақ та, театрда барғанымда, осы әртіс әрі режиссердің талантына бірнеше мәрте тәнті болып, жоғары бағалаған едім. Мен жауынгерлер Мәмбетовті тоғытқан автобусқа келдім де, әскерилерден басшылары кім екенін сұрадым. Маған лейтенантты нұсқады. Куәлігімді көрсетіп: «Сіздер халық әртісін ұстағандарыңызды білесіздер ме? – деп сұрадым. – Автобустан шығарыңдар да, жеке көлікпен қалалық ІІБ-нің кезекші бөліміне жеткізіңдер. Ол жерде оған қажет дәрігерлік көмек көрсетеді және оның қандай кінәсі барын анықтайды», – дедім. Ақырында Мәмбетовті УАЗ-ға отырығызып алып кетті. Оған көмектесудің басқа тәсілі жоқ еді…

Әзірбайжан Мәмбетов жұбайымен (фотосурет интернеттен алынды)

Оқиғаға осылай араласуға талпынғанымның өзіне қырағы партия басшыларының қырын қарағаны ерекше назар аудартатын жайт. Бірнеше күннен соң мені Компартияның Алматы облыстық комитетіне шақырды. Әкімшілік бөлімде маған үлкен күдікпен қарады және әжептәуір лауазымда отырғаныма қарамастан тергеудің астына алды.

– Мәмбетовті милицияның жылжымалы бекетінен шығарып алуға сіз бұйрық бердіңіз бе?

– Иә.

– Ол сіздің туысыңыз ба?

– Жоқ.

– Бәлкім көршіңіз болар?

– Жоқ.

– Оны қайдан танисыз?

– Мен оны әртіс ретінде білемін. Мен театрға барамын. Ол өзі де танымал адам, Жоғарғы Кеңестің депутаты. Бірақ біз таныс емеспіз. Сіздер одан: Меңдешевті танисың ба деп сұраңыздар. Оның танымаймын деп жауап беретіні сөзсіз.

– Онда неге оған көмектескіңіз келді?

– Оның басы жарылыпты, дәрігерлік көмек қажет еді. Жас адам емес, қандай жағдай болары белгісіз еді. Автобуста немесе камерада жағдайы нашарлап кетсе не болар еді? Мен шара қолдануға міндетті едім.

Жарайды, түсініктеме жазыңыз да, бара беріңіз.

Сөйтіп «ақталып» шыққандай болдым. Кейінірек, Мәмбетовті ұлтшыл деп айыптағанын және партия ішінде «мүйіздегенін» естідім. Тағы біраз уақыт өткен соң оны толығымен ақтады. Біз сол күйі кездеспедік және ол бұл оқиға туралы білмейді…

…19-ы күні-ақ мені ІІМ-не есеп беруге шақырды. Ол жерде КСРО ІІМ қылмыстық іздестіру басқармасы бастығының орынбасары – полковник отырды. Ол қайраткердің фамилиясы есімде қалмапты. Жақтырмай тұрғанын түрі айтып тұр еді.

– Меңдешев, сіздің тобыңыз онда немен айналысып жүр? – деп ол маған дүрсе қоя берді. – Бір тәулік өтті, ал сіз әлі ешкімді ұстамағансыз!

– Бірдеңені дәлелдеу өте қиын, – деп түсіндірдім мен. – Көп адамға әлі хаттама толтырылмаған, ал толтырылғандарында іліп алар нақты ештеңе жоқ: біреу ұрандаған, тағы біреу тас лақтырды деген сияқты сөздер. Біреуді «отырғызу» үшін куәлар қажет, ал олар жоқ

– Қысыр сөзді қысқарт! – мәскеулік бастық жарыла жаздады. – Жұмыс істегісі келмеген әйтеуір сылтау табады!  Сен қылмыскерлердің кінәсін дәлелдеуге мәндеттісің! Сен не, түсінбеймісің?!

– Кейбір адамдар жеткіліксіз негізбен ұсталғаны болуы мүмкін…

Бұл сөзім полковниктің әбден қытығына тиді білем. Ол қып-қызыл боп кетті де:

– Қара да тұр, әрі қарай да осылай істесең жедел топтың басшылығынан шеттетемін, – деді.

Иығымнан жүк түскендей сезінгенім соншалық, осы дөңайбаты үшін алғыс айта жаздадым. Бірақ полковник:

Иығыңнан погондарың ұшады!, – деп нығарлап қосып қойды.  

Осы сәтте ашуланып бірдеңе деуге оқталдым, бірақ мені қасымдағы генерал түртіп қалды. Келімсек бастық айтарын айтып болсын, сосын басылады дегендей емеурін білдірді. Мен өзімді ұстадым.

Ақырында 28 желтоқсан күні мені жедел топтың басшысы қызметінен босатты. Ауыр жүк мойнымнан түскендей болды. Мұндай «саясаттан» аулақ кетіп, өзім үйренген іс – нағыз қылмыскерлерді ұстаумен айналысуыма мұрсат берді».

Әрі қарай Ғабдырахым Меңдешұлының қызметі өрге басты. Жеке басына қатысты да жаймашуақ күндер келді. 90-жылдары республиканың Бас із кесушісі болды, сөйтіп елді дүрліктірген көптеген қылмыстарды ашуға атсалысып, бірқатар операцияларға басшылық етеді. Олардың қатарында Қазақстандағы тұңғыш тапсырыспен кісі өлтіру қылмысын ашу мен ел аумағындағы алғашқы терроршыларды құрықтау істері бар. Бірақ адуындылығы мен тік мінезінен «Шерхан» сол «Қара полковник» күйінде қалды. Білетіндердің айтуынша, мінезінен де оған сол күйі генерал атағын бермеген көрінеді.

Президенттің қолынан құрмет грамотасын алған сәті (фотосурет voxpopuli.kz сайтынан алынды)

Ғабдырахым Меңдешев отбасымен (фотосурет voxpopuli.kz сайтынан алынды)

1994 жылы Ғабдырахым Меңдешев қызметінен кетті. Қазақстан мен шетелдің ірі компанияларына қызмет көрсететін «Альфа-К» атты жекеменшік күзет фирмасын ашты. Бертінге дейін бұл бизнесті өзі жүргізіп келді, қазір істі мұрагерлеріне табыстады. Полиция ардагері қоғамдық өмірден алшақтаған жоқ және кейде ІІМ бөлімдерінде жауапты қызметтегі шәкірттерінің өтінішімен қылмысты ашуға да көмектесіп тұрады. Спортпен шұғылдануын да тастамаған, ара-тұра тіпті кезінде өзі түрмеге отырғызып, артынан достасып кеткен Сабыржан Махметовпен бірге бассейнге барып тұрады. Осы және өзге де қызық жайларды маған оның өзі айтып берген. Қазақстанда соңғы онжылдықта болған атышулы қылмыстар туралы сөз болғанда, бұл оқиғаларды да айтып беремін. 

(Журналист Асқар Жалдиновтың «Вне протокола» кітабынан)

Тегтер: