17 Қазан 08:24
...

Қаңтар бүлігі: Рақымшылық кімдерге жасалады?

Фото:

Өткен аптада Мәжіліс отырысында Қаңтар оқиғаларына қатысқан азаматтарға «Рақымшылық жасау» туралы заң жобасын қарауға алынды. Көкейде сұрақ көп: бір реттік кешірімді кімдер алады және кімдер қалады?

NEGE тілшісі мәжілісмендерден аталған заң жобасының жай-жапсарын сұрады.

Гүлдара Нұрымова, Мәжіліс депутаты:

Азаптауға қатысқан полицейлерге рақымшылық жасалмайды

– Рақымшылық туралы Заң күшіне енгеннен кейін айыпталушы қылмыстық қудалау органдары мен сотқа өтініш береді. Онда ол кінәні мойындайды және оған рақымшылық жасауды сұрайды.

Бұған терроризм, экстремизм, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар жасағандар мен рецидивистерден басқа, ауырлығы аз және ауырлығы орташа теріс қылықтар жасаған адамдар ілінеді.

Ал азаптауға байланысты қылмыс жасаған адамдарға, оның ішінде полицейлерге рақымшылық жасалмайды. Рақымшылыққа іліккен адамдардың тізімі дербес деректерді қорғау туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүреді.

Нұрлыбек Ожаев, Мәжіліс депутаты:

1500 адамға рақымшылық жасалады

– Президент Жолдауында қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты «Рақымшылық жасау» туралы тапсырма берген еді. Осы жолдаудың аясында Мәжілістің жалпы отырысында аталған заң жобасын қабылдадық. Бұл бастаманы көтерген – Парламент депутаттары.

Қазір бұл жоба «Заңнама және сот-құқықтық реформа» комитетіне түсті. Оны талқылау мен оның төңірегіндегі процедураларды атқару үшін жұмысшы тобы құрылады. Енді аталған комитет осы жылдың аяғы, яғни 14 желтоқсанға дейін қорытындыны әзірлеп тапсыруы керек.

Тергеу орындарында жаппай тәртіпсіздік барысында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 1 600 адам анықталып, жауапқа тартылған. Оның ішінде, 351 адам сотқа дейінгі тергеп-тексеру шараларына тартылып, 546 іс сотқа жолданды, 1069 адам сотталды. Ал оның 112-сіне жеке бас бостандығынан айыруға үкім шығарылған.

Алдын ала айтылған болжамдар бойынша, осы рақымшылық жасау заң жобасы болашақта қолданысқа енген жағдайда 1500 адамға қатысты рақымшылық жасалады деп күтілуде. Оның барлығы Мәжіліс қабырғасында қаралады.

Сондай-ақ рақымшылық жасалмайтын топтар да бар. Олар – террористік, экстремистік қылмыстар, азаптаулар мен мемлекетке опасыздық жасаған, сыбайлас жемқорлыққа жол берген азаматтар.

Қолымызда бар деректер бойынша осы Қаңтар оқиғасындағы тәртіпсіздіктерге қатысты Қылмыстық кодекстің 54-бабы бойынша рақымшылық жасау шаралары жүзеге аспақ.

Жұлдыз Сүлейменова, Мәжіліс депутаты:

Бұл – бір реттік мейірімділік

– Рақымшылық жасау туралы заң жобасын әзірлеудің негізі  – Президенттің Жолдауы. Ал екінші құжат – 13 қыркүйектегі №1008 жарлығымен бекітілген биылғы Жолдауды іске асыруға бағытталған жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 99-тармағы.

Тоқаев: «Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз.

Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр. Мемлекет Қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетеді.

Ал билікті күшпен басып алмақ болғандарға бұл шара қолданылмайды», – деген еді.

Аталған заң жобасы – қоғам мен мемлекет тарапынан жасалатын бір реттік мейірімділік пен ізгілік актісі. Сонымен қатар ол қаңтардағы қайғылы оқиғаларға байланысты қоғамдық келісімді сақтау мақсатында қабылданып отыр.

Тегтер: