Қалетаевтың кеңесшісі Киевте шайқап жүр

16 ақпан, 13:11

Фото: nege.kz

Қазақтың дипломаттары өзге жұртты таң-тамаша етуін тоқтатар емес. Бұл жолы Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаевтың кеңесшісі Думан Қызырдың «өнерін» көрдік.

Қазақстанның Украинадағы елшілігінің жауапты қызметкері һәм елші Дархан Қалетаевтың кеңесшісі Думан Қызыр Киевтің қақ ортасында елшілік көлігімен жол ережесін өрескел бұзғанымен қоймай, бір топ адамды қаға жаздап қашқан. Қазақстандық дипломаттың бұл «өнерін» «Зупини лося» (Бұланды тоқтат) қоғамдық қозғалысының белсенділері таспаға басып алыпты.

Белсенділер жазып алған видеода Қазақстан елшілігіне тиесілі дипломатиялық нөмірлі көлікпен ереже бұзған «бұланның» бет-бейнесі анық көрінеді.

Қоғам белсенділері Украинаның құзырлы органдарынан кінәліні жауапқа тартуды талап етіп, хат жолдаған. Біз де өз тарапымыздан ҚР Сыртқы істер министрлігіне және Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаевқа ресми сауал жолдаймыз.

Жол ережесін бұзған «бұландарды» әшкерелейтін «Зупини лося» қоғамдық қозғалысының өкілдері 2019 жылы Украинаның Қауіпсіздік қызметі басшысы болуға үміткер Андрей Кмитаны жол ережесін бұзған жерінен ұстап алып, дандайсыған шендіні масқара еткен.

Қадалған жерден қан алмай қоймайтын белсенділердің нысанасына бұл жолы біздің «бұлан» ілігіп қалыпты. Қалетаев «бұландарына» НЕГЕ ие бола алмай жүр екен, ә? Біз оны елшінің өзінен сұрап білуге тырысамыз.

#қалетаев #украина #зупинилося #думанқызыр
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации