22 Сәуір 17:13

«Қайраттарға» қауіп төнді...

Фото:

Қаңтардағы бүліктен кейін бірінен соң бірі үш Қайрат ұсталды: Қайрат Сатыбалды, Қайрат Боранбаев, Қайрат Құдайберген. Тағы бір Қайрат бүгін қызметінен кетті...

Президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды туралы көп нәрсе айтуға болар еді, бірақ жұртшылық онсыз да біледі. Сондықтан тергеу органдары оның Қаңтар бүлігіне қатыстылығын тексеріп жатқанын айтсақ та жеткілікті. Егер екі жүзден астам адам опат болған бүлікке оның қатыстылығы дәлелденсе, «Қазақтелекомның» акциясын мемлекетке қайтарумен құтылмайтыны анық.

Қ.Сатыбалды.

Қайрат Боранбаевты Дариға Назарбаевамен құда болғанға дейін көпшілік жыға танымайтын. 2013 жылы атақты «Royal Tulip» мейраманханасында дүрілдетіп той жасағанда қазақтілді ортада сөз болған жайт – оның әкесі әйгілі актер Әнуар Боранбаев болды. «Бәрекелді, тарып-ақ туған екен! Тусаң, ту!» деген мақтауларды да құлақ шалған сол тұста.

Қ.Боранбаев.

Мақтаушылары қателескен екен. Қайрат Боранбаевтың «ішіп қойды, жеп қойдылары» су бетіне қалқып шыққанда іш тартқандарды да көрдік.

«Жылаңқы Қайрат» туралы әңгіме бөлек. Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Құдайбергеннің хайпты жақсы көретіні, хайп жасау қолынан келетіні пандемия кезінде жылағанынан белгілі болған. Табалағанымыз емес, шынымен де тірлігіне жұрт күлген сонда.

Қ.Құдайберген.

Қаңтар бүлігі кезінде алаңда «Дикий» Арманмен қатар тұруын, жалындап сөйлегенін, прокуратура мәлімдегендей команда жасақтап, оларды ондыққа бөліп, қолына ақ мата байлатып қойғанын да хайпқа балағанбыз. Бәлкім, осы жолғысы хайп емес те шығар. «Қызықты неден көп көрсең, таяқты да дәл содан жейсің» деген тәмсіл әлі күшінде екен.

Бүгін тағы бір Қайратқа қатысты деректі көзіміз шалды: «Алматы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Қайрат Әбдірәсілов қызметінен кетіпті. Не үшін кеткені әзірге белгісіз...

Қ.Әбдірәсілов.

Жұрт танитын тағы бір Қайрат қалды. Ол – Қайрат Нұртас. Әрине, Қайрат Нұртас ешқашан мемлекеттік қызмет істемеді, бюджеттің қаржысына да қол салмаған болар, бәлкім. Тек 2013 жылы аттасы Қайрат Боранбаев Айсұлтан Назарбаевқа қызын ұзатып жатқанда Қайрат Нұртастың «Прайм Плазадағы» концертінде бүлік шықты. Осы оқиғадан соң әнші біраз уақытқа дейін көрінбей кетті де, сахнасын қайта тапты. Бұл – бір.

Қ.Нұртас пен «Дикий» Арман.

Екіншіден, Қайрат Нұртастың «Дикий» Арманмен бірге түскен фотолары көп. Бірге фотоға түссе, мақсаттары да бір деген сөз емес. Тек айтқымыз келгені – «Дикийді» төңіректеген әнші-бишілердің арасында Қайрат Нұртас та «ағасын жағалап» жүр еді...

Әлеуметтік желіде «Қайраттарға» қатысты мемдер толып жүр. «Қайраттар есімін жаппай ауыстырып жатыр» дегенді оқығанда күлдік те қойдық.

Ешбір қыжыртпасыз айтар болсақ, егер бюджеттің қаржысын қымқырмаса, «Дикийдің» інісі немесе ағасы болмаса, Қайраттарға қорқатын ештеңе жоқ.

Қайраттан да зор есімді арқалағандар арамызда толып жүрген жоқ па?..

Тегтер: