15 Шілде 20:09

Індет жұртқа иттің майын ішкізіп, кірпінің етін жегізіп жатыр...

Фото:

Адамдардың көпшілігі короновируспен үй жағдайында емделуге көшкен. Дертіне ем іздеген халық ауруды жеңудің сан түрлі амал-тәсілдерін сынап көруде. Өйткені ауырғандардың саны күн сайын артып барады, ауруханаларда орын жоқ. Әркім өз білген емімен бөлісіп, түрлі кеңестерді жарыса жазып жатыр.

«Иттің майын иіскемей ішкен жөн»

«Қойдың құйрық майы коронавирусқа қарсы ем екен...», «Суырдың майы дертті сылып түседі...», «Иттің майы – дәріден артық...», «Кірпінің еті өкпені емдейді...»

Осыған саятын «дәрігерлік кеңестер» сарылып ем іздеген жұрттың аузында жүр. Енді біреулері «адыраспанның түтінімен өкпені тазалауға болады» деген болжам шығарыпты. Түрлі емдеу тәсілдерін көрсеткен видеороликтер жылдам таралып, мыңдаған қаралым жинауда. Барлығы коронавирусты пневмониядан қалай емделуге болатынын білгісі келеді.

Қазақы емді жақтаушылар да жоқ емес. Кәдімгі қымызбен, саумалмен емделіп жатқандар да баршылық. Тіпті бие сауып, қымыз сатып отырғандардың айтуынша, қымыз алу үшін кезекке тұрғандардың қарасы қалың көрінеді.

Ем іздеген халық иттің майын да пайдаланып жатыр. Тіпті, еліміздегі кәріс мейрамханаларында «иттің етінен сорпа дайындалып, оны халық ем үшін ішіп жатыр екен» деген дерек бар.

Тілшіміз «Иттің майы сатылады» деген жарнаманың біріне хабарласып көрген болатын. «Иттің майы бар ма?» дегенді ести сала, телефон тұтқасын көтерген хабарландыру иесі бірден өз өнімін жарнамалауға көшті. Тіпті «коронавирусты пневмонияға ем бола ала ма?» деген сауалымызға бірден «иә» деген жауап естідік.

«Қазір маған көбінесе пневмониямен ауырып жатқан науқастың туыстары хабарласып жатыр. Иттің майы пневмонияға жақсы ем. Нәтижесі 3-4 күннің ішінде байқалады. Егер сізде құрғақ жөтел болса, қақырығыңызды сұйылтып сыртқа шығуына көмектеседі. Күніне екі қасықтан ішіп отырған дұрыс. Бір қасығын таңертең аш қарынға ішіп аласыз. Егер өзін таза күйінде іше алмасаңыз, ыстық сүтке қосуға болады. Бірақ таза күйінде ішкен пайдалырақ. Жиіркеніп қалмас үшін иттің майын иіскемей ішкен жөн», – деп жауап берді хабарландыру иесі.

«Иттің майын өздеріңіз дайындайсыздар ма?», деген сауалымызға былай жауап берді:

«Иә, бәрін өзіміз қолдан дайындаймыз. Біздікі ешқандай қоспасыз таза иттің майы. Оны дайындаудың да өзіндік технологиясы бар. Негізі дұрыс дайындай білу керек. Дұрыс дайындамаса, ол 50% емдік күшін жояды. Біз майды  булау арқылы аламыз. Шыжғыруға болмайды. Бу арқылы «нағыз иттің майы» жиналады. 100 грамы 3000 теңге тұрады. Ол 10 күндік емге толық жетеді. Егер науқастың жағдайы ауыр болса 200 грамм алу керек. Алғашқы 100 грамын күніне екі қасықтан ішіп отырасыз, одан кейінгі 50 грамы күніне бір қасықтан ішуге жетеді. Сонда 150 грамын ішесіз де, қалған 50 грамын кеудеге жағасыз. Бұл – толық емделу курсына жететін мөлшер».

Борсықтың майы ем бе?

Соңғы кездері борсықтың майын сатып алушылардың да қатары көбейіпті. Өйткені вирусты емдеуде халықтық емге жүгініп, шипаны осы әдістен іздеуге көшкен. Борсық майының пайдасына сенген жұрт оны жаппай сатып алып жатқан көрінеді. Алайда арнайы зерттеу жасап, майды сататындармен телефон арқылы тілдесіп көргенімізде төмендегідей жауап қайтарды.

«Борсықтың майын сатамыз. Бағалары әртүрлі, мекенжайыңызды айтсаңыз, үйіңізге дейін жеткізіп бере аламыз. Табиғи, таза өнім. Пневмония кезінде жақсы көмектеседі. Барлығы сол үшін алып жатыр», – деп жауап қайтарды.

Ғаламтордан борсықтың майын іздей қалсаң, түр-түрін сататындар жетіп артылады. Тіпті, Алматы қаласындағы бірнеше дәріханаға хабарласқанымызда, олар да борсық майының жақсы сатылып жатқанын айтты.

«Көбі пневмонияны емдеуге алып жатыр. Бәрін талап алып жатыр дей алмаймыз, бірақ алып жатқандар аз емес», – деп жауап берді дәріхана сатушысы.

Борсық майы қабынған өкпені емдеуге арналған табиғи дәрі. Көбінесе оны суық тию, бронхит, туберкулез және пневмонияны емдеу үшін қолданылады. Оның пайдалы болуына борсықтың қысқы ұйқыға жатқанша пайдалы заттарды денесіне май түрінде жинауы себеп екен.

Оның емдік қасиетін дәрігерлер де жоққа шығармайды. Өкпеге суық тиген жағдайда таптырмас ем екенін де алға тартады. Бірақ оның зиянды жағы да бар екенін ескертеді.

Ол туралы жоғары санатты пульмонолог, Астана медицина университеті жанұялық медицина кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Наталья Латыпова былай дейді:

«Халық емінің тиімділігі дәлелденбеген, себебі, мұндай заттарды қолдану қаншалықты тиімді деп зерттеген ешкім жоқ. Дәлелденбеген соң қандай да бір әдістерді кеңінен жарнамалауға болмайды. Әзірге тәжірибе жүргізілмеді. Дәрігерлер дәлелденген клиникалық медицинаға ғана арқа сүйейді».

Ресейдің танымал дәрігері Коморовский: «Борсыққа тимеңіздер! Олар коронавирустан емдей алмайды», – деп мәлімдеме жасаған болатын.

Тіпті, қазақтың «№1 дәрісіне» айналған қойдың майы коронавирустық инфекция тараған бойда бағасы қымбаттап кеткен. Жаздың ыстығы табаннан өтіп тұрса да, қойдың майын іздеушілер көп. Бұрын нарықта 1000-1500 теңгеге сатылған қазақы қойдың құйрығы бүгінде 2 мың теңгеден асып кетті. Қойдың бағасы да қымбаттаған.

Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында қойдың майының пайдасымен қатар зияны да бар дейді.

«Суық тиіп ауырған кезде, әрине, оның пайдасы бар. Тек белгілі бір мөлшерде пайдаланған кезде ғана. Ал қазір құйрық пайдалы дегенді алады да, апырып-жапырып жей береді. Оның құрамында қауіпті заттар көп. Витаминдер бар. Онымен қоса, зиянды жақтары да аз емес. Мәселен, холестерин көп. Ескеретін жайт, емдік қасиеті мол қуатты азықты пайдаланған соң соншалықты энергия жұмсау керек", – деді академик.

Кірпі аулап кетпеңіз!

Оңтүстік өңірде кәдімгі кірпі аулаушылар көбейіпті. Себеп сол баяғы – «кірпінің еті өкпеге ем екен» деген гу-гу. «Әйгілі Ибн Синаның өзі айтыпты» дегенге сенетін халық төбе-төбеден кірпі іздеп жүр деседі. Ғаламтордан іздеп көріп едік, кірпінің майы мен етін күйікке, құрт ауруына қарсы пайдаланатынын оқып білдік. Алайда, солай екен деп кірпі іздеп кетуге болмайды. Біріншіден, бұл медицинада дәлелденбеген. Екіншіден, дерт үстіне дерт жамап алуыңыз әбден мүмкін.

Бұзаубастың «қасиеті»

Ол ол ма, кәдімгі бұзаубасты (медведка) «қатерлі ісікке, бауыр циррозына, созылмалы гепатитке, қант диабетіне және басқа да ауруларға ем ретінде пайдалануға болады» деген жарнаманы да көзіміз шалды. Және оның «емін» арзан деуге келмейді. Өкініштісі сол, ем іздеп сабылған халық дәстүрлі медицинаға емес, осындай жарнамаларға көбірек сенетін болып барады.

Дәрігерлер не дейді?

Алматылық дәрігерлер коронавирустың жеңіл түрімен ауырып жатқандарға морс пен май араласқан жылы сүт ішуді ұсынған. Инфекционист дәрігер Шолпан Әуелбекованың сөзінше, коронавирустың жеңіл түрімен ауырып жатқандар аскорбин қышқылы бар сұйықтықты жиі ішу керек екен.

Маманның айтуынша, жиі су ішіп, жұтқыншақты әр екі сағат сайын шайқаған жөн.  Сонымен қатар, үй жағдайында жасайтын халық медицинасы да инфекцияның симптомдарын азайтуға септігін тигізеді.

«Компот, жидектерден жасалған морс ішуге болады. Жылы сүтке сары май, не қойдың майын қосып ішкен де дұрыс. Ол тамақтың құрғауын тоқтатады», – дейді маман. 

Мамандардың айтуынша, халық жаппай сатып алып жатқан жоғарыдағы майлардың пайдасы бар. «Алайда оларды қазіргі жағдайда ем ретінде пайдалану қаншалықты тиімді екенін дөп басып айту қиын. Өйткені, әр науқастың жағдайы әртүрлі», – дейді мамандар. 

«Қазақы қасиетімізге жат майлар, ағзамызға жақпауы мүмкін»

Тілшіміз жоғарыда аталған майлардың қаншалықты пайдалы екенін, коронавирусты пневмония кезінде қабылдаудың қаншалықты дұрыс екенін білу мақсатында Медицина ғылымдарының докторы, профессор Дәленов Ерболат Дербісәліұлына хабарласқан болатын.

Профессордың айтуынша, вирустық инфекция кезінде сұйықтықты көбірек ішкен дұрыс. 

«Мен классикалық емнің жақтаушысымын. Өзіміздің төрт түлігіміз тұрғанда өзге жануардың етін неге жейді? Мысалы, жылқының етінде май да бар, ақуыз да бар, дәрумен де, микроэлементтер де бар. Коронавирус адам ағзасына үш жерден енеді. Олар: ауыз, мұрын, жарақаттанған тері. Осы аталғандар арқылы қан тамырларының ішкі қабатына еніп, қабыну процесстерін жүргізеді. Сол кезде ағзаға сұйықтық керек. Сол үшін науқастарға күніне 1.5-2 литр сұйықтық ішкізеді. Оған шәй, кофе, тәтті сусындар жатпайды. Оларды дәрі айдағыштар деп атайды. Дұрысы таза су ішу керек. Ішкен суымыз ағзаға түсіп, зат алмасу процессін жақсартады», - дейді Ерболат Дербісәліұлы.

Профессор қазақы болмысымызға жат дүниелер ағзамызға кері әсер етуі мүмкін екендігін де ескертті. 

«Аурудың алдын алу үшін құрамында ақуыз бар тағамдарды жеу керек. Оған өзіміздің «ет» тағамдарымыз жатады. Жылқының, қойдың, сиырдың, балықтың сорпасын мүмкіндігінше көбірек ішу керек. Оларды тұтыну кезінде де адамның ағзасына, бойындағы ауруына мән беру керек. Ең алдымен адамның бойында бұрыннан келе жатқан ауруларды анықтап алған жөн. Коронавирус өкпеге майды қажет ететін қабатты жеп қояды. Сол себепті өкпеге "май" керек. Қазақ халқы ерте кезден өкпе ауруларына шалдыққандарға борсықтың, иттің майын да берген. Бірақ біздің ағзамыз, тіндеріміз оған бейімделмеген. Сол себепті, таңсық майлар ағзамыз кері реакция беруі мүмкін. Жылқының майлы қазысы, қойдың құйрық майы тұрғанда басқа майларды, кірпі етінің не қажеті бар? Өзіміз жеп жүрген еттерімізді сарымсақпен қуырып жеген пайдалы. Қазір қойдың құйрық майында холестерин аз кез. Жылқының қазысында түрлі ауруға ем болатын дәрумендер бар», - деп жауап берді Ерболат Дәленов.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтылмаса керек. Қазіргідей індеттің өршіп тұрған заманында дәріханаларда дәрі тапшы. Тіпті, қалтасында ақшасы бола тұра қажетті дәріні таба алмай, көз жұмып жатқандар бар. Ауру жаныңа батқанда ем болады дегеннің барлығын пайдаланып көргіміз келеді. Дегенмен емнің қай жолын пайдалансақ та, сақтықты бірінші орынға қойғанымыз жөн.

Тегтер: