24 Мамыр 12:26

«ХИДЖАБ киген қыз көрсем, «КІМНІҢ ТОҚАЛЫ ЕКЕН» деген ой келеді» – Әртістер оранған әріптестері туралы не дейді?

Фото:

Бүгінгі өнер сахнасында жүрген қыз-келіншектердің жағалай орана бастағаны жасырын емес. Жуырда белгілі тележүргізуші Динара СӘТЖАННЫҢ белгілі блогерлерге оранғаны үшін ақша төлейтінін айтты. Мұнымен келіспейтіндер де бар.

NEGE тілшісі оранған әртістердің әріптестерін сөйлетіп көрді.

Ая БАПАНИ, дизайнер:

Қазақтың қыздары мөшек кигендей киінбеген

– Әрине, өз басым қыздардың етек-жеңін жауып жүргенін жөн санаймын. Бірақ бұл міндетті түрде «хиджаб кию керек» деген сөз емес. Егер шариғат жолымен жүргісі келетін қыз болса, етегі ұзын небір сәнді әрі стильді кимдер бар ғой. Соларды неге кимеске?!

Өткенге көз жүгірстек, қазақтың қыздары мөшек кигендей киінбеген. Комзолдарының белі қыпша белін айқындап тұрған. Мойыны мен құлағын бүркемеген, керісінше, қос бұрымына шашбау, білектеріне білезік тағып, сәнді көрінуге тырысқан. Тек жас өте келе ғана кимешекке ойысқан.

Сосын хиджаб көбіне қара немесе күңгірт түстерден келеді, ал қазақтың қыздары гүлдей әдімі қызыл, қызғылт және ашық түстерге басымдылық берген. Дегенмен «ананы ки, мынаны киме» деп ешкімге тиым сала алмаймыз. Әркімнің өз еркі. Бірақ, хиджаб кигендер өзгеге үгіт-насихат жасап, қазақтың қыздары осылай киінген деп тарих пен ата салтты, дәстүрді бұрмаламаса екен.

Гүлшат ТҰТОВА, кино және театр актрисасы:

Қазақ болайық!

– «Шашымды қобыратпай жабық жүргім келеді» дейтін адамға өзіміздің тамаша тақияларымыз да шығып жатыр ғой. Әрине, намазға жығылғанда орамалын тақсын. Ал күнделікті оранып жүргісі келеді екен, онда неге кимешек кимеске?! Үкі жапсырып қойса, тіпті әдемі көрінеді.

Мәселен, Біріккен Араб Әмірлігіне барғанда көрдік қой, олардың  өзіне сондай жарасымды. Себебі, олар сонысымен ерекшеленеді. Ал біздікілер соларға еліктеп жүр.

Шыны керек, жиын-тойда хиджаб киген қыз-келіншек көрсем, «мынау кімнің тоқалы екен» деген ой келеді.

Жанар Айжанова Ұмырада жүргенде кимешек киіп түскен фотосын жіберді. Қандай жарасымды, көп арабтың арасында жұтылып кетпей, қазақ екені көзге бірден ұрып тұр. Маған да қажылыққа баруға жол түссе, ұлттық киімімізде барар едім. Оның үстіне үйде тірлік жасасаң да, кимешек қолайлы. Өте ыңғайлы, шашың да жалбырамайды.

Сосын намазға жығылғаны мен хиджаб кигенін жер-көкке жарнамалап, желідегі контентін өсіруді көздейтіндерді де түсінбеймін. Айналайын, құлшылықты өзің үшін жасайсың ғой. Оны жалпақ жұртқа жариялаудың қажеті қанша?!

Аяз атаға ұқсап сақал қоятын жігіттерді де түсінбеймін. Менің атам да үнемі сақалмен жүретін, бірақ оны қобыратпай, қажетінше қырқып отыратын. Гигиеналық тұрғыдан да таза, көрер көзге де сүйкімді еді. Түсіне білсек, дәрет алудың өзі тазалықты дәріптемей ме? Сондықтан қазақ болайық, айғайын!

Бағдат СӘМЕДИНОВА, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші:

Өнер адамы бәріне үлгі болуы керек

– Біздің ата-бабамыздың хиджаб кимегеніне ешкім таласа алмайды. Қазір жұдырықтай қыздарды да бүркеп қоятындар бар. Сонда оның балалығы қайда қалады?!

Меніңше, имандылық – Алладан қорқуда жатыр. Егер жан дүниең таза болмаса, оны хиджабпен де, орамалмен де бүркей алмайсың. 

Жуырда ғана «Адамзаттың алтын тәжі» деген кітапты оқып шықтым. Онда да айтылғаны осы әңгіме. Адамгершілікке, ешкімді алдамауға, өтірік айтпауға бағыттайды. Қазір сахнаға оранып шығып, сыртында тырқылдап-жырқылдап жүргендерді де байқап жүрміз. Ел алдында сөйтіп жүргендерді көрген адам «анау да солай жүр ғой, маған не айып» деуі әбден мүмкін.

Меніңше, өнер адамының жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзіне дейін үлгі өнегеге тұнып тұруы керек.

Болат ӘБДІЛМАНОВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер:

Сақал қоюдың да әдебі бар

– Өз басым қыз баланың шашын көрсетпей, жабық жүргенін дұрыс санаймын. Бірақ бүгінгілер басқаларға еліктемей, кезіндегі аналарымыз бен әжелеріміздей тақия, кимешек сынды бас киімдерін тұтынса деймін.

Ұлтымызда бойжеткенге, жас келінге, орта жастағы келіншекке, егде жастағы кейуанаға, барлығының өз жасына сай киетін киім үлгілері бар. Қап-қара хиджаб кигенді құптамаймын. Салтымызда қара жамылған адам ғана қара киім киген.

Сосын қазақта «Сөздің көркі – мақал, жүздің көркі- сақал» деген сөз бар. Сақал қоюдың да өз әдебі, мәдениеті бар. Кеудесіне түсіре өсіріп, жалбырап жүрген сақалды қабылдай алмаймын. 

Ұлтымызда қырма сақал, қаба сақал, күйек сақал, көбе сақал, шоқша сақал деген атаулар осындай сақал қою әдебінен қалыптасқан.

Тегтер: