15 Шілде 15:43

Генералдың НЕГЕ ұйқысы қашты?

Фото:

Жуырда Алматы қаласы Полиция департаментіне қарасты емхананың қызметкері «жалған құжат жасады» деген күдікпен ұсталғаны туралы хабар тарады. Бұл істің ПД басшысы Қанат Таймерденовке тікелей де, жанама да қатысы бар екен.

Тұрақты оқырманымыздың хабарлауынша, Антикор қызметкерлері ПД емханасының терапевтін бір айдан астам уақыт бақылап жүрген. Осы уақыт ішінде әлгі терапевт ішкі істер органдары қызметкерлеріне вакцинаға қатысты 90-нан астам жалған құжат жасап берген көрінеді.

Антикор тергеушілері терапевті қысқанда, ол бұл іске емхананың бас дәрігерінің де қатысы бар екенін мойындаған. Ал бас дәрігер Алматы қалалық ПД басшысы, генерал-майор Қанат Таймерденовтің ауылдасы әрі туысы деседі.

Қ.Таймерденовтің Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қастек ауылының тумасы екенін жұрт айтып жүр. Егер бізге жеткен дерек рас болса, басы дауға қалған әлгі бас дәрігер де – Қастек ауылынан.

ПД-ның қарамағындағы емханадан шу шықса және ол шудың «авторы» өзінің туысы әрі ауылдасы болса, генерал Қанат Таймерденов қалай қол қусырып қарап отырады?

Бізге жеткен дерекке қарағанда, Қ.Таймерденов мәселені ың-шыңсыз шешу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысы Мұрат Ахметовке қолқа салған-мыс. Алайда М.Ахметов қолқалауға көнбей, агенттіктің басшысы Марат Ахметжановты бұл істен хабардар еткен. Одан әрі хабар ІІМ-ге, Президент әкімшілігіне желдей есіп жеткен.

Тұрақты оқырманымыздың айтуынша, қазір Қанат Таймерденовтің мазасы жоқ. ҚР Жоғарғы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының мүшесі Мейрамбек Таймерденов те інісіне көмектесе алмауы мүмкін. Өйткені жоғары биліктегі біраз адам хабардар болып үлгерді.

ПД емханасы қызметкерлерінің тізімі

Тілшіміз Алматы қалалық ПД емханасына бас сұғып, ақпарат алуға тырысқан.

Кіре берісте пациенттердің дене қызуын тексеріп отырған қыз емханада жалғыз терапевтен басқа ешкім жоқ екенін, бас дәрігер жұмыстан босатылғанын, ал бас дәрігердің міндетін атқарушы дене қызуы көтеріліп, үйіне кетіп қалғанын айтыпты...  

Тегтер: