14 Желтоқсан 17:42

Фариза Оспан: Қарақат Әбденнің кітабы әйелдердің құқығын шектейді

Фото:

Нұр-Cұлтан қалалық мәслихатының депутаты Қарақат Әбденнің «Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет!» атты кітабы екі тілде шыққанын, кітаптың шыға сала дау тудырғанын жазғанбыз.

Тақырыпқа орай: Қарақат Әбден қазақ қызына НЕГЕ шүйлікті?

Алғашқылардың бірі болып алматылық белсенді Фариза Оспан кітапқа байланысты сын пікірін ашық айтқан. Одан әрі Ф.Оспан депутаттан өзі иелік ететін «Қазақ қызы» институтына жұмсалған қаржының есебін сұрады. Әлеуметтік желідегі сыннан кейін белсенді қызды белгісіз адамдар қорқыта бастаған.

Біз Қарақат Әбденге хабарласқанымызбен, жауап ала алмадық. Ал Фариза Оспанмен тілдесудің сәті түсті.

Ең алдымен кітапты оқып, автор жайлы ақпарат іздей бастадым. Кітаптың авторы депутат екенін әрі оның инабатты қыздарды тәрбиелейтін институтыны барын білдім. Кейін институтты кім қаржыландыратынын анықтадым. Биыл тек қыздарға арналған оқу орталығына 17 миллион теңге бөлінгені туралы ақпаратты таптым. Ақшаға зәру болып отырған түрлі орталықтар, қайырымдылық ұйымдары қаншама?! Осылайша Қарақат ханымның институты жайлы біраз ақпарат жинап, фейсбуктегі парақшама институтқа кеткен қыруар қаржы туралы жаздым.

Кітапты кімнің қаржысына шығарғаны белгісіз. Депутаттың айтуынша, ол өз ақшасына жазыпты-мыс. Мені қызықтырған нәрсе автордың кітабы емес, оның бастамасымен құрылған қыздар институты. 4 жылдың ішінде мемлекет бюджетінен 200 миллион теңге бөлініпті.  Қыруар ақшаның қайда жұмсалғанын білу үшін депутатты бетпе-бет кездесуге шақырдым. Одан бөлек, қояр сұрақтарым да жетерлік еді. Мәселен, кітаптың атауы – «Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет!». Біздің елде өзге де ұлт өкілдері тұрады. Сонда олар қазақ қызы болмағаны үшін ғана мақтана алмай ма? Бұл кітап әйелдердің құқығын шектейді. Белсенді феминист ретінде менің шамыма тиді.

Қарақат Әбденнің «Қазақ қызы» деген журналы бар. Оны да мемлекет қаржыландырады. Бағасы – 2000 теңге. Нұрсұлтан қаласының мектептеріне сатады. Арнайы білім орталықтарында, мектептерде журналды қалай сататынын жақсы білеміз. Осыған байланысты сұрақтарыма депутат жауап бермеді.

– Фейсбуктегі жазбадан соң  сізге әлдекімдер қоңырау шалып, қорқытқанын айттыңыз. Ол сіздің ескі танысыңыз болып шықты. Кім тапсырыс беруі мүмкін?

– Екі адам хабарласты. Біреуінің кім екенін айтпай-ақ қояйын. 10 желтоқсан күні кешке соңы екі нөлмен аяқталатын белгісіз нөмірден хабарласты. Бірден көңіліме күдік келді. Сондықтан сөзімізді жазып алдым. Бір қызығы, ол менің танысым болып шықты.  Оны көптен бері білемін. Біз 2016 жылы кездейсоқ танысқан едік. Мен оны даусынан таныдым. Ол «Тез арада жазбаларыңды өшіруің керек!» деді.  Неге қоңырау шалғанын, менің нөмірімді кімнен алғанын сұрай бастағанымда, ол «қоғам игілігі үшін жасалған мемлекеттік жобалар» туралы айта бастады. Мен оған қоғамның игілігі үшін кітапты тираждан алып тастау қажеттігін, ал жұмсалған қаражат үшін Қарақат есеп беруі керек екенін ескерттім. Жазбамды өшірмесем не болатынын сұрағанымда, ол маған «өшірмесең, сенімен басқаша сөйлесеміз» деді.

Мен ештеңені өшірмейтінімді қадап айттым.  Ол мұны «заң аясынан тыс шешетінін» айтып, қорқыта бастады. Бұл Қарақат Әбденнің тапсырмасы ма, білмеймін. Себебі, менде нақты айғақ жоқ. Әлгі жігіт те кімнің атынан хабарласқанын айтпады.

Әріптесім екеуміз оның нөмірін GetContact қосымшасы арқылы тексеріп көрдік. Оның нөмірін біраз адам «Президенттің күзет қызметі» деп сақтаған екен.

 – Бұдан кейін ол сізге тағы хабарласты ма?

– Жоқ, хабарласпады. Себебі, болған жағдайды дереу әлеуметтік желіге салдым. Мен үшін алаңдап, жазбамды таратқан желі қолданушылары көп. Жалғыз емеспін. Маған қолдау көрсететін жандар баршылық.

– Ескі танысыңыз Президенттің күзет қызметінде жұмыс істей ме?

– Ол жағы белгісіз. Президенттің күзет қызметінен хабарласып, кездесуге шақырды. Кездесуге әріптестеріммен бірге бардым. Күзет қызметкері жеке куәліктерімен қоса, қызмет куәлігін де көрсетті. Мен оған диктофондағы жазбаны тыңдаттым. Мені қорқытпақ болған жігіт президенттің күзет қызметінің атын жамылуы мүмкін екен.

«Біз мұны анықтаймыз. Егер күзет қызметінің атын жамылған болса, жазаланады», – деп сендірді.

–  Ұялы телефоныңыз неге ұзақ өшіп тұрды?

– Менің телефонымды біреулер бұғаттауға тырысқан көрінеді. Себебі, қуаты жеткілікті болса да, өзінен-өзі өшіп қала берді. Қасымда әріптесім болды. Үйге дейін аман-есен жеткізіп тастады. Мұның бәрі бекер емес. Телефонымды әдейі бұғаттады деп ойлаймын.

– Қарақат Әбден сізге хабарласты ма?

– Хабарласқан жоқ. Институтқа бөлінген қаражатты қайда жұмсағаны жөнінде есеп беруін әлі де талап етеміз. Журналы жайлы да айтсын. Ол институтта 5000 түлек оқиды деген. Егер осы рас болса, ол түлектері қайда? Қандай білім алды? Немен айналысып жүр? Осы жайлы да халыққа есеп берсін.

– Болған жағдайға байланысты  құзырлы органдарға арыз жаздыңыз ба?

– Прокуратураға барып, шағым жаздым. Әзірге жазбаны сіздерге тыңдата алмаймын. Себебі, оны көпшілікке жариялау заңға қайшы екен. Бірақ, жазбаны прокуратураға өткіздім. Жазба болмаса, олар менің арызымды алмайды. Бұдан әрі қалай боларын уақыт көрсетеді.

Тегтер: