26 Желтоқсан 11:27

«Дымқыл» іс

Фото:

Әл-Фараби атындағы Ұлттық Университет тесік бассейнге қалай 1,2 миллиард теңге жұмсады?

Өткен аптада «Время» газетінде және Nege.kz порталында әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте жаңадан салынуы тиіс болған нысандар туралы айтылды. ЖОО 2011-2012 жылдары жаңа екі жатақхана, медициналық орталық және инновациялық кластердің жобалау-сметалық құжатына тапсырыс берген. Ірі оқу орны осы мақсатқа 850 млн теңге шығындаған. Теңгенің сол кездегі бағамымен алсақ, бұл – алты миллион доллар.

Ең қызығы, одан бері жеті жыл өтсе де, бөлінген екі гектарға жуық жерде Қаз ҰУ-дың не 1500 орындық жатақханасы жоқ, не медициналық орталығы жоқ, не инновациялық кластері жоқ. Оқу орнының басшылығы соған қарамастан, мердігерлер үшін жобаны өткізу мерзімін сағызша соза берген. Осыдан кейін бұл мәселеге құқық қорғау органдарының назары ауыпты. Істі тексерумен бірде жемқорлықпен күрес органы, енді бірде арнайы прокуратура айналысқан. Нәтижесінде, мердігерлер «Invest VB» ЖШС, «Шернияз» УПК ЖШС  және «Шанс-АС» ЖШС-ға Ұлттық университет бөлген қаржы жалған кәсіпорындардың есепшотына түсіп, одан әрі қолма-қол ақшаға ауысқан. Жемқорлықпен күрес органының және прокуратураның қолында нақты дәлелдер бола тұра, не себепті тергеуді жеріне жеткізе алмағаны және ЖОО басшылығының кінәсі бар-жоғын анықтай алмағаны түсініксіз. Істің ақ-қарасы анықталғанша құрылыс туралы айтудың өзі артық.

Алайда, ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа тиесілі «еншісін» берген жөн. Өйткені ерте ме, кеш пе, өзі кеткенде артында ізі қалмақ. Ол – университеттің басты мақтанышы – Рио-де-Жанейро олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин атындағы 25 метрлік жабық бассейн. Спорт нысанына Баландиннің аты-жөні кездейсоқ берілді ме деген болжам бар. Бассейн ашылған кезде Баландин олимпиаданың алтын медалін жеңіп алды. Өзі осы университеттің түлегі. Міне, «құланның қасуына мылтықтың басуы» тура келген сыңайлы. Жүзуден олимпиада ойындарының алтынын алған жалғыз қазақстандыққа бассейннің атын берейік деп кейін кім айтар еді? Алайда, бұл нысанның қалай салынғанын көп ешкім білме бермейді, істің қиюы бір кеткен соң қиын екен.

Бассейннің тендері 2014 жарияланып, «Рама плюс» ЖШС конкурста жеңіп шыққан. Алғашқыда жобаның құны 650 миллион теңгеден сәл ғана асатын. Салушы жұмысқа кірісе бастағанда мемлекеттік сараптама өткізіліп.., нысанның құны екі есеге өсіп шыға келген! Осылайша жалпы сома 1,2 миллиард теңгеден асқан да, оны университет төлеуге мәжбүр болған.

Аса ірі көлемдегі қаржыға қатысты айла-амал Экономикалық зерттеу қызметінің назарын аударып, сот-құрылыс сараптамасы тағайындалған. Міне, осы тұста жұмыстың бір бөлігі атқарылмағаны, ЖОО 38,5 млн теңгені артық төлегені анықталды. Университетке бұл ақшаны мердігерден сот арқылы суырып алуға тура келіпті.

Бұдан бөлек, ЭЗҚ тергеушісі «Рама плюс» ЖШС-ның қосалқы мердігер ретінде қыр-сыры күмәнділеу екі компанияны – «Мак и Ком» ЖШС және «СтройПроектКонсалтинг» ЖШС-ны тартқаны белгілі болды. Екеуі де қолма-қол ақша жасаумен әшкереленген жалған фирмалар болып шыққан. Осыдан соң «Рама плюске» салық бойынша тексеру жүргізіліп, компанияға 32 млн теңге салық пен 7 млн теңге өсімпұл есептеп берген! «Рама плюс» сотта мұны терістеуге тырысқанымен, ештеңе өнбеді.

Маңызды нысандар құрылысы кезінде ұсақ-түйек кемшілік бола береді. Мәселен, серіктестен жаңылуы мүмкін ғой, бастысы – Баландин атындағы бассейн салынды. Студенттер әрлі-берлі жүзіп жүр, мәз-мейрам. Дегенмен бәрі біз ойлағандай емес екен.

Нысанды өткізгеннен кейін мердігер компания ҚазҰУ-ды сотқа беріп, шара қолдануды талап етті. Ғимараттың астына су кетіп жатқаны үшін! Су бассейннен емес, жақын маңда тұрған сауда және ойын-сауық орталығы Есентай Молл жақтан келіп жатқан көрінеді. «Рама плюс» ЖШС-ның дәлелдеуінше, елдегі ең қымбат орталықтан су үздіксіз ағып тұрады. Ол су бассейнге құйылып, ғимаратқа қауіп төндіре бастаған. Ғимарат қисайып, тіпті қирап қалуы мүмкін екен. Олай болмаған күнде де осындай уәж сотта айтылды.

«Рама плюс» ЖШС ағып тұрған суды тоқтатуды ҚазҰУ-дан талап етті. Яғни дренаждық жүйе жасау үшін жобалық шешім шығаруды міндеттеуді сұрады. Сот талап арызды қанағаттандырмады. Міне, осылайша аты дардай бассейн «дымқыл» орынға айналды. Бірақ Мұтанов қам жемесе де болады, бассейннің ашылуы есте қаларлықтай өтті. «Жолы болар жігіттің...» дегендей, ашылу қарсаңында Баландин олимпиада алтынын ұтып алды!

Айтпақшы, елдегі ең ірі оқу орнының басшылығы бассейннің салтанатты ашылуына қоса, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Триумфалды арканың да тұсаукесерімен мақтанған. Бұл шараға тіпті Алматының сол кездегі әкімі Бауыржан Байбектің өзі қатысты. ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов аркаға ақша жинап берген меценаттарға алғыс айтты.

Сол кезде оқу орны басшысының сөзін КазИнформ былай жазған: «ҚазҰУ-да арка тұрғызу идеясы қолдаудың және университеттің ерікті түлектері жиған қаржысының арқасында іске асты.

Триумфалды арка – мәні терең патриотизмнің, ел тәуелсіздігінің гүлденуі мен бекуінің айнасы. Ол Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығының, Алматының 1000 жылдығының және ҚазҰУ-дың халықаралық жетістіктерінің құрметіне тұрғызылды!»

«Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық Университеті түлектерінің асоциациясы» университетке мәні терең әдемілік сыйлау үшін ерікті түрде ақша жинады» деген әдемі естіледі, әрине. Мұнымен келісетін шығарсыз. Алайда ректор Мұтанов титімдей түйткіл барын ұмытып кетті. Триумфалды аркаға ақшаны түлектер емес, университет берді.

2016 жылдың 8 ақпанында заңды тұлғалар бірлестігі «Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық Университеті түлектерінің асоциациясы» атқарушы директоры К.Н.Балтабаева мен Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын «Әл-Фараби атындағы ұлттық университет» проректоры Б.Б.Қалжеков 57,5 миллион теңге займға Триумфалды арканың құрылысын жүргізу үшін келісімшартқа қол қойған! Яғни нысанды салу үшін университет ақшаны өзі төлеген. Ал кейін түлектер асоциациясы займды қайтару үшін... Триумфалды арканы университет балансына бере салған! Сонда меценаттардың ерікті түрде ақша жинағаны туралы жалынды сөздер не үшін керек болды екен? Нысанның ақшасын өздері төлегенін ашық айтса, ештеңе де болмас еді. Бауыржан Байбекті, басқа да қонақтарды алдаудың не қажеті бар еді?

Бір сөзбен айтқанда, соңғы 9-10 жылда ҚазҰУ көп нәрсемен мақтана алмайды. ЖОО жаңа деңгейге шыққан жоқ, соңғы жылдары университет дау-шардан арылмады: бірде плагиат, енді бірде құрылыс.

Құқық қорғау органдары қандай шешім шығарары белгісіз. Іске аспай қалған жетекші жобалар үшін компанияға 850 миллион теңге төлеген университет басшылары жауапқа тартыла ма? Қанша дегенмен, бұл – Ұлттық университет, ал қаржы – мемлекеттікі емес пе?

Михаил Козачков

Тегтер: