25 Желтоқсан 07:22

«Дикий Арман» ҰҚК-нің жобасы ма?

Фото:

Соңғы уақытта «Дикий Арман» – Арман Жұмагелдиев әлеуметтік желіде ерекше белсеніп жүр. Бұдан бір ай бұрын ол инстаграмдағы парақшасына қазақ қыздары мен жігіттері туралы және сатқындыққа қатысты видео жариялап желіні «жарса», кеше елге танымал айтыскер ақын Балғымбек Имашовқа өзіне ода айтқызып, отқа тағы май құйғандай болды.

Арман Жұмагелдиев деген кім? Өзі айтқандай, ұлттың ұяты мен намысы ма? Әлде қылмыс әлемінің серкесі ме? Бәлкім, әлдекімнің қолындағы жай ғана қолшоқпар шығар?

Nege.kz порталы «Дикий Арманның» өткеніне үңіліп, бүгініне тағы бір көз салып көрді.

Ең алғаш «Дикий Арманды» жұрт бұдан он бес жыл бұрын жақын таныды. 2005 жылдың көктемі. Президент сайлауы қарсаңы еді. Шымкенттегі «Турист» қонақүйінде «Әділетті Қазақстан үшін» оппозициялық қозғалысы жиын өткізіп жатқанда жиырма жастағы «Дикий Арман» бір топ жігітпен қонақ үйге басып кіріп, оппозиция жетекшілеріне шабуыл жасады. Мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының көмекшісі Ұлан Жұмановты сабап кетті.

 

Сол жолы Жұмагелдиев ұсталды. Ол түрмеден Дариға Назарбаеваға былай деп хат жазды: Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы! Мен Сізге түрмеден хат жазып отырмын. Президентті қолдау одағын құрғаныңызды естідім. Мен де сіздің әкеңіздің билікте ұзақ отырғанын қалаймын. Тек тәртіп болсын. Сізге тікелей шыққаным үшін кешірім сұраймын. Араша сұрар басқа ешкімім жоқ. Шымкенттегі оқиғадан соң түсініксіз жағдайға түстім. Мені әділетсіз соттағысы келеді. Ал мен еліміз үшін жапа шектім. Президентті қолдағым келді. Ағашкалармен келісім болған, мен оларға сендім. Олар мені сатып кетті...»    

«Дикийдің» хаты діттеген жеріне жетті ме, әлде «ағашкалары» ойланды ма, әйтеуір Шымкент қалалық соты оған шартты жаза кесті. Осы оқиғадан соң «Дикийдің» аты естілмей қалған.

2008 жылы Шымкентте атыс болып, Жұмагелдиевтің екі сыбайласы Стальмаков пен Черный өлді. «Дикийдің» өзі Қырғызстанға қашып кетті. Арада жарты жыл өткенде «Дикийдің» сыбайласы Анвар Үмбетов шымкенттік қылмыстық авторитет Әскер Ерубаевты туған бауырымен бірге тапа-тал түсте атып кетті. Кейін белгілі болғандай, Стальмаков пен Черныйды атқан осы Ерубаев екен. Ал Ерубаев «сыра королі» Тоқтар Төлешовтың сенімді адамы болған көрінеді.

 

2008 жылдың соңында Арман Жұмагелдиев Алматыда қолға түсті. Орталық мешіттің жанында ұсталған «Дикийдің қалтасынан оқ пен есірткі табылды. Сол кезде ІІМ Қылмыстық полиция комитеті төрағасының орынбасары Бекет Аймағамбетов «Время» газетіне сұхбат беріп, «Құқық қорғау органдарында Арманның күшті «крышасы» бар деген рас па?» деген сұрағына былай деп жауап берген: «Бос сөз! Ол қазір тергеуде отыр. Сот шешімімен түрмеге отырады деп сенімді түрде айта аламын».

ІІМ Қылмыстық полиция комитетінің сол тұстағы басшысы Арманбек Баймұрзин «Дикий Арманның» қылмыстық тобы талқандалғанын айтып, сыбайластары ұсталғанын мақтанышпен мәлімдеген.

Арман Жұмагелдиев түрмеде үш жыл отырды. 2010 жылы Ақмоладағы ЕЦ-166/25 түрмесінде сотталушылар бас көтерді. Тәртіпке бағынбағандар аяусыз жаншылды. Оқ атылды, адам шығыны болды. Осы тұста тағы «Дикий Арманның» аты-жөні жылт етті.

 

Осыдан кейін жұрт «Дикийді» қайтадан ұмыта бастаған. Ол да «бетегеден биік, жусаннан аласа» жүрсе керек, аты шыға қоймады. Оның қайтадан белсенгені жақында ғана.

Екі күн бұрын ережесіз жекпе-жектен Түркияда өткен турнирде елге белгілі айтыскер ақын Балғымбек Имашов октагонда ода төгіп, белбеу тағынды. «...Бодан болып арманы өлген қазағымның
Арманын тірілтті ғой Арман Батыр» деп «Дикий Арманға» өлең арнады.

Кейбір деректерге қарағанда, Арман Жұмагелдиев қазір Түркияда тұрады. Әлеуметтік желіде ол қылмыс әлемінің серкелерімен бірге түскен суретін ашық жариялап жүр. Егер ол Интерпол арқылы іздеуде болса, әлдеқашан ұсталар еді. Яғни Қазақстанның құқық қорғау органдары Интерполға сұрау салмаған. Егер «Дикийдің» қылмыстық авторитет екені рас болса, оны неге іздемейді?

 

Арман Жұмагелдиев 2005 жылғы оқиғадан кейін «ағашкалары» туралы айтқанын еске алыңыз. Арманның «ағашкалары» кімдер? Ресейлік CrimeTime каналы түсірген фильмде Арман Жұмагелдиевтің Қазақстанның арнайы қызметіне жұмыс істейтіні сөз болады. Саяси науқандар жақындағанда «Дикийдің» бұрынғыша белсеніп шыққаны да түрлі ойға жетелейді. Бір кездері «Дикий» тірескен Тоқтар Төлешов пен Адыл Қытайдың қазір қайда екенін ескеріңіз. Сонда «Дикий Арманды» ҰҚК-нің жобасы деуге бола ма?..

Nege.kz  

Тегтер: