22 Қаңтар 07:18

Даяшыдан дөй бастыққа дейін...

Фото:

Әлеуметтік желіде Айдын Қазыбеков есімді азамат Facebook парақшасында қызық дерек жариялады. Ол ҚР Президенті іс басқарушысының орынбасары Ерлан Сапарұлы Оразбайдың өмірбаянын жария етті.

Өткен жылдың 26 желтоқсанында Ерлан Оразбай Мемлекет басшысының жарлығымен Президент іс басқарушысының орынбасары болып тағайындалды. Жалпы, іс басқарушы деген кім? Немен айналысады? Іс басқарушы – мемлекет басшысының жүрген-тұрғанынан бастап ішкен-жегеніне дейін жауапты тұлға. Іс басқарушылар қолды-аяққа тұрмайтын пысық, жұғымды келеді. Ой мен қырға бірдей талмай шабуы да шарт. Бұған дейінгі шаруашылыққа жауаптылардың момынын көргеміз жоқ.

Президенттің қазіргі іс басқарушысы Ерлан Баттақовтың пысық жігіт екеніне күмәнданбаймыз. Пысық болмаса, іс басқармайтын еді ғой. Қарағанды политехникалық институтын құрылыс бұйымдарын өндіру мамандығы бойынша бітірген Баттақов біршама қызметтердің басын шалған. Өзі де бір кездері орынбасар болған. Президенттің іс басқарушы болып өткен жылдың наурыз айында ғана тағайындалған. Баттақовтың төрт бірдей орынбасары бар. Сөз етпегіміз, сол төртеудің бірі Ерлан Оразбай турасында...

Е.Оразбайдың Президенттің іс басқармасының ресми сайтында жарияланған өмірбаянына көз салып көріңіз.

1979 жылы Ташкент облысының Шыршық қаласында туған Е.Оразбай 2011 жылы 32 жасында «Тұран Астана» университетін, 2016 жылы Қазақ технология және бизнес университетін экономика және бизнес магистрі мамандығы бойынша бітіріпті.

Еңбек жолын ҚР Президенті іс басқармасының «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» РМК «Салтанат Сарайы» қабылдау үйінің даяшысы болып бастаған.

2004-2005 жылдары ҚР Президенті іс басқармасының «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» РМК №1 асханасының даяшысы болып жұмыс істеген.

2005-2012 жылдары ҚР Президенті іс басқармасының «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» РМК «Ақорда» резиденциясындағы асхананың даяшысы. Даяшылық осымен бітті десеңіз, қателесесіз.

2012-2013 жылдары ҚР Президенті іс басқармасының «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» РМК №1 асханасының мертдотелі, «Қараөткел» РМК «Қызылжар» резиденциясының метрдотелі.

Осы тұста бір түсініктеме керек сияқты. Метрдотель деген кім? Ол – бас даяшы. Яғни, даяшылардың бастығы. Әрі қарай кеттік.

2013-2017 жылдары Е.Оразбай «Қараөткел» РМК директоры, 2017-2019 жылдары ҚР Президенті іс басқармасының «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» РМК директорының орынбасары болды.

Ал 2019 жылдың 26 желтоқсанында ҚР Президентің іс басқарушысының орынбасары болып тағайындалды.

Міне, көрдіңіз бе, Ерлан Оразбай сияқты даяшы болып жүріп, дөй бастыққа дейін өскен шенді кемде-кем. Е.Оразбайдың да пысық әрі жұғымды жігіт екеніне еш күмән жоқ. Бас асханадан ас ішетіндерге жұғымды болмаса, оны кім өсіретін еді? Тек көкейде тұрған бір ғана заңды сұрағымыз бар.

Өмірбаянында Е.Оразбайдың университетті 2011 жылы бітіргені жазылған. Екінші дипломын 2016 жылы алған. Сонда оған дейін Е.Оразбайдың жоғарғы білімі болмаған ба? Әй, бірақ, даяшыға дипломның не қажеті бар?..

Тегтер: